Ахмет Байтұрсынұлы. Құрт-құмырсқаның зияны қандай?

Oinet.kz 11-11-2018 1172

Құрт-құмырсқа деп өңшең ұсақ мақлұқтар айтылады. Құрт-құмырсқаға қосылатындар: бүйі, шаян, өрмекші, қоңыз, құрт, шегіртке, көбелек, инелік, шыбын-шіркей, құмырсқа сықылдылар. Бұлар толып жатқан түрлі мақлұқтар. Біреулері ұшпай, құр жерде ғана жорғалап жүреді. Біреулері ұшады. Біреулерінің ұшпаған кезде қанатын жауып қоятын қалқаны бар. Біреулерінің қанаты ашық тұрады, бірақ бәрінің ортақ бір белгісі – денелері сүйексіз болады.

Бәрі де балаларын тірі таппайды я жұмыртқа сияқты қабығымен, я уылдырық сияқты қабықсыз түрде балалайды. Жұмыртқа күйде болсын, уылдырық күйде болсын, тапқаннан кейін кешікпей баласы шығады. Қоңыз, көбелек, инелік, шыбын-шіркей балалары бастапқы кезінде өздеріне ұқсамай, құрт болып шығады. Құрт күйінде баласы мешкей болады. Жазғытұры шөп басында тізіліп тұратын түкті, түрлі құрттар осылардың балалары. Бұлар түрлі нәрселерді жеп шыдатпайды. Жеп-жеп тояды, өседі. Әбден толығып ескен соң, өзінен өзі ұя жасайды да, сол ұясының ішінде бірнеше күн тыныш жатады.

Ол кезі «қуыршақ» болды деп айтылады, олай деп айтылатыны қуыршақтай бейне жансыз сияқты болады. Қуыршақ болып жатқанда тұлғасы өзгеріп, қанат бітіп, көбелек баласы көбелек болып шығады, инелік баласы инелік болып шығады. Шыбын баласы шыбын болып шығады. Қоңыз қуыршақтары жаз жатып қалғаннан қыстай жатып, келесі жылы жазға қанатты қоңыз болып шығады. Қысты күні көң ойғанда арасынан шығатын ақсары бас құрт – қоңыз қуыршағы. Құрт-құмырсқадан адам пайдаланатыны аз. Бұлардың басқаларға келтіретін зияны көп, пайдасы аз.

Маса, шыбын-шіркей, бүгелек, сона малға қандай зиянды болса, шегіртке, көбелек, қоңыз сияқтылары ағашқа, егінге, жеміске, шөпке сондай зиянды.

Адамға пайда келтіретіні ара мен жібек құрты. Шаруалық жүзіндегі істеген зиянымен тұрмай, адамның өзіне де зиян келтіретіндері бар, мәселен: шаян, бүйі, қара құрт, қандала, бүрге, кене, бит, маса, шыбын-шіркей. Бұлардың ішінде жылан, шаян, бүйі, қарақұрт шаққандарынан кісі өлуге болады. Қандала, бүрге, бит, маса, шыбын-шіркей шаққандары да өте қауіпті. Бұлар ауру адамды шағып, артынан сау адамды шақса, ауру жұқтырады. Бұларды сондықтан ауру тасушылар дейді. Адам шамасының келгенінше қырады, бірақ көп болған соң бәрін қыруға шамасы келмейді. Сүзек аурулары бит, бүрге арқылы жұғады екен. Бит, бүрге жоқ жерде сүзек те жоқ. Германие (Германия), Пырансие (Франция) жұрттарында әлдеқашан бит, бүргенің қарасы өшкен. Сондықтан, Ресейде сүзек күшейіп тұрғанда Германиеге барсаң сүзек көрмейсің. Сондықтан бұларды ұстап жейтін, қыратын, мақлұқтар да адамға пайдалы мақлұққа саналады. Мәселен, түрлі торғай сияқты бұларды қорек қылатын ұсақ құстардың бәрі де құрт-құмырсқалардың қасы, адамдардың досы. Ол құстарға зиян тигізу, адамға зиян тигізумен бірдей.

Ұсақ құстардың сондай пайдасын білетін жұрттар олардың жұмыртқаларын алғызбайды, балапандарына да, өздеріне де тигізбейді.

Халел Досмұхамедұлы. Үстел үстінде жұмыстанудың тәртібін білесіз бе?
Мағжан Жұмабайұлы. Бала мінезіне тамақтың әсері бар ма?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу