Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
Түркістан облысының Жетісай қаласында өгей қыздарын қорлап келген әйел үй қамағына алынды. Сот 28 жастағы әйелдің жүктілігін ескеріп, оны түрмеге жібермеді. Десе де әйелдің кінәсі дәлелденсе, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Күйеуінің бірінші некесінен туған қыздарға сұмдық әрекеттер жасап, қинап келген 28 жастағы өгей ана бүгін аудандық сотқа күшейтілген күзетпен жеткізілді. Алайда ол 2 айға үй қамағына алынды. Сот оның жүктілігі мен туған баласы барын ескерген.
Қазақстанды дүр сілкіндірген оқиғадан кейін қыздардың әкесінің ата-ана құқығы шектелген. Сонымен қатар оның теріс діни ағымды ұстанатыны анықталыпты.
Ал қатыгез өгей анаға қатысты бірден екі қылмыстық іс қозғалған.
«Бүгінгі таңда күдіктіге қатысты ҚР ҚК 110 (Қинау) және 140-баптарына (Кәмелет жасқа толмаған баланы тәрбиелеуде міндетін тиісінше атқармау) сәйкес қылмыстық іс жүргізіліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - дейді облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзова.
Еске сала кетсек, бұған дейін Жетісай қаласында өгей ананың үш қызына қорлық көрсетіп келгенін хабарлаған едік. Қыздардың денесіндегі жараларды мектеп мұғалімдері көрген. Директоры полицияға хабарласқан соң, істің ақ-қарасы анықтала бастады.