Қазақстан әскерінің қауқары қандай?

Oinet.kz 20-05-2022 1438

Тәуелсіз ел болудың басты шарты - сол мемлекетті қорғайтын айбынды әскерінің болуымен тікелей байланысты. Кез келген мемлекет өзінің қалыптасуын да ұлттық әскерсіз, қауқарлы армиясыз құра алмайтыны, тіпті елестете де алмайтыны айқын. Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Жас жігіттің ғұмырына татитын уақыт аралығында Қазақстанның әскери саласы қалай дамыды? 

Screenshot_9.jpg

Елдің  әскери қауқарын жыл сайын түзілетін рейтингтен бағамдауға болады. Мәселен  Халықаралық Global Firepower компаниясының жариялаған  2021 жылдың әскери күш рейтингісінде республикамыз 140 елдің ішінде 62 орынға тұрақтады. Сарапшылар әскери рейтингісін құрастырарда басты 50 сипаттамаға мән береді. Мәселен ядролық қарудың бар-жоғы, елдің географиялық жағынан орналасуы, әскери техникасының саны мен сапасы, әскери флотқа, әскери өндіріске, елдің әскери және саяси басшылығына қарайды.

Халықаралық ұйым ұсынған деректерге сүйенсек, әлемнің ең мықты армиясы АҚШ пен Қытайдікі екен. Ал Орталық Азияда ең мықты әскер  Өзбекстандікі. Өзбек елінің әскері әлемде 52-орында. Әскер саны – 50 мың, әскери шығыны – 15 млрд АҚШ доллары.  

Ал Қазақстанның әскери шығыны – 4 млрд АҚШ доллары. Еліміздің әскери саласына бөлген қаржысы Өзбекстаннан төрт есе аз. Материалдық – техникалық мүмкіндіктер жағынан Қазақстанда 238 ұшақ, 300 танк, 1200 бронетехника бірлігі, 124 сауда флоты, 5 порт және сауда терминалы, 96 әуежай бар. Елдегі ұшақтардың ішінде 80 жедел жойғыш ұшақ (истребитель), 75 тікұшақ бар.

Қазақстан армиясы ешқашан үздік 40 елдің қатарына да кірген емес. Мысалы, 2013 жылы 106 елдің ішінде 80-орынға тұрақтады. 2014 жылы 123 елдің ішінен 66-сатыдан көрінді. Ал 2015-2017 жылдар аралығында 123 елдің ішінде жыл сайын жаңартылатын рейтингінің 53-орынды иеленді. Қазақстан Республикасының Қарулы күштері 2018 жылы 136 елдің арасында алғаш рет 50-орынға көтерілді. 

Screenshot_6.jpg

Қазыбек ДӘУІТӘЛІ, сарапшы, заң ғылымдарының кандидаты:

Қорғаныс өнеркәсібін дамыту керек

- Отыз жылдың ішінде Қазақстанның Қарулы күштері едәуір жетістікке жеткенін айта кеткен жөн. Дегенмен бірқатар кемшіліктерім бар. Біріншіден жер көлемі жағынан әлемде 9 орын алатын Қазақстан үшін біздегі әскер саны жеткіліксіз.  Қателеспесем  70 мыңнан астам әскеріміз бар.  Бізде әскерге азаматтар екі түрлі тәртіппен шақырылады. Біреуі мерзімді, екіншісі  келісімшартты түрде. Елдегі әскери доктрина бойынша біртіндеп келісімшартты жүйеге өтуіміз керек болатын. Алайда әлі өтпеді. 

Адамның қолға қару ұстамау құқығы деген мәселе  бар.  Яғни қолыңызға қару алып адам өлтірмеуге деген адам ретіндегі этикалық құқығыңыз өркениетті елдерде конституциямен қорғалады. Мәселен Германия, АҚШ. Яғни сіз әскерге бармауға да , соғыс бола қалған жағдайда адам өлтірмеуге деген субъективті  қақыңыз сақталады және қорғалады.  Қазақстан да осындай   жаңа қадамдарға аяқ бастаны кез келді. 

Жалпы бізге әскери доктринаны өзгерту керек. Мемлекеттің бес фундаменталды белгісі болады. Соның біреу  тұрақты әскерінің болуы.  Тұрақты әскеріміз кәсіби болуы керек. Алматыда Ұлттық Қорғаныс университеті бар.  Осындай оқу орнының  болуы әскери доктринаны қалыптастыруға, әскери ғылымның дамуына жол салады деген ойдамын. 

Қазіргі таңда соғыстың көпшілігі қолма-қол ұрыс түрінде жүрмейді. Мысалы Әзірбайжан мен Арменияның арасындағы, Ресей мен Украина, Сириядағы соғыстардың барлығы бірінші кезекте әуе күштерінің шешуші рөл атқаратынын көрсетіп отыр.  Сондықтан біз әскери әуе күшетерін күшейтуіміз керек.  АҚШ, Ресей, Қытай қазір тіпті космостан шабуыл жасау түрін ойластырып қойған. Қазақстанның аумағы үлкен біз ол жерді жаяу жүріп, мотоатқыштар бөлімімен қорғай алмаймыз. Сондықтан батыстан шығысқа, оітүстіктен солтүстікке дейін зыр етіп 4 минутта ұшып баратын ұшақтар керек. Осы мәселені кезінде Тоқтар Әубәкіров те көтеріп еді. Бүгінгінің соғыстары гибридтті түрді өтуде, біз осыған бейімделуіміз керек.  Әсіресе ұшқышсыз ұшырылатын техникаларды көбейту қажет. Бізде осы сала бойынша жақсы мамандар бар. Осындай азаматтардың басын біріктіріп неге әлгі  ұшақтарды өзіміз жасамасқа?!  Республикада  әскери сайман, көліктер өндірілмейді, тек құрастырылады,  немесе сырттан сатып аламыз. Сол себепті  бірінші кезекте Қазақстан қорғаныс өнеркәсібін дөңгелетіп, керекті қару-жарақ, сайманның барлығын өзі өндіру керек.  Дамыған елдермен бірлескен кәсіпорындар ашуға болады.

Screenshot_7.jpg

Өмірбай САБЫРОВ, "Ел болашағы" деген облыстық қоғамдық ұйымның жетекшісі:

Қорғаныс саласында тәртіпсіздік көп

- Қазақстан қарулы күшінің әлеуетін қаңтар оқиғасы ашық көрсетті. Жетістігі дейтіндей еліміздің  қарулы күштері қандай да бір соғыс қимылдарына қатысқан емес. Қазақстанның қарулы күштерінде  жаппай жемқорлық орын алған.  Арыс пен Тараз қаласындағы әскери қоймалардағы жарылыстар, сарбаздардың себепсіз жағдайда қайтыс болу оқиғалары біздің қарулы күштеріндегі тәртіпсіздікті көрсетеді. Қазақстан қарулы күштерінің басшыларының жиі ауысуы, мемлекеттік тілді менсінбейтін мәңгүрттердің басшылыққа келуі, бұл салада үлкен өзгерістер жасауды қажет етеді. Қазақ жастарының Қарулы күштер қатарында қызметке барғысы келмейтініне басты себептер осындай тәртіпсіздіктен туындайды. Оның үстіне жастардың бойында патриоттық сезім жоқ. Жастар Отан алдындағы жауапкершілігін сезінбейді. Мен Кеңес Армиясы қатарында Отан алдындағы борышымды атқардым. Ол үшін өкінбеймін.

Screenshot_8.jpg

Әміржан ҚОСАН, саясаткер, қоғам қайраткері:

Өз Отанында өгей баланың күйін кешкен жастар қандай патриот болады?

- Кез келген елдің әскерінің әлеуеті екі нәрсеге байланысты: сол елдің экономикасы мен азаматтарының отансүйгіштік, патриоттық сезімінің деңгейіне. Өкінішке орай, біздің экономика оңып тұрған жоқ, сол себепті әскеріміздің де қару-жарақ, оқ-дәрі, техникамен жабдықталуы дәрежесі жоғары деп айта алмаймыз. Ал патриоттық тәрбиеге келетін болсақ, потсоветттік кеңістіктегі Ресейдің неоимпериялық, аннексиялық саясаты әр ұлттың бойындағы ол сезімді оятып жатқаны рас. 

Қазақ әскерінің 30 жылда жетістігін, шынымды айтсам, көре алмадым. Кешегі Қаңтар қанды қырғыны кезінде мемлекеттен айырылып қала жаздадық емес пе? Сол кезде әскеріміз қайда болды?

Меніңше, біздің әскердің үш кемшілігі бар.

Біріншісі – қорғаныс ісінде ескі, сонау Совет дәуірінен қалған стандарттар әлі де сақталған. Қазір заман басқа, озық технологиялар пайдаланылуда. Жаяу әскер мен танктердің орнына дрондар мен «байрақтар» дұшпанды оп-оңай әрі адам шығынысыз алыстан қырып-жойып жатыр.

Екіншісі – бізде әлі келісім-шарттық әскер қалыптаспады.

Үшіншісі – біздің қорғаныс стратегиямыздан бастап қару-жарақ, оқ-дәріміз Ресейге телініп қалған. Тіпті әскери-әуе күштеріміздің өзі сол жаққа толығымен тәуелді. Ал Ресейдің қандай басқыншы екенін Украинадағы соғыс ап-анық көрсетіп отыр.

Сондай-ақ бүгінгі жастардың дені әскерге барғысы келмейді. Себебі жастар арасында әскери қызметтің имиджі нашар: ондағы тәртіпсіздіктер, ұрып-соғу, жәбірлеу фактілері толастамай тұр ғой. Оның үстіне қазіргі жастар өздері қорғауы тиіс Отанының да жылы қабағын сезіп отырған жоқ: не оқуға ақшасы жоқ, не жұмыс жоқ. Үйленіп, той жасайын десе де, қаржы жоқ. Не қорғайтын он сотық жері жоқ! Өз Отанында өгей баланың күйін кешіп жүрген олар қандай патриот болады? Міне, жастарды патриотизмге баулуды тек қана даңғаза жиын-концерт өткізу деп түсінетін қазіргі идеологтардың бас қатыратын нәрсесі дәл осы!

Screenshot_4.jpg

Бегімбет БАЙҒАРАЕВ, Созақ аудандық мәслихатының хатшысы:

Әлемге бейбітсүйгіш мемлекет екенімізді дәлелдедік

- Егемендікке қол жеткізгелі бері еліміздің Қарулы Күштерін заман талабына сай етіп құру жұмыстары бір сәтке де толастаған емес. Ол заңдылық. Себебі әлемде ұрыс ошағы барған сайын көбейуде. Экстримизм мен терроризм қатері Қарулы күштерге жаңа міндеттерді жүктеп отыр. Сондықтан заман талабына сай, қарулы күштерді жарақтандырып отыру ісі лайықты жүргізіліп отыр деп есептеймін. Сонымен қатар еліміз әскери ұйымдарға мүше, әрі олармен тұрақты түрде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп тұрады. Қорғаныс саласының қауқарын көбейту үшін жыл сайын бөлінетін қаржы да еселеніп артып келеді. Әскери офицерлер мен келісім шарт сарбаздарына мемлекет тарапынан көптеген қолдау шаралары жасалынуда. Біздің әскерилердің міндеті антына берік болып, мемлекетті қорғау ісінде адал болуы керек. 

Жалпы  Қарулы күштер мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұрақтылығының кепілі. Біз осы тұрғыдан алып қарағанда жетістігіміз үлкен. Көршілес елдер бір- бірімен соғысып, әскери әрекеттер жасап жатқанда, Қазақстанда қақтығыстар орын алған жоқ. Еліміз тыныш болды. Біз әлемге бейбітсүйгіш мемлекет екенімізді дәлелдедік. Бұл біздің сөзсіз жетістігіміз. 

Дегенмен әлемдегі соңғы жағдайларға зер сала отырып, әскерді заманауи жаңа буын техникасымен уақытылы толықтырып, кез- келген сын-қатерге дайын болуымыз керек. Бүгінде қоғамда өзекті болып отырған әскердегі сарбаздар арасындағы әлімжеттік мәселесін анықтап, оның алдын- алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу де маңызды.

Screenshot_5.jpg

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ, ұстаз, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі:

Әскерге кеткен ұлдар табытпен оралуда

- Қазақстанда әскерге жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Қазақстан Ресейдің әскери базаларына сеніп отыр. Оның үстіне біздің қолдағы әскери көлік пен құрал-саймандардың көбісі сол көрші мемлекеттікі. Ресейлік қару-жарақ батыс елдерінің қару жарағымен бәсекеге түсе алмайтынын, соғыс жағдайына жауап бере алмайтынын екі ел арасындағы соғыс көрсетті. Біз осыдан қорытынды шығаруымыз керек.  

Елімізде әскери қызметкерлердің қауіпсіздігі қорғалып жатыр деп айта алмаймын. Себебі әскерге кеткен жауынгерлер үйне  жиі табытпен оралуда. Сондай-ақ соңғы жылдарда бірнеше генералдардың сотталуы бұл саланың  жемқорлыққа да малынғанын айғақтап берді. Осыған қарап-ақ біздің әскердің ахуалынының нешік екенін байқауға болатын шығар?  

Жемқорлық жайлаған мемлекеттің азаматтары патриоттықтан айырылады. Мәселен байлардың мыңдаған гектар жері болса, қарапайым халық 10 соттық жер ала алмай жүр. Ұлтарақтай жерге жете алмай отырған отбасының ұлына әскерге бар немесе ел басына күн туса қолыңа қару алып, елдің, жерің үшін үшін соғыс деп айта аламыз ба?  «Менің қорғайтын жерім жоқ, мыңдаған гектар жерді иеленіп алған байдың баласы барсын» десе не дейсіз? Яғни әскери салада сыбайластық жойылмай, қарапайым халықтың әл-ауқаты түзелмей елім, жерім деп еміренетін ұрпақ болмайды. 

Кейіпкер жазушының бағы ма, соры ма?
Психологиялық тест: Өзіңізге ұнаған әйел образын таңдаңыз!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу