Іштегі кір деген не? (қисса)
01-04-2021
Сүлеймен патшаның Зуһра атты сұлу әйелі болыпты. Бір күні әйелі Сүлейменге:
– Мені сүйсең құстың сүйегінен үлкен сарай соғып бер. Сол сарайда тұрғым келеді, – деп назданды.
Нақсүйерінің көңілін қимаған патша күллі құс біткенді ордасына жинады. Құстар аяқтарынан тұсалып, тұмсықтары тесіліп, сымға тізілген соң:
– Түс көрдім. Түсімде ғажап сарай көрдім. Досым Жебірейіл:
– «Құс сүйек» деген сарай осы. Кілең құс сүйегінен салынған» деді. Сол сарайға аңсарым әбден ауды. Сендердің сүйектеріңнен сондай сарай тұрғызсам деген арманым бар, – деді.
Құс біткен басын иіп:
– Патша ием, сіздің әжетіңізге жараса, жанымызды алыңыз, сарайыңызды салыңыз. Біздің сүйек сіздің жолға садақа, – деді.
Сол кезде Бөдене бытпылдап:
– Арамызда байғыз жоқ, – деді.
Қараса байғыз келмепті. Сүлеймен қаһарланып:
– Қаршыға, байғызды дереу дәргейіме жеткіз, – деп бұйырды. Қаршыға байғызды алып келді. Патша оған:
– Шақырғанда неге келмейсің? – деп ақырды. Байғыз басын шайқап:
– Тақсыр, ой үстінде әміріңізді естімей қалдым, – деп жауап берді.
– Патшаның әмірінен күшті қандай ой?
– Дүниеде жазық көп пе, төбе көп пе, соны санап, ойланып отырғанмын? – деді байғыз. Сүлеймен:
– Әрине, жазық көп. Сол да сұрақ болып па? – деді.
– Жоқ, патшам, мен санасам дүниеде төбе көп екен.
– Қалайша төбе көп?
– Тақсыр, мен өлген адамның моласын қосып санадым. Әрбір адам өлген соң бір төбеге айналады екен, – деді. Сүлеймен сөзден тосылып қалып:
– Тағы не санадың? – деді.
– Дүниеде тірі көп пе, өлі көп пе? Соны да санадым, тақсыр! – деді байғыз. Сүлеймен:
– Әрине, тірі көп, – деді.
– Жоқ, тақсыр. Қанша санасам да өліден тірінің саны аспады.
– Қалайша?
– Мен күн шыққанша ұйықтайтын адамдарды да өліге қостым, – деді. Сүлеймен бұл жолы да сөзден тосылды:
– Тағы нең бар санаған? – деді.
– Дүниеде еркек көп пе, әйел көп пе, соны да санадым, – деді. Сүлеймен жалт қарап:
– Иә, кімдер көп екен? – деп сұрады.
– Әйел көп, – деді.
– Қалайша?
– Әйелінің тілін алатын еркектерді де мен әйел санатына қостым, – деді. Сөз төркінін түсінген Сүлеймен патша қателігін түсініп, құстарды босатты.
Құстардың аяғындағы тұсауларын шешіп жатқанда, тірі қалғандарына қуанған торғай мен ұзақ тағатсызданып ұшып кетеді.
Аяқтарына байланған тұсаулары толық шешілмегендіктен, олар әлі күнге дейін секеңдеп жүреді екен. Құстарды сымға тізгендіктен, олардың тұмсығында тесіктер қалыпты. Байғыздың тұмсығы сымға тізілмегендіктен, бітеу қалпында кетіпті.
«Отбасы хрестоматиясы»