Әуелде пырақ аттар пейішті мекендепті (аңыз)
Әзелде пырақ аттар пейішті мекендепті. Күнде бір мезгіл жерге түсіп, Кауан деген өзеннен келіп су ішеді екен. Пырақтар бір-бірінен өткен көз тоймайтын сұлу болыпты. Сүлеймен патшаның пейіштің пырағына аңсары ауып, қанша әуреленсе де қолына түсіре алмапты. Бір күні Сәманду деген дию Сүлейменге келіп:
– Басыма азаттық берсең, аттарды құзырыңа жеткіземін, – деді.
– Болсын тілегің, – деді Сүлеймен.
– Бір шартым бар. Маған мың батпан жүн, мың көзе шығыр, мың дию бересің. Мен аттарды ұстап алып келемін, – деді. Сүлеймен келісті.
Сәманду аттар су ішетін Кауан өзеніне құятын бұлақтарды жүнмен бітеп тастайды. Өзендегі судың орнын шараппен толтырады. Мың диюды жанындағы ну қамысқа жасырды.
Бір кезде пырақтар келіп өзеннен су іше бастайды. Олар шарапқа масайып, ұша алмай қалады. Сол кезде жасырынып тұрған диюлар тап береді де, пырақтарды жабыла ұстап, жетектеп алып кетеді.
Сүлейменнің ордасына келгенде екінті уақыты екен. Патша намаз оқиын деп жатады. Пырақтың дыбысын естігенде «аттарды тез көре салайын, көп уақыт кетпес. Намазды келіп оқырмын» дейді де, тұра жүгіреді. Қараса аттар расымен сұлу екен. Бірінен-бірі өтіп, көздің жауһарын алады. Сүлеймен әр аттың басынан тұяғына дейін қарап шығамын деп уақыттың қалай өткенін білмей қалады. Бір кезде есін жиса арада алпыс күн өтіп кетіпті. Алпыс күн ішінде қарамағындағы халық азып-тозып бет-бетімен кетіпті. Жын-пері, диюлар есіріп елді қан қақсатып, бастарына зобалаң салыпты.
Сүлеймен патша бұл сұмдықты көріп шошып кетеді. Есінен айырған аттарға ашуланып барлығының басын шабады. Сол кезде Барқия деген уәзірі бір пырақты жасырып, аман алып қалады. Кейін ол пырақ адамға бауыр басып жерге үйренеді. Асыл тұқымды жүйрік сәйгүліктер, тұлпарлар, қазанаттар пейіш пырағының ұрығы екен деседі.
Мына суретте Сәманду диюдың пырақтарды ұстау сәті бейнеленіпті
«Отбасы хрестоматиясы»