Түрмеде ауызынан ет үзілмеген қазақ жазушысы
35 жылы түрмеде, 10 жылы мырзақамақта, жалпы 45 жылы қапаста өткен қазақтың қайсар жазушысы Қажығұмар Шабданұлын білмейтін қазақ аз. Қажығұмар Шабданұлын 1958 жылы "ұлтшыл" деген айыппен Такламакан құмды шөліндегі Тарым жаза лагеріне 20 жылға сүргінге айдайды.
Осы жерде 20 жыл жазасын өтеп, 1978 жылы оралады. Түрмеге алғаш рет жазықсыз, саяси жаламен қамалған жазушының қолына полицейлер қалам-қағаз беріп, "қылмысыңды жаз!" деп үнемі зорлай береді.
Нендей қылмысы барын білмеген қаламгер ақырында, "менің қылмысым - қазақ болу" екен деген шешімге келеді. Сөйтеді де, парақтарға "Қылмыс" деген тақырып қойып, атышулы 6 томдық романын бастап кетеді. Романда балалық шағындағы өз тұлғасына Биғабыл деген кейіпкер атауын беріп, оқушылық кезеңін баса суреттеп, әрі қарай Шығыс Түркістандағы бастан кешкен оқиғаларын қоспасыз баяндайды. Шығарманың әр бөлегі "бір ауыз өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз" деген өзінің жеке тәмсілімен басталып отырады. 6 томдық бұл кітап көркем әдебиет емес, естелік жанрындағы дүние. Бұл шығармада сол кездегі Шығыс Түркістаннің саяси, қоғамдық өмірі туралы көптеген құнды мәліметтер қамтылған.
Автордың жүрегінен тулап шыққан Оспан батырға деген мадақ та айтылады. Бұл кітаптің бірінші томы алғаш рет 1982 жылы 15 мың данамен, екінші томы 1985 жылы 20 мың данамен кең тарап кетіп, кейін үкімет жағынан жаппай жинап алу, тәркілеу орын алған. Осы кітабы үшін екінші рет жазаланып, 1986 жылы 30 желтоқсаннан 2001 жылдың соңына дейін Үрімжінің бірінші түрмесінде 15 жылы зая кетеді. Осы кісі Үрімжі түрмесінде жатқанда, сол кездегі Қытайдың үкімет басында жүрген қазақ басшылары "біздің бір арысымыз түрмеде жатыр" деп құрметтеп, оған астыртын көмектесіп, ауызынан еш уақытта ет үзбеген.
Түрмеге түскен адам сияқты емес, түрмеде өзінің өңе бастаған қарапайым костюмын киіп, жылтыраған әппақ шашын қайқайтып тарап алып, жан-жағына үкі көзімен сұқтанып қарағанда басқа түрмелестері ығып, жасып қалады екен. Өмірінің соңы Шәуешек қаласында мырзақамақта өтті. 2011 жылы 87 жасында дүниеден озды. Жұбайының аты - Бақаш.
Айдос Таубалдинов