Ішірткінің пайда болуы (аңыз)
Ертеде бір ғұлама көп ізденіп, ілім игеріпті. Қаншама жыл көз майын тауысып, күш-қайратын сарп етіпті. Оқыған-түйген ғылымын қағазға түсіріп, екі қоржын кітап жинапты. Өзінің мол қазынасына көңілі толған ғалым:
– Ғұмырымның көп жылын ілім-білім үйренуге сарп еттім. Дүниенің ғылымын жиып, ғаламның сырын кітапқа түсірдім. Енді осы еңбегімнің өтеуін алатын уақыт келді. Жинаған мұрамды алтын-күміске айналдырсам, байлық жағынан менімен кім теңесе алады? Қарынбайың да, Шәдәтың да менімен шендесе алмас, – деп масаттанады екен.
Бір күні жолаушылап жүріп, бір өзеннің жағасына келеді. Сол жерде демалып, көзінің шырымын алмақ болады. Есегін қаңтарып, ұйқыға кетеді. Сол мезетте бір құйын соғып, қоржындағы барлық кітаптарын ұшырып әкетіп, әртүрлі дәнді-дақылдарды суғарып жатқан атыздарға әкеліп тастайды. Кітаптардың сиясы шайылып, жазулары лезде жоқ болады. Ғұлама ұйқыдан оянса, құр қағаздар су бетінде қалқып жүр екен. Өзінің астамсып сөйлегені есіне түсіп, тәубаға келеді. Кенет сол маңда жайқалып тұрған егінге көзі түседі. Ол ішінен: «Құдай сөзінің қасиеті жоғалмайды. Сиясы суға араласып мына арпа, бидай, сұлы, тары, күрішке дарыса керекті. Емдік шарапаты осы дақылдарға жұқты. Әділ Құдай ілімнің шарапаты барша адамға пайдасын тигізсін деп, бұл істі әдейі жасаса керек» деп түйеді.
Содан бастап бидай, арпа, сұлы, тары, күрішке емдік қасиет бітіпті. Ауырған адамға олардың суын қайнатып ішкізеді екен. Ал, қағазға құран аяттарын жазып, одан ішірткі жасау да сол кезде пайда болыпты.
«Отбасы хретоматиясы»