Қаламгер Баймұрат Азнабаев естелігінен
Теледидардан, радиодан күн сайын беріліп жататын саз хабарларында ел ардағы Ақан серінің асқақ әндері, әсіресе "Балқадиша" жиі-жиі шырқалады. Әттең "Балқадиша" әнін естігенде, асыл мұраның ел игілігіне жарағанына қуанғанды қойып, Балқадишаның жерлестері, біздің зығырданымыз қайнайды. "Дегенде Балқадиша, Балқадиша, күйеуің сексен бесте шал Қадиша" деген әуен жеткенде құлағымызды жаба қоюға мәжбүр боламыз. Балқадиша Ыбырайқызы Қылды-Қарауылдағы Серке ауылында (Зеренді ауданы) 1883 жылы туған. Әкесі Ыбырай дәулетті, елге билік айтқан азамат болады. Шешесі Жақыш қайтыс болып, әкесі Тінбай қажының қызы Алтынайға үйленгенше Балқадиша үйде отырыңқырап қалып "сырғалы қыз" атанды. Ол 1904 жылы 21 жасында өзінен алты жас үлкен, 1877 жылы туған кеңөткелдік жігіт Сүлейменге тұрмысқа шығады. Екеуі 40 жылдай тұрмыс құрып, екі ұл, үш қыз өсіреді. Сүлеймен 1943 жылы 17 сәуірде дүниеден өтеді. Зираты Кеңөткел ауылында. Ал Балқадиша 1954 жылы 27 наурызда қайтыс болды. Ол да Кеңөткелге жерленді. Балқадиша қыз күнінде ешкіммен атастырылмаған. Ал, Сүлеймен мен Балқадишаның жас арасындағы айырмашылық алты жыл ғана. Сонда жиырмаға тола қоймаған, тұрмысқа шықпаған Балқадишаға Ақан "күйеуің сексен бесте" деп әнге қосты деу шындыққа сыймайды…
5 наурыз, 1993 ж.
Әсет Ақмолда Facebook парақшасынан алынды