Ауған қазақтарының тарихы
26-12-2020
Мажарстан (Венгрия) Альпі, Карпат және Динар тауларының аралығында орналасқан. Жерінің тең жартысын Үлкен Орта Дунай ойпаты алып жатыр. Мажарстанның басты өзені - Дунай елдің бел ортасынан басып өтеді. Мажарстан – Еуропаның орталығында орналасқан, Аустрия, Словакия, Украина, Румыния, Хорватия мемлекеттерімен шектеседі. Астанасы – Будапешт. Халқының 90%-дан астамы мажарлар. Қалғандарын алман, серб, хорват, румын, еврей, тағы да басқа халық өкілдері құрайды. Мемлекеттік тілі – мажар (мадьяр) тілі. Тұрғындарының басым көпшілігі христиан дінінің католиктік (70%) және протестанттық (25%) тармағын ұстанады.
Орта Дунай жазығында орналасқандықтан, жерінің 60%-дан астам бөлігін жазық, қалған бөлігін таулы қырат алып жатыр. Жазық жерлері ауылшаруашылығына қолайлы, таулы аймақтары қалың орманды. Қазіргі Мажарстан жерін біздің заманымыздан бұрынғы 1-мыңжылдықта сақтар және кельт, иллирий, фракия үндіеуропалық тайпалары қоныстанған. Кейінірек герман, ғұн, авар тайпалары ағылып келіп, осы жерден Батыс Рим империясына шабуылдар жасаған. Бұл өңірде 430 жылы Аттила (Еділ) патша бастаған Батыс Ғұн мемлекеті құрылып, ол ыдырағаннан кейін Баян хан бастаған аварлар билігі салтанат құрды. 895 жылы Арпад патшаның басшылығымен мажарлардың (мажарлар) жеті тайпасы көшіп келіп қоныстанды. Арпадтың шөбересі Геза христиан дінін қабылдап, еуропалық үлгідегі мемлекет құрды. Шыңғысхан шапқыншылығы кезінде (1237-46) көптеген қыпшақ тайпалары Мажарстанға келіп, қоныс теуіп қалды. 1301 жылы Арпад әулеті биліктен кетіп, өкімет басына Анжу әулеті келді. Олар 1335 жылы чех, поляк корольдерімен бірігіп, саяси-сауда одағын құрды. 1372 жылы Пешт қаласында университет ашылды. 16 ғасырдың бас кезінде елдегі бытыраңқылық салдары Мажарстанның әлсіреуіне әкеп соқты. Осман сұлтандығы мұнда 1526-1686 жылдары өз биліктерін орнатты.
Мажарстанның тұрғылықты халқы өздерін «Мадиярлармыз» деп атайды. Осы мажарлық мадиярлардың қазіргі мекендеп жатқан Еуропа аумағына ұлы даладан келгендігі жəне олар қайсібір заманда сонда көшіп-қонған халықтың бір бөлігі болғандығы жайында тарихи, мұрағаттық деректер мен аңыздар көп. Мажар аңыздарындағы ғұндарға байланысты оқиғалар мажарлардың шығыспен байланысының сонау ерте заманда басталғанын, Мажарлардың Азиядан Еуропаға 896 жылы қоныс аударғанын баяндайды.
Мадиярлар Қазақстанды өздерінің ата-жұрты деп санайды. ІХ ғасырда қыпшақ деген атпен белгілі болған халық ХIII ғасырдың басында Мажарстанға қоныс аударады. Көтен хан (Котян) ІV Белаға елшілерін жіберіп, Мажарстанға халқымен көшіп баруға рұқсат сұрайды. Рұқсат алған соң, 1239-40 жылдары қоластындағы 40 мың (кейбір деректерде 60 мың) халқымен көшеді. Еркін көшіп-қонуға, ескі салттары бойынша өмір сүруге лайық аумақтарға, жазық далалы жерлерге қоныстанады. Түгелдей отырықшы болуларына жүз жыл кетеді, ал тілдері, Иштван Мандоки Қоңырдың айтуынша, ХVІІ ғасырдың аяғына дейін сақталады. Күні бүгінге дейін Мажарстандағы Дунай мен Тиса арасы – Кишкуншак (Кіші қыпшақ жері), шығысы Надькуншак (Ұлы қыпшақ) деген атауларға ие. Қарсақ қаласы – Ұлы Қыпшақ жерінің жүрегі. Біздегі әйгілі «Қарсақбай кен орны» атауын еске алыңыз.
Мадиярлар мен қазақтардың туыстығы туралы алғашқы пікірлер ХІХ ғасырда жергілікті газет беттерінде жариялана бастайды. 1835 жылы Шамуель Брашшаидың «Қырғыз-қазақтар» атты еңбегі жарық көреді. Кейін де мадияр ғалымдарының қазақ еліне, жеріне байланысты еңбектері жарық көре бастайды. Солардың арасында Дьердь Алмашидің есімі көзге ерекше түседі. 1900 жылы Қазақ жеріне жасаған саяхаты нəтижесінде «Азия жүрегіне саяхатым» атты еңбегі жарық көреді. Кітабында Орта Азия халықтарының, соның ішінде қазақтардың өмірі, тұрмыс-салты, шаруашылығы, сауда-саттығы, əдет-ғұрпы, наным-сенімдері, қолөнері, ауыз əдебиеті туралы мол мағлұмат келтіреді. ХХ ғасырда белгілі мажар ғалымы, антрополог Тибор Тот өзінің ғылыми еңбектерінде екі елдегі руларды, қазақтар мен мадиярлар (мажар) арасындағы туыстық байланыстарды жан-жақты зерттеуді бастағанымен, бұл ғылыми мұрасын саяси себептерге байланысты жалғастыра алмайды. Ал Андрош Биро мұны ғылыми дəрежеге көтереді. 2006 жылы Андроштың жетекшілігімен, Қостанай облысында қазақ-мажар бірлескен антропологиялық экспедициясы Торғай өңірінде тұратын қазақтар мен мадияр руы өкілдері арасындағы генеологиялық деректер, антропологиялық өлшемдер жасалады. ДНК үлгілері алынып, ғасырлар бойы өзгермейтін жəне генетикалық ақпаратты сақтайтын Ү хромосомдарына талдау жүргізіледі. Нəтижесінде мажарлық мадиярлар мен қазақтардың арасындағы туыстық қатынас толығымен дəлелденеді. Ал Иштван Мандоки Қоңыр «Күн тілінің Мажарстандағы ескерткіші» (1993) атты еңбегінде мажар тіліндегі кейбір сөздер мен қазақ тіліндегі сөздердің ұқсастығын келтіреді. Мысалы: арқан – arkany, ұнтақ – ontak, шолақ – csollak, қанжыға – kangyik, пышақ – bicska т.т. болып кете береді.
Келтірілген деректер Қазақтың рулық шежіресімен де толықтай сәйкес келеді.
МАДИЯР – таза қазақи атау. Ад, Мад, Ади, Мади, Ар (яр), Дияр деген біріккен сөздерден тұрады. Сөз түбірі – Ад (қарашаңырағы Адай). Арғы тегі ежелгі Маңғыстаудың МАД (Ман Адай) патшалығы. Ал, олардың өздерін қыпшақпыз дейтіндеріне келсек, Қыпшақ пен Қазақ синоним сөздер болып табылады. Шындығында, Қыпшақтар Қазақтың ұрпағы. Олар өздерін Мажарлар деп те атайды. Ма (Ман) жар (жары), Аж (Аз), Ар деген біріккен сөздерден тұрады.
Мажар олардың рулық атауы. Толық мағынасы Маңғыстаулық Жарылар деген сөз. Жары руы Қазақтың Адайының кенжесі (қарашаңырағы) Мұңалдан тарайды (Адайдың шежіре дерегінен).
Қазіргі Каспий мен Аралдың арасындағы Мұңалжары (Мугаджар) тауы, Шыңғыстаудың (Шыңғыс ханның атына қойылған) ең биік жері Мұңал шыңы, Алтайдың арғы шегіндегі Мұңал даласы (қазіргі Монғолия), көптеген әлем елдеріндегі Жары атты жерлер мен елдер (мысалы Жаркент (Жары кенті), Жарсу (Жары суы), Жарбұлақ (Жары бұлағы), Жарқұдық (Жары құдығы) т.т. солардан қалды.
«...Танымадың атаңды,
Қазақтың ұлы қағаны
Шыңғысхандай бабаңды.
Танымасаң атаңды
Танытайын мен саған
Атамыз Мұңал Жарыдан
Мұңалжар деген тау қалған (Ақтөбе облысы, орысша Мугаджар деп аталады).
Ұлытауым ардақтым
Сарыарқамның төсінде,
Шыңғыстау деген тау қалған.
Сол Шыңғыстың шыңында,
Мұңал деген шың қалған
Алтайдың арғы шегінде
Мұңал деген ел қалған (қазіргі Монғолия).
Тоқтамасаң оған да,
Соншама милау болмасаң,
Айтқан сөзге көнбесең,
Ақиқат деген ауылдың
Қонағы болып «қонбасаң»
Ұрпағы оның мен қалғам.
Атамыз Жары болған соң,
Шыңғыстан әрі болған соң.
Тоқтамыс-Табай шығады,
Жошыдан бізге қалған жол» (Аманжол Орынбасарұлы Шеркешбай. «Адай тегі» толғауынан үзінді).
Дияр араб тілінде тұрғын үй, ел деген мағына берсе, парсы тілінде «жарық беруші немесе Құдайдың бергені» деп аударылады. Дияр таза қазақ сөзі – Ди және Ар деген екі біріккен Атамыздың есімінен тұрады. Мағынасы Ди Ардың атасы.
Ал, Диярдың тегі кім дейтін болсақ, оны Ад қауымы деп батыл айта аламыз. Әлемнің көптеген елдерінде «Ад-Дияр» деген атаулар кездеседі. Соның бірі Ливанның Бұқаралық ақпарат құралының атауы. Ол елдегі орталық баспасөздің атауы «Ад-Дияр» деп аталады, яғни Диярдың атасы Ад қауымы делінген. Ад-тың Диярдан бұрын жазылатынының сыры осы.
Атам Қазақтың ежелгі қағидасында қазіргілер жазып жүргендей, адам аттары Атасы мен әкесінен бұрын айтылмаған да, жазылмаған да. Мысалы, Әз (Аз) Жәнібек, Әз Тәуке, Ер (Ар, Арыс) Тарғын, Ер Қосай, Ер Шабай, Ер Төлеп, Ер Қармыс, Ақ Назар (Хақ Назар хан), Мұңал Жары, Алшын Жалаңтөс, Қара Керей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Қоңырат Алатау, Ескелді Сүгір, Құнанорыс Шабай, Табын Бөкенбай, Тама Есет, Жаңай Қожаназар, Шапырашты Қарасай, Шапырашты Наурызбай, Кете Жүсіп, Қарақыпшақ Қобыланды, Жаныс Төле би, Ескелді Саназар т. т. болып бәрінде де руының (Атасының) аты бірінші жазылған.
Бұл атамыздың есімі Маңғыстауда Мадияр атты алқап пен елді мекен (Бозашы түбегінде), Дияр деген жер және елді мекен (Манқыстау мен Ақтөбе облысының шекара жерінде орналасқан, Байғанин ауданына қарайды) атауында сақталған. Бұл атау әлемнің өзге де елдерінде көптеп кездеседі. Мысалы, Диярбакыр Түркияның оңтүстік-шығысындағы қала мен ауданның атауы, бұл қала Түркиялық курдтардың әкімшілік орталығы. Дияла Ирак пен Иранда өзен, Иракта аймақ атауы.
Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау