Табалдырықты баспа

Oinet.kz 18-01-2019 1054

Адам ата Қағбаның іргесін қалап, оны «Құдайдың үйі» деп атайды. Қағбаға құлшылық жасап, ескірген жерін жөндеп тұрады екен. Дүниеден өтерінде ұлы Шишке Қағбаның кілтін ұстатып, оны күтіп, таза ұстауды аманат етіпті.

Шиш әке өсиетін бұлжытпай орындайды. Оның ықылас-пейіліне риза болған Жебірейіл Шишке үй салуды үйретеді. Оған дейін Адамның ұрпағы ағаштан салынған лашықтарда өмір сүрген екен.

Шиш құрылыс өнерін үйренген соң, алғаш өз үйін кірпіштен тұрғызады. Баспанасы дайын болған кезде оған бірінші болып қонаққа келген Құт екен. Ол үйден орын беруін сұрайды. Шиш:

– Қалаған жеріңнен қоныс ал! – дейді. Құт табалдырыққа келіп жайғасады. Осыған орай ел арасында «табалдырықта тұрма», «табалдырықты баспа, үйдің құты қашады» деген ырым сақталыпты.

Артынша Шиштің үйіне Бақыт келіп бас сұғады. Ол төрден орын беруді сұрайды. Шиш рұқсат береді. Бақыт төрге жайғасады. Қазақта құрметті қонағын төрге отырғызып, бата сұрау осы ырымнан қалған екен деседі.

Бақыттың соңынан Береке кіреді. Ол Шиштің дастарханынан орын алыпты. «Дастарханда береке бар» деген түсінік осыдан қалыпты.

Көп ұзамай Ынтымақ келіп, пайғамбардың қонысынан жай сұрайды. Ол босағаға орналасады. Қазақта «босағаң мықты болсын» деген сөз «ынтымағың мықты болсын» деген тілек екен. Ал «босағада тұрма» дейтіні «ынтымақты бұзасың» деген ырымы деседі.

Шиш ізгі амал, қасиеттерді орналастырып жатқанда үйдің бір саңылауынан жын-перілер жасырынып келіп, үйдің бұрыштарына тығылады.

Кім бұрышқа отырса, соның арқасына мініп, кеудесін басады екен. Қазақта «қара басты», «еңсені езді» деген тіркестер осыған орай айтылған деседі. Ырым білетін есті кісілер жастарға «бұрышқа отырма» деп тәрбиелейді екен. Үйдің ішін адыраспан не аршамен аластағанда жын-перілер жоғалады деген түсінік бар.

«Отбасы хрестоматиясы»

Құстардың тұмсығы неге тесік? (қисса)
Нан қалай пайда болды? (қисса)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу