Іштегі кір деген не? (қисса)
01-04-2021
Мұса кәлимолла жолда үш адамның бас сүйегін көреді. Ол бірінші бас сүйектің құлағын асасымен нұқиды. Аса таяғы құлақ шекеден кіріп, сүйектің арғы басынан бір-ақ шығады. Мұса бас сүйекті тастай салады. Екінші бастың құлағына асасы мүлде кірмей қояды. Мұса оны да тастайды. Үшіншісін түрткенде, таяғы құлақ шекеден өтіп, бас сүйектің қақ ортасына тұрып қалады. Әрі-бері жылжымайды. Мұса сол басты ғана арулап жерлейді. Қасындағы серіктері:
– Тақсыр, бұл не хикмет? Неге біреуін ғана жерледіңіз? – деп сұрады. Мұса:
– Біріншісі тірісінде ақпа құлақ болыпты. Нақыл сөздер бір құлағынан кіріп, екіншісінен шығып кететін ақылсыз ақымақтың өзі екен. Өзіне де, өзгеге де соқыр тиын пайда келтірмеген. Сосын оны алмадым. Екінші бастың иесі – тас құлақ топас. Жөн сөз ұқпайтын қырсық. Ақылды сөзді құлағына ілмегендіктен, айналасына көп зиян тигізген. Оны да тастадым. Үшінші бастың иесі құйма құлақ ақылды екен. Ол қоғамға көп пайдасын тигізген. Өсиет сөзді көңіліне тоқып, айналасына үлгі шашқан. Аллаға қылығы жаққан. Мен сол үшін оны құрметтеп, бас сүйегін арулап жерледім, – депті.
«Отбасы хрестоматиясы»