Баланың есімі тағдырына әсер ете ме?

Oinet.kz 13-01-2021 2723

«Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып калғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін. Мәселен, Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қараңдаршы. Айтуға да ықшам, естір құлаққа да жағымды. Әрі мағына жағынан да, қазақ тілінен сабақ беретін Майқанова тәтейше айтқанда, «Бұлар – жоғары идеялы есімдер». Мұндайлар өз атын кәдімгідей мақтаныш көріп, біреумен таныса қалса, мәнерлеп көтеріңкі дауыспен айтады. Ал енді айтуға да, естуге де қолайсыз есімдер бар. Өзге түгіл өзіңе де ұнамайды-ақ. Әттең қолдан келсе табанда өзгертіп, әдемі аттардың бірін иемденіп алар едім».  «Менің атым Қожа» фильміндегі Қожаберген секілді ұл-қызыңыз есейгенде өз есіміне көңілі толмай жүрмес үшін перзентіңізге лайықты, көркем есімдерді қойыңыз. Себебі бұл әлемде жағымсыз есімді амалсыздан арқалап жүргендер көп.

Ұл балаға есім.jpg

Халқымыз сәбиге ат қою дәстүріне атам заманнан аса жауапкершілікпен қараған. Балаға мағынасы дұрыс, құлаққа жағымды, көркем ат қоюға тырысқан.  Жалпы адамға таңдалған есім болашақты таңдаумен бірдей. Яғни, ата-анасы жауапкершілікті сезіне білулері керек. «Қазір түсініксіз есімдер көп. Ал есімнің түсініксіз болуы баланың өзіне деген сенімін жоғалтады» дейді психологтар.  Расында да бүгінде  естір құлаққа жағымды болғанымен түсініксіз әрі мағынасыз есімдерді жиі кездестіріп жүрміз. Бала өз есімінің не мағына беретінін түсінбесе немесе ол жағымсыз мағына беретін болса ертеңгі күні өз атынан намыстанатын болады.  Түбінде «қара көжеге» айналған Қожа секілді балалардың мазағына айналуы мүмкін. Сонымен қатар өз есімін қабылдай алмай, есейе келе мүлдем бас тартуға мәжбүр болады.

Этнограф ғалымдар  қызға есім қойғанда, есімінің соңғы әріпі дауысты дыбыспен аяқталған жөн дейді. Ал ұлға қойғанда дауыссыз дыбыспен аяқталғаны дұрыс деп есептейді.  Бұның мәнісі – еркектің сөзі мен ісі сәйкес болсын деген оймен байланысты. Тарихты алып қарасақ  Жаратушы ең бірінші «Адамды» жаратқан.  Сондықтан «а» әріпінен келетін есімдерді ұлдарға берген дұрыс екен. Ал екі есімді бірдей арқалап жүретін адамдар яғни, азан шақырып қойған аты бөлек, отбасында басқаша есіммен аталатын балалар еркелікке жақын болатын көрінеді. 

Ғалымдар адам атының оның тағдырына, болашағы мен тұлғалық болмысына әсері туралы антропонимикалық зерттеулерді өткен ғасырдан бері жүргізіп келеді. Сол зерттеулер негізінде адам есімінің тағдырына айтарлықтай әсері анықталған. Сәбиді әдемі, мағыналық өрісі жағымды, айтылуы мен жазылуы көркем есімдермен атағанда, оның тұлғасы да соған сәйкестене түсетіні дәлелденген. Себебі кез келген адам үшін есімі – ең қасиетті ұғым және оның дұрыс айтылуы психикасына тікелей әсер етеді. Жалпы балаға ауыр, көтере алмайтын есімдерді және тағдыры ауыр тұлғалардың аттарын беруге болмайды. Себебі есім арқылы тағдыр арқалау деген ұғым бар.  Психологтар нәрестеге ат қою кезінде бақилық болып кеткен жақын туыстарының немесе бауырларының есімдерін қоюға болмайды деп есептейді. Бұл сәбидің бейсанасына басқа адамның өмірін сүреді деген ақпарат барады дейді мамандар. Яғни  қайтыс болған адамның өмірін жалғастыратын болады деген сенім бар.  Әдетте кейбір отбасыларда екінші немесе үшінші балаға «Серік» деген есімді береді.  Мұнысы ағасына немесе әкпесіне серік болсын дегені ғой.  Алайда бұл да дұрыс емес екен. Осы есімді арқалап жүрген бала өмір бойы ағасының не әпкесінің барлық ауыртпашылығын да бірге көтереді екен. Бұндай адамдар бауырмашыл болып келеді. Бірақ, бұл кісілер өз үйін, жанұясын ойламайтын болып шықты. Томирис пен Тұмар бүгінде қыз балаға жиі қойылатын есімдердің бірі. Әрине ата-анасы Томирис патшайымдай батыр, елді аузына қаратқан жан болсын деп ырымдап қоятыны анық. Алайда Тұмар ханшайым өзінің жеке өмірінде мүлде бақытсыз болған. Бағынған жұрты болғанымен, өмірінің соңына дейін жалғыздықтың дәмін татқан. Сондықтан белгілі тұлғалардың есімдерін балаға берер алдын атына ғана емес олардың өмір жолына, тағдырына да мән берген жөн. 

Ғылыми деректерге сүйенсек, адамның туған кезеңінің, маусымның тағдырға тигізер әсері мол. Әсіресе, қысты күндері туғандардың басты қасиеті – пысықтық, көктемде туғандарға – жұмсақтық, жаз мезгілінде туғандарға – қайырымдылық, күзде туғандарға шаруақорлық қасиеттер тән деп саналған.

Қазақта «атына заты сай болсын» деген жақсы тілек бар.    Психологтар қоғамдағы саяси оқиғалардың нәтижесінде бүгінде ел ішінде адамзатқа лайықсыз есімдер көбейіп барады деп алаңдаулы. Мамандар мәліметіне сүйенсек, елімізде  Мәслихат есімді – 27, Мәжіліс есімді 21 адам бар екен. Одан бөлек  Сенат есімді – 7, Партия есімді – 7, Комсомол есімді – 7, ал Маркс есімді 225 жанды да кездестіре аласыз. Сонымен қатар  Саммит, Саммитхат, Азиада ¬ЭКСПО есімдерін де құлағымыз шалып жүр. Айтпақшы,  10 қаңтарда өткен Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының сайлауында Түркістан облысында дүниеге келген 135 сәбиге Сайлау, Сайлаугүл, Нұрсұлтан, Қасым-Жомарт есімдері жиі беріліпті.

Түркияда ұлттық есімдердің қоры бар екен. Содан ғана таңдауға құқығың бар. Олар өзге елдің есімін қойдырмайды. Сондай-ақ түріктер ерекше құрмет тұтатын Ататүріктің есімін балаға беруге тыйым салынған. Себебі Ататүрік жалғыз болуы керек деп есептейді. Сонымен бірге өзге елдердің есімдер қоры шектеулі келеді. Мысалы, грек-рим есімдерінің қорындағы адам аттары 2 мыңнан аспайды. Ал қазақтардың есімдер қорында кісі аттары 40-50 мыңға дейін жетеді деген деректер бар. Онда Ислам дініне қатысты арабтектес есімдер мен кірме есімдер басымырақ екен.  Қазақ халқы ежелден-ақ балаға есім беру құрметін  көп жағдайда ата-әжелерге немесе  ауылдың белді, беделді, данагөйлеріне берген. Ал бүгінгі ата-аналар ұл-қыздарына есім таңдауда отандық жұлдыздарға көбірек жүгінетін болып шықты. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша тұрғындардың дені жұлдыздардың балаларына берген есімдерін қайталап қоюды ұйғарған. Ал мұсылманша есімді қалаған ата-аналардың басым бөлігі «Асыл арна» телеарнасынан көмек сұрайды екен.

Ер адамның пісірген тамағы неге дәмді болады? (аңыз)
ХХІІ ғасырдың куәгерлері
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу