Түйені көрсе жылқы неге қалтырайды? (қисса)

Oinet.kz 18-01-2019 1029

image.png

Ертеде жылқы:

– Иә, Алла мені ең сұлу жануар дейді. Сонда да кейбір дене мүшелерімді бұдан да сұлу етіп жасап берсең! – деп Аллаға арыз айтады.

– Не керек? – дейді Алла.

– Сирақтарым бұдан да ұзындау және сидаңдау болса, шашасына шаң жұқпайтын жүйрік болар едім. Мойным аққудың мойнындай ұзын болса, бұдан да асқан көрікті болар едім. Төсім жалпақтау келсе, қазіргіден де алымдырақ болар едім. Жотамда алынбайтын мәңгі ер болса. Себебі адамды алып жүремін, – депті.

– Болсын! – дегенде жерге «дүңк» етіп түйе түседі. Арбиған түйені көргенде жылқы «селк» ете қалады.

– Ұзын да сидаң аяқ, аққу мойын, жалпақ кеуде, арқасында ері бар жануар осы болар. Осындай болғың келе ме? – дейді Алла тағала.

– Жоқ-жоқ… – дейді жылқы тілі күрмеліп.

– Ендеше Мен жаратқан мүсініңе риза бол, – дейді Алла.

Содан бері жылқы малы түйені көрсе, денесі «дір» ете қалады екен.

«Отбасы хрестоматиясы»

Көк көзді әзірейілді көрген әже
Адамның алғаш етті пісіріп жеуі (қисса)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу