Үнді телесериалының «синдромы» көрерменді несімен баурап алды?
Бірнеше жылдан бері үнді сериалдары қазақстандықтардың өмірінде маңызды рольді ойнай бастады. Қазекемнің бос уақыты көп қой, шіркін, әуелгіде латын елдерінің телехикаяларын, кейін корей, орыс, түрік, енді міне, үнді сериалдарының түгін қалдырмай тамашалап келе жатыр. Сериал көру бүгінде құдды бір жауапкершілігі жоғары жұмысқа айналғандай. Жұмыс орныңдағы ісі алға баспай жатқанына қаймықпайтын қазақ телехикаясының бір сериясын жіберіп алғанына өкінетінді шығарды. Өкінетіні былай тұрсын, кәдімгідей жаны ауырады.
Бір жағынан бұған ішің ашиды. Әр серияның ұзақтығы орта есеппен 40 минутты құраса, ал әдетте үнді хикаясы кемі 240 серияға созылатынын ескерсек, өміріңіздің 140 сағатын «жалмап» алады екен. Ал 4-5 маусым бойы түсіріліп, бас-аяғы 1200-1300 сериядан құралатын тележобаларды қарап шығуға өміріңіздің тұп-тура бір айын арнайды екенсіз. Шіркін, зая кеткен есіл уақыт-ай! Имам Бухариден жеткен хадисте: Адамдардың көбісі қолдан жіберіп алған екі нығмет бар: бірі денсаулық, екіншісі бос уақыт» деп бекер айтылмаса керек. Сол сериал көруден мүйіз шықса, биіктігі бес қабатты зәулім үйден де асып кетер еді. Бірақ... үнді сериалдарының фанаттары бұған құлақ асар емес.
Бүгінде бүкіл шаруасын жиыстырып, кешкі уақытта теледидарға телміре қалатын қандастарымыз көп. Әр сериалдың өз фанаттары бар. «Қазақстан» телеарнасында екі жылдан бері көрсетіліп келе жатқан «Келін» хикаясы өз алдына бір әлем. «Астана-ТВ»-дағы «Қыз ғұмыры» мен оның басты кейіпкері - Ички халықтық брендке айналса, «31-арнаның» басты жұлдызы - «Уәде беремін» сериалындағы Бани. КТК арнасы біраздан бері «Махаббат мұңы» сериалын көрерменді тартудағы басы көзірлерінің бірі ретінде пайдаланып келеді.
Үнді сериалдарының не құпия-сыры барын қайдам, әйтеуір, оның фанаттарының қатарында күні бойы қолы бос қатын-қалаш қана емес, әжептеуір қызметте жүрген басшылардың да бары таңқалдырады. Тіпті базбір әкімдер, басқарма басшылары мен депутаттардың үйіне келген қонақтарын күттіріп қойып, демін ішіне алған бойы телехикаяға телміре қалатынын естідік. (Президенттің Жолдауын дәл осылай ынта-шынтасымен тамашаласа ғой, шіркін!). Шенеуніктер әсіресе Банидың тағдырына қатты алаңдайды екен. Қысқасы, үнді сериалдары нағыз үнді шайы секілді сұранысқа ие болып тұр.
Болливуд-Толливуд-Колливуд
Индия - кино индустриясының орталығы екенін еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін біледі. Кинокөрермендер бүкіл үнді киносын бір сөзбен Болливуд деп атайды. Яғни, бұл Америкадағы әйгілі Голливудтың үнді нұсқасы іспетті. Алайда, Индияның кино индустриясын тек Болливудпен шектеуге болмайды. Болливуд деп Мумбаи қаласында негізінен хинди тілінде түсірілетін киноларды айтады. Соңғы жылдарда Үндістанның оңтүстігі оза бастады. Толливуд (телуга тіліндегі фильмдер) пен Колливуд (тамиль тілінде) атақты Болливудты кейінгі орынға ысырып келеді. Мәселен, 2013 жылы Үнді елінде мыңнан астам кино түсірілсе, олардың 292-сі Колливудта, 280-і Толливудта түсіріліп, тек 255 фильм Болливудтқа тиесілі.
Үнді фильмдерін тамашалайтын негізгі аудитория - осы елдегі миллиондаған кедей адамдар болғандықтан, барлық дерлік кинотуындылардың сценарийі бірізді бағытта өрбиді: төменгі әлеуметтік таптан шыққан қарапайым адам әділетсіздік пен зұлымдыққа қарсы күресіп, түбінде жеңіп шығады. Әлбетте, бұған көптеген музыка мен бидің түр-түрі, ұлттық киімдер қосылып, нәтижесінде тек үнді фильмдеріне тән атмосфера жасалады. Үнді режиссерларының тағы бір қағидасы - киноға сән әлемінде табысқа жеткен сұлу қыздарды көптеп тарту. Айталық, әр жылдарда әлем аруы атағын иеленген Айшвария Рай, Лара датта, Приянка Чопра секілді модельдер, сонымен қатар жергілікті байқауларда топ жарған сұлулар ертелі-кеш киноға келетіні заңдылыққа айналды.
Алғашқы қарлығаш
Соңғы жылдарда үнді телесериалдары да кинонарықта үлкен табыстарға жете бастады. Индияда телехикаялар бұрын да түсірілгенімен, олар аса үлкен сұранысқа ие бола алмады. Халықаралық деңгейде үнді телехикаяларының жұлдызы 2001 жылдардың басында жанды. Шетелді мойындатқан сериал - «Екі жұлдыз» (Dishayen) атты 261 сериялық теленовелла болатын. Алғашқы 100 серияның түсірілімі аяқталған соң миллиондаған көрермен хикаяның жалғасын талап ете бастады. Бұдан соң сериалдың екінші маусымын көрсету құқығына Индияның бірнеше телекомпаниясы таласты. «Екі жұлдыз» үнді телеарналарында бірнеше рет көрсетілген соң, Қытай мен Венгрия, одан соң ТМД елдері сатып алды. Жалпы алғанда, бұл телехикаяны әлемде 2 миллиардтан астам көрермен тамашалапты. Осыдан соң үнді телесериалдарының экспорты кең өріс алды.
Бұл күндері талай көрермен сүйікті сериалын телеарнадан ғана емес, интернет арқылы да көретінді шығарды. Кейіпкерлердің тағдыры не болатынына алаңдап, шыдамы таусылғандар онлайн-режимде телехикаяны түгел көріп шығуды әдетке айналдырды. Тағы да қайталап өтеміз, үнді сериалын көру үшін үнді киносының нағыз фанаты болуыңыз керек. Олай болмаған жағдайда телехикаялар «дені сау» адамның жүйкесін жұқартады. Үнді сериалдарын жақсы көретіндер қанша көп болса, сынайтындар да аз емес. «Бір адамды жүз реттен айналдырып көрсете береді», «сериалдар тым созылып кеткен», «бір минуттық диалогты екі сағат бойы езіп тұрып алады» деген сыңайдағы сыни пікірлер интернетті қаптап жүр. Алайда, бұдан үнді сериалдары жанкүйерлерінің армиясы азаяр емес...
Мұрағаттан: 15.01.2015