Мемлекет басшысы жемқорлықты қалай жою керектігін хабарлады

Oinet.kz 20-05-2019 28989

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде жиын өтті, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

1.jpg

Мемлекет басшысы Қазақстанда жемқорлықтың дендеп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, оның қоғамға қауіпті дерт екенін айтты.

"Жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен 2 мыңнан астам жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркеледі. Мыңнан аса адам жауапқа тартылады. Бұл – батпандап кіріп, мысқылдап шығатын кесел. Осы ауруды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүмкін, – деді Қазақстан президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықтың тамырына балта шаппаса, ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан келтіретінін айтып, бұл дертпен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып күресуге шақырды.

Қазақстан президенті биліктің жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының жеті негізгі шарасын атап өтті.

Бірінші – азаматтардың құқығын қорғау

"Мен Конституцияға сәйкес ұлтына, дініне, мүлік жағдайына қарамастан барлық азаматтар тең деген ережені басшылыққа аламын. Ешкім де заңнан биік емес. Қол астындағы қызметкерлердің жемқорлыққа қатысы болса, орталықта да, өңірлерде де бірінші басшылар тікелей жауап береді. Сондықтан, кешенді алдын алу шараларын қолға алу қажет", – деді мемлекет басшысы.

Екінші - мемлекет пен азаматтық қоғамның әріптестігі

Қасым-Жомарт Тоқаев екінші шара ретінде мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының конструктивті әріптестігін деп атап, жемқорлықпен күресте күштік шаралар аздық ететін айтты.

"Қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қалыптасуы шарт. Барлық мемлекеттік органдар осы бағытта жұмыс істеу керек. Әділет министрлігіне көпшіліктің жемқорлыққа қатысты құқықтық сауатын арттыру жұмыстарын күшейтуді тапсырамын. Білім және ғылым министрлігі де балаларды ерте жастан жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздеріне баулуды қол алған жөн", – деді президент.

Үшінші – қоғамдық бақылауды күшейту

"Парламенттің, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді қатысуы негізінде мемлекеттік шешімдердің әділдігін қамтамасыз ету керек. Жер учаскелерін беру, балабақшадан кезек алу сияқты мәселелердің бәрі де қоғамдық бақылау негізінде жүзеге асуы шарт. Бізде мұндай жұмыстар үшін құқықтық механизмдер бар. Әрбір мемлекеттік органда қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Алайда, іс жүзінде олардың жұмысы көңіл көншітпей отыр. Азаматтық қоғаммен жұмыстағы тәсілдерді түбегейлі өзгерту қажет. Мемлекеттік аппараттың жұмысын азаматтардың талабына сай бағыттау керек", – деді мемлекет басшысы.

Төртінші – бюджеттік саясаттың ашықтығы

"Бюджеттік процестің кезеңдері яғни, құрылудан бастап жүзеге асуға дейінгі аралықтың барлығы ашық болуы керек. Азаматтар қажет етпейтін тауарлар алынып, ғимараттар салынып жататын мысалдар аз емес. Тиімсіз "имидждік" жобалар мен бағдарламалардан бас тарту қажет. Даңғойлық пен ысырапшылдыққа жол берген шенеуніктер қатаң жазалануы керек. Халықтың қаржысы тиімсіз жұмсалса, құқық бұзушылыққа жол берілсе, оның жазасы ауыр болады. Мемлекеттік органдар жанындағы ұйымдар мен ұлттық компаниялар да қоғам бақылауында ашық әрі түсінікті болуы керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бесінші - өңірлерді жемқорлыққа қарсы жұмылдыру

Қазақстан президенті бесінші кезекте жемқорлыққа қарсы саясатта өңірлердің рөлін күшейту қажеттігін атап өтті.

"Әкімдерге айтарым, жемқорлықты түбегейлі жою сіздердің жұмыстарыңыздың негізгі көрсеткішінің бірі болады. Оған сіздер тікелей жауаптысыздар. Әрбір елді мекеннің өз бюджеті байланысты төртінші деңгейлі бюджетті құруды аяқтау туралы міндет қоямын. Менің президент ретіндегі ұстанымым бюджет шығындарын жоспарлауға, әсіресе өңірлерде халықтың өкілдерін қатыстыру керек. Бұдан ел экономикасы дамып, тиісінше, халықтың әл-ауқаты артады", – деді мемлекет басшысы.

Алтыншы – мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру

"Мемлекеттік аппарат қызмет көрсету барысында тұтынушыларға бейімделу қажет. Тұрмыстық жемқорлықты жоюдың бірден бір көзі – мемлекеттік қызмет көрсетуді электронды нұсқаға көшіру. Бұл жерде шешімін таппаған мәселелер бар. Бүгінде мәліметтер базасының 33 пайызы ғана интеграцияланған. Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осы жұмысты сапалы әрі уақтылы аяқтауы қажет. Электронды үкіметті дамыту аясында азаматтардың көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді мобильді нұсқада алуы үшін жаппай оқыту жұмыстарын дамыту біздің басымдығымыз саналады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жетінші - бизнеске қысымды төмендету

Мемлекет басшысы айтқандай, жетінші міндет – мемлекеттік сатып алу жүйелерін жетілдіріп, бизнеске әкімшілік қысымды төмендету.

"Бүгінде 25 мың ұйым мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асырады. Бұл жемқорлыққа қарсы бақылауды қиындатады. Осыған байланысты, мемлекеттік сатып алуларды орталықтандырып, әлеуметтік саладағы бюджеттік мекеме басшыларын бұл міндеттерден босату керек. Колледждер мен мектеп директорына дейін мемлекеттік сатып алуға қатысы бар. Орталық мемлекеттік органдарда саяси қызметшілерді мемлекеттік сатып алуларға араластырмайтын механизмдер әзірлеуді тапсырамын. Сонымен қатар мемлекеттік функцияларды бәсекелік ортаға беру керек. Бұл туралы жиі айтылса да, 5 функция ғана жеке секторға берілген. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа және Ұлттық экономика министріне тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырамын. Оның нәтижелерін маған 1 айдың ішінде баяндаңыздар", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын соңында президент жемқорлық бойынша қол астындағы қызметкерлердің қылмыстық әрекеттері үшін бірінші басшылардың жауапты болатынын тағы бір мәрте қадап айтты.

"Егер біз жемқорлықты түбегейлі жоюды міндет етіп алсақ, меніңше, мемлекеттік орган басшылары мұндай жағдайда отставкаға кетуі керек. Олардың отставкаға кетуін қабылдауды немесе қабылдамауды мемлекет басшысы шешеді. Бірақ жұмыстан босату туралы арыз жазуы міндетті шара болуы керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үкімет пен президент әкімшілігіне осы жиында көтерілген мәселелерді шешу үшін енгізілген ұсыныстар негізінде жұмыс істеу тапсырылды.

Тазы арқылы туризмді дамытуға болады
93 жастағы майдангердің мұңын тыңдар кім бар?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу