Мақта мен шоқ (әңгіме)

Oinet.kz 07-01-2020 1182

мақта.png

Әзірет Сұлтан рухани сұхбатына, зікір алқасына әйелдерді қатыстыра берген. Мұны естіген мұсылман жұрты таң қалыпты. Көп ұзамай ,,Яссауи әйелді еркекпен тең қарайды. Олардың зікірінде қатын- қалаштар да отыра береді. Дастарқан басындағы сұхбаттарға да араласа береді.,, деген гу- гу әңгіме арап пен парсы жұртын түгел шарпиды. Аймақтағы шейхтар: ,,Бұл не сұмдық? Қатыннан пайғамбар шықпаған. Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа. Қатын бар жерде кәпір бар. Қатын бастаған көш оңбайды. Байтал шауып бәйге алмайды.,,- деп Яссауиді өсектеуін қоймапты. Жібек жолынан өткен керуеннің бәрі: ,,Әй, Әзірет! Жол бойы қаулаған өсек. Өсекті өзіңіз өшірмесеңіз, бізден қайран жоқ. Ісіңізді ақтай алмай әбден қиналдық - деп келеді. Болмағасын Әзірет Сұлтан аймақтағы ғұламаларды Түркістанға түгел алдыртты. Шәкірттері оларды жақсы күтті. Сосын жер асты мешітіне бәрін шақырып, ішіне шоқ пен мақта салынған құмыраны ортаға қойды. 

- Ал, құрметті шейхтар, мықты болсаңыздар, мына нәрсенің хикметін табыңыздар - деді. 

 Ғұламалар құмыраны ашып қарады. Ыдыстағы мақтаның шоққа қалай өртенбей аман тұрғанын көріп, таң қалды. Күкірт те тұтанбапты. Қанша тосса да мақта жанбады. Бәрі бастарын шайқап, мынадай кереметті бірінші рет көруіміз. Бұл кереметтің хикметі не?- деді. Әзірет Сұлтан: 

- Уа, қадірлі шейхтар! Бұның хикметі мынау. Мақтаның шоқпен, шоқтың мақтамен ісі жоқ. Әркім өз ісімен әуре. Неше жерден үрлесең де, ортада от жанбайды. Сол сияқты зікір алқасында дәруіштің зікірші әйелмен, әйелдің ермен ісі жоқ. Ортасында нәпсінің оты маздамайды. Олар жүрек көзін ашып, Алланың дидарын көруден үмітті. Жүрекке ,,Дидар талап,, деген иләһи мақсат орнағанда нәпсі құмары құрыққа түседі. Мақсаты анық, мұраты асыл әйелдер құмарлықты ерттеп мінеді. Ондай әйел заты ер азаматтан артық болады! Естеріңде болсын, ақылды әйелдің ішінде алтын айдарлы ұл жатады. Мүбәрәк Пайғамбарым алғаш уахи алғанда Жәбірейілге күмән қылып, адал жары Хадишаның жанына тығылып, оранып жатып еді. Сонда Расулдың сенімін қайрап, дініне тіреу , жанына жалау болған Хадиша анамыз еді. Сондықтан әйелді қорлағанда Пайғамбардың ұлық дәрежесін мойындап , бірінші мұсылман атанған Хадиша анамызға тілдерің тиеді. Ел болатын жұрт алдымен әйелін сыйлайды. Сондықтан Пайғамбар сүннетімен бірінші әйел баласын қадірлеп, мұсылман қыламын. Әйел түзелсе, әлем түзеледі. 

 Ал, сендер, қыз- келіншектің бәрін байы өлген жесірдей қара жамылдырып қойдыңдар. Парсының баяғы патшалары құсап паранжа кигізіп қойдыңдар. Ерге жоласа, фитна шығады деп бөлек қамадыңдар. Әйел сайтанның тұзағы деп адал жарды қорладыңдар. Қане содан тапқан имандарың? Қит етсе, Құранды сылтау қылып, төрт қатын алғаннан басқаны білмейсіңдер. Осындай надан мінезді түркі жұртына жұқтырып біттіңдер. Болмаса Ер Түрік атам ,,Бірінші әйел шекер. Екінші әйел бекер. Жаман қатын алғанның жауы үйінде. Екі қатын алғанның дауы үйінде,, - дейтін. Қатынқұмар мінез менен емес сендерден жұқты. Ер мен әйелді тең көрмей, қыздың намысын төбеге тұтпай сендер бұл надандықтың қара балшығынан өмірі шықпайсыңдар.,, - деп сөзін түйіндепті. 

«Яссауи Феномені» кітабынан

Әйелдерге керек кеңес (әңгіме)
Көршіден не сұрауға болмайды? (әңгіме)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу