Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Қаланың электр шамдары жарқырап тұр. Кең көшені көлігімен кезіп ызғытып келе жатқан Қапаш қалың ойдың құшағында еді. Кенет жол тосып тұрған бейтаныс қызды байқап қалды. Бірден тежегішті басып қыздың қасына келіп тоқтады.
Әдемі қыз даусы:
- Абай мен Құрманғазы көшесіне апарып саласыз ба? Қаншаға апарасыз?-деп қиылып сұрады.
Қапаш та қаперімде не айтарын білмей қыздың жүзіне тіктеп қадалып қарап қалыпты.
Екі арадағы үнсіздікті қыз бұзып:
- Барасыз ба, бармайсыз ба, -деді қиылып.
Есінен адаса жаздаған Қапаш:
- А, иә, жеткізіп салайын, бергеніңізді аламын ғой, - деді өңі қызарып.
Көлікке кірген қыздың үстінен әдемі әтір иісі мұрынды жарып жіберді. Қапаштың бойы балқып кетті. Неткен сұлулық! Қыздың жүзі де сұлу екен. Беліне түскен шашын жиып алып алдына тастап қойды. Қолына ұялы телефонын алып әлдекімдерге хабарламалар жазып жатыр.
Қадалып отырып қалған Қапашқа:
- Кешіріңіз, біз біреуді күтіп тұрмыз ба?- деп жымиды қыз.
- А, жо-жоқ, жәй ойланып кетіппін, - деген Қапаш көлігін жүргізіп ызғытып ала жөнелді.
Жол үстінде әуелі әңгімені қыз бастады.
- Көп сөйлемейді екенсіз. Әншейінде таксистер көп сөйлегіш келуші еді. Айтпақшы, маған таксист керек еді. Азанда жұмысыма апарып, кешкісін алып қайтса ақысына келісер едік, -деп өзін көптен бері мазалап жүрген жеке мәселесін сөз етті.
Қапаш та не айтарын білмей аузына сөз түссеші. Бар қолынан келгені басын изеп қыздың әр сөзін қоштап қолдаудан басқа амалы қалмады.
Бір кезде:
- Сіз, қалай қарайсыз? Өзім есепші болып қызмет істеймін. Табысым жаман емес. Тек, сіз секілді артық сөйлемейтін, әрі, ер азаматқа тұрарлық мінезі бар дұрыс таксист болса болғаны, -деп қыз ағынан жарылды.
Қапашқа да керегі осы еді. Өйткені, бара жатқан жерге жеткен соң қызды жіберіп алса мәңгі айрылатындай күй күтіп тұрғанын жақсы сезінді.
- Иә, болады, әрине,-деп басын изеді.
- Ақысын сұрамадыңыз ғой, бес мың теңге болады ма? - деп қыз тағы да қиылып көз жанарын қарама-қарсы тұрған айнаға тіке қарады.
Айнадан қыздың жүзі ап анық көрініп тұрды. Әрбір дем тыныс алуы жағып барады.
- Әрине болады, дегенмен көп ақы ұсынып тұрған сияқтысыз, - деп Қапаш та ұяң мінез танытты.
Қыз бұған қапа болған жоқ, қайта жүргізушінің разылығын алса сол да жеткілікті екенін айтып түсіндірді.
Қызды жеткізіп қайтқан соң Қапашта басқаша сезім пайда болды. Бұл не? Махаббат па? Жоқ әлде ғашықтық сезім оянып, шын ғашық болып қалды ма? Өмірінде мұндай сезімді басынан бірде-бір рет кешіп көрмеген Қапаш демде өзгерді. Үстіндегі костюм шалбарын шешіп тастап спорт киімін киінді. Басына көк кепкасын киіп нағыз таксист болып шыға келді. Қолындағы қыз қалдырып кеткен телефон номерімен, «Әсел» атты қыз есіміне сан мәрте үңіліп қарайды. Сөйтіп ертесі күнгі кездесетін күнді тағатсыздана күтті.
Сонымен Қапаш Әселді күніне жұмысына апарып алып келіп жүрді. Екеуінің жол бойы әңгімелері жарасып Қапаштың да көңілі шарықтап, ашылып әңгіме айтатын халге жетті. Былайынша Қапаш жаман жігіт емес-ті. Сол мінезінің тұйықтығынан жасы келсе де сүрбойдақ болып жүргені болмаса. Оның үстіне оқу деп жүріп қалғаны тағы бар ғой. Әселге кездескелі бері бұл бұрынғы Қапаш емес. Мүлде өзгерген. Әйтеуір, Әселі қасында болса болды, басқа бақыт жоқ сияқты көрінеді. Мұны Әселде сезіп жүрді. Бірақ, Қапаштың аузынан махаббат туралы бір ауыз сөз шықпайтын.
Осындай қылығы ұнаса керек Әселде Қапашқа өлердей ғашықтық сезім оянды. Екеуі де бір-біріне ғашық болғанмен «ғашықтық тіл, тілсіз тіл» дегендей екеуі де сезім туралы сөйлесуге бір-бірінен қысылады. Бірақ, бұл әйтеуір бір күні айтылуға тиіс қой.
Ақырында бірде күндегі таксистік қызметін атқарып келе жатқанда әуелі сөзді Қапаш бастады.
- Әсел, сен ренжімеші, сен жас болсаңда мен сені ұнатып қалған сияқтымын,-деп мұрнының астынан міңгірлеп сөйледі.
Көзіне келіп қалған ыстық тамшы жасты алақанымен ысырған Әсел,
- Білемін, білемін, ары қарай айтпай-ақ қойыңыз,- деп Қапаштың шашынан сипалап тұрды да құшақтап алды. Ерінге-ерін тиген кезде нағыз махаббаттың оты лапылдап жанып жалыны аспанға атты.
Ертесі күні тағы да Әселді жұмысына апара жатқан кез болатын:
- Қапаш жаным, жол бойы неге адам алмайсың? Енді бұдан былай адам ала берші. Нәпақың ғой. Мен рұқсат еттім, - деп еркелеп құшаққа кірген Әсел жанашырлық танытты.
- Сіз айтсаңыз болды ғой, бұл үлкен сауапті іс болып табылады,- деп Қапашта ызғытып келіп бір қыздың қасына тоқтай қалды.
Терезеден үңілген қыз:
- Ой, Қапаш Мұратұлы, сіз бе, едіңіз? Жұмысқа бара жатырсыз ба? Менің көлігім бұзылып қалып еді. Соған такси тоқтатып тұрған жағдайым осы. Айтпақшы, кешегі берген тапсырмаңызды әр бөлімшенің директорларына міндеттеп қойдым. Сіздің бұйрығыңыз, қолыңыз қойылған құжат көшірмесін бір-бірден қолдарына ұстаттым. Тек, енді келісім-шартқа алаңсыз қол қоя берсеңіз болады, - деп көлікке кіріп жайғасып отырды.
Күліп жіберген Қапаш:
- Әсел жаным, танысып қой, бұл қыз біздің компаниямыздың бас есепшісі Динара Бакирова ханым болады, - деді.
- Қапаш Мұратұлы, сізде сол компанияның қожайыны екеніңізді бәлкім Әсел ханымға айтпаған боларсыз,- деді күліп.
Ғашықтық сезімге бой алдырып бақыт құшағында отырған Әсел, Қапашқа сүйсіне қарап, мұны одан бетер жақсы көріп «мен бақыттымын» деп айқай салғысы келді.
Жанболат Сәрсенбай