Құндақтау дәстүрі (аңыз)
Діни аңыздарда Мұхамбет пайғамбар дүниеге келер сәтте аспанда бір жарық нұр пайда болып, ол айнала төңірекке шуағын мейірлене төгіп тұрыпты деп баяндалады. Сол күні жер мен аспан тербеле қозғалған. Саба көлі тартылып, Қос өзені арнасынан асып, жағалауды шайып кетіпті деседі. Парсы елінің патшасы отыратын сарай сілкініп, көптеген мұнарасының күл-талқаны шығыпты. Сәуегейлер түс көріп, түсінде жаман іс көріп, арабтың жылқысы парсының түйесін жеңіпті. Таң ата сәуегейлер патшаға:
– Арабия жақтан алапат қауіп тууы мүмкін, – деп ескертіпті. Түнде жұлдыздардың оты бір сәтте өшіп, барлық тас пұттар құлаған екен. Жын-перілер адамды азғырудан жаңылып, оларды періштелер тым-тырақай қуыпты. Ібіліс сол түні шарасыз халге түсіпті. Әмина ананың көңіл көзі күншығыс, күнбатыстың бәрін көріпті. Перзентіне қараса, ол сәждеге бас қойып:
– Үмбетімнің күнәсін кеше көр, – деп дұға етіп жатады. Әмина түсінбей қалыпты.
Сол кезде көктен Жебірейіл, Мәкәйіл, Ысрапыл атты үш періште түседі. Бірінің қолында күміс құман, бірінде зүмірттен (асыл тас) жасалған леген бар екен. Үшінші періштенің қолында пейіштің жібек матасы. Періштелер пайғамбарды легенге отырғызады. Ысрапыл құманмен су құйып шомылдырады. Жебірейіл асыл жібектен жасалған матаға пайғамбарды құндақтап орапты. Әмина анамызға:
– Әмина, қорықпа. Ұлық Алланың сүйікті досы, ақырдың елшісі Мұхамбет дүниеге келді. Пайғамбардың тәні жалаңаш болмауы үшін Алла бізді оның мүбәрәк денесін құндақтауға жіберді, – дейді.
Періштелер Әмина анамызға жас нәрестені қалай дұрыс құндақтау керегін үйретіпті. Осыдан бастап дүниеге келген балаларды құндақтау тәртібі дәстүрге еніпті.
«Отбасы хрестоматиясы»