Нан қалай пайда болды? (қисса)

Oinet.kz 18-01-2019 755

image.png

Алла тағала Адамға бидайдың дәнін жіберіп:

– Ей, Адам, дәнді жерге егіп, жақсы баптасаң, бұл саған ең нәрлі азық болады, – дейді.

Адам бидай дәнін жерге егіп, соны баптаумен болады. Күзде бидай да піседі. Ол «Қанша күнгі еңбектің зейнетін енді көретін шығармын» деп ойлап, бидайды орып алады. Қарны да қатты ашады. Бидайдың бір масағын алып, «Дәмі қалай екен?» деп, аузына салады. Шайнап көрсе, дәмі сезілмейді. Адам ашуланып, «Босқа кеткен еңбегім-ай» деп, дәу таспен бидайды ұра бастайды. Біраздан кейін ашуы тарқайды, әрі қатты шаршайды. Бидайға қараса, масағынан ажырапты. «Қап, мынау көзге күйік болды-ау. Қанша ұрсам да үгітілмеді. Мұны құртпасам, зая кеткен еңбегім есімнен кетпес» деп ойлайды. Бірақ қалжырап тұрғандықтан, тыныстап алғысы келеді.

Алла тағала желге:

– Бар да, бидайды суырып тазала, – деп бұйырады. Жел бидайдың бар қауызын ұшырып, тек дақылын қалдырады. Адам ата ұйқыдан тұрып, бидайды ұнтақтауға кіріседі. «Мұның көзін біржола құртайын» деп, аппақ қиқымды суға тастайды. Қараса, ол сумен ағып кетпей, қоймалжың затқа айналады. Бидай ұны қамыр болыпты.

Адам «Суға ақпасаң, отқа жанарсың» деп, қамырды отқа салады. Оның түсі қызарып, тәтті исі бұрқырап шығады.

Сонда Адам:

– Иә, Алла. Мұның сыры неде? – деп сұрайды. Алла:

– Әй, Адам, «Бидай – сенің нәсібің» деп айтпап па едім. Енді наннан дәм тат. Ас болсын, – дейді.

Адам нанды «біссіміллә» деп жеп көреді. Дәмі тіл үйіріп, қарны тойды. Адам сонда ғана бидайдың азыққа айналғанын түсінді. Алла тағаланың өзін диқаншылыққа тәрбиелегенін білді.

Ас атасы – нан осылай шыққан деседі.

«Отбасы хрестоматиясы»

Табалдырықты баспа
Жеті шелпектің шарапаты (қисса)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу