93 жастағы майдангердің мұңын тыңдар кім бар?

Oinet.kz 21-04-2019 1223

Screenshot_6.jpg

 93 жастағы майдангер талап-тілегін алға тартып уақтысында Елбасыға, Президент әкімшілігінің жетекшісі Н.Нығматуллинге, Ішкі істер министрі Қ.Қасымовқа, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан облыстарының әкімдеріне, Парламент депутаттарына, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбекке хат жазған екен. Бірақ бұлардың бірде-біреуі майдангердің өтінішін қанағаттандырмаған, тым құрыса құлақ асып жатқан да ешкім көрінбейді. «Күте тұрыңыз» деген сыдырма жауаппен шығарып сала берген. 

Жасы тоқсанның үшеуіне келген майдангер қанша уақытқа дейін күте алады дейсің.

Тоқсан үшке  келді дегеніңізбен Әбу қария әлі тың.  100 шақырымдық Қапланбек елді мекенінен  (Сарыағаш ауданы)  Шымкентке қоғамдық көлікпен өзі келіп-кете береді. «Рейтинг» газетінің редакциясына да өз аяғымен келді. Қасында асты-үстіне түсіп бәйек болған апамыз да бар. Щымкенттегі соншама қаптаған ақпарат құралдарының арасынан «Рейтингтің» редакциясын іздеп келуге таңдау жасағанына кәдімгідей қуанып қалдық. Қарияның көкірегі ояу, жас кезінде жадына түйген дүниелерін әлі ұмытпаған. «Кәмпеске, ашаршылық, бәрі-бәрі күні бүгінгідей көз алдымда» дейді ақсақал. 

--Әкем Полатбек екеуіміз колхоздың қойын бақтық. Кәмпескеден кейін өкімет барлық малды, дәнді тартып алды. 1930 жылы жан сақтау үшін Өзбекстанға қоныс аудардық. Содан елге 1934 жылы тоқшылық орнаған соң оралғанбыз. Жетінші сыныпты қазіргі Төле би ауданындағы Алғабас мектебінде бітірдім. Бұдан кейін Шымкенттегі Сталин атындағы педучилищеге түстім. Соғысқа 1942 жылы, сержанттарды даярлайтын училищені аяқтаған соң аттандым,--деді қария. 

Соғысқа Воронеж түбінде араласқан жас жауынгер алдыңғы шепке, ажал себелеген нағыз оқ пен оттың ортасына жіберіліпті. Талай мәрте немістің шебіне өтіп, тіл алып келіпті. Бір жолы осындай тапсырмаға 10 солдат болып аттанып, бір серігімен ғана қайтып оралған. 1943 жылдың 29 шілдесінде жау бекінген нысанды алуға қатысыпты. Жаңбырша себелеп тұрған ажал оғынан аман өтіп, немістің қорғаныс нүктесіне 2 граната тастаған. Осылайша қарулас достарының алға жылжуын қамтамасыз еткен Әбу ақсақал осы ұрыста жеті фашисттің көзін жойып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталыпты. Ұрыста аяғынан жараланған Әбу Полатбековты қарулас серіктері 5-6 шақырым жердегі санитар көлігіне алып барған екен. Санитарлар жарақаты ауыр болғандықтан оны пойызға салып, Тамбов қаласына жөнелтеді. Жолда жаралылар тиелген вагонды жау ұшақтары бомбаның астына алған. 6 вагонның үшеуіне бомба дәл тиіп, жаралылармен бірге күл талқаны шығыпты... 

Сұрапыл соғыстың қиындығы мұнымен таусылмайды. Жарақаты сауыға бастаған кезде Омбыдағы танк шығаратын зауытта жұмыс істеген. 1944 жылы өз еркімен майданға сұранып, қарулас серіктеріне Варшава түбінде қосылыпты. Жеңісті 1945 жылы Берлин түбінде қарсы алған. «Қырық жыл қырғын болса да ажалсыз өлмейді» деген сөз тегінде рас. Айналадан ажал анталап тұрған сол кезеңдерден Әбу ақсақал аман өтіпті. Татар дәмі, көрер жарығы бар екен. Елге 1947 жылы оралған соң  Ташкенттегі милиция мектебін бітіріп, еңбек жолын Шымкент қаласында шұғыл уәкіл болып бастаған. Бұдан кейін мемлекеттік автоинспектор болып бірнеше ауданда істеген. Ауданаралық тіркеу-емтихан бөлімдерін басқарған. 1979 жылы подполковник шенінде зейнеткерлікке шыққан. Сарыағаш ауданының құрметті азаматы, ішкі істер органдарының құрметті ардагері. Жеті ұлдан  22 немере, 5 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отыр. Әбу ақсақалға тыным бермей жүрген осы ұрпағының, дәлірегі немересі Алмастың жайы. 

-- Немерем Алмасты 3 айлық кезiнен өзiм асырап бағып, тәрбиеледiм. 1989 жылы туылған. Соттың шешiмiмен немеремнiң асыраушысы деп танылғанмын. Әке-шешесi жоқ. Өзiм қан майданда Отан үшiн от кештiм. Немеремдi де сондай өршiл патриоттық рухта тәр­бие­леп ержеткiздiм. Осынау 93 жасыма дейiн қолдан келген қамқорлықтың бәрiн жасадым. 2000 жылы 4-сыныпты бiтiрген соң әрi қарай Астанадағы генерал С.Нұрмағамбетов атындағы республикалық “Жас ұлан” мектебiнде оқып, оны 2007 жылы бiтiрiп шықты. Содан берi Қарулы күштер қатарында қызмет етуде. Қазiр Қарағанды қалалық патрульдiқ полиция полкiнде жұмыс iстейдi. Немерем Алмастың тағдырына соңғы кездерi айрықша алаңдай бас­тадым. Отау құратын жасқа жеттi. Бiрақ алдымен бас сауғалайтын баспана мәселесi шешiлмей жатқандықтан, оны үйлендiруге, шаңырақ көтертуге әзiрге шарасызбыз. Немеремнiң баспанаға деген мұқтаждығын алға тартып, бұған дейiн көптеген басшыларға өтiнiш жолдаған болатынмын. Өтінішімді газеттерге де жарияладым.  Алайда оған құлақ асқан ешкiм жоқ. Берген жауаптары бір сарындас. «Тұрғын үй кезегіне тіркелген, баспана осы кезек бойынша беріледі» дейді.  Басқа жауап, мәселені шешуге деген ұмтылыс байқалмайды,--дейді қарт майдангер қамыға сөйлеп. 

Иә, күннен-күнге азайып бара жатқан майдангерлер, ұрпақ үшін қан төккен ардагерлер қашанға дейін жүрер дейсіз? Қашанға дейін ақылын, өтінішін айтар дейсіз? Осыны жоғарыда түсінетін басшы бар ма? Тым құрыса Ұлы жеңістің 70 жылдығында облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастап, оны демеуші болуға келісетін жомарт жүректі жігіттер қолдап оңүстікқазақстандық 93 жасар майдангердің мұқтаждығы, арман-тілегі орындалып жатса кәнекей! 

Мұрағаттан: 26.02.2015


Мемлекет басшысы жемқорлықты қалай жою керектігін хабарлады
Телеарналарда хайп бағдарламалар неге көбейді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу