Сәкен әдебиеттегі айтыс-тартысқа сирек қатысатын...

Oinet.kz 13-01-2020 656

image.png

(Сәбит Мұқановтың естелігінен)

Сәкен өсек айтуды білмейтін кісі еді. Оның біреуді біреуге шағыстырғанын немесе біреуді сыртынан кінәлағанын естіген де, көрген де кісі жоқ. Не айтқысы келсе де ол бетіне айтатын. Көлгірсу, жалпақтау дегенді білмейтін. Өсекшінің мінін тура бетіне басатын...

Бір көрме кісіге Сәкен тәкаппар сияқтанатын еді. Кейбіреуге сөйтетіні рас та болатын. Үлкенсуді ол қатты ұнатпайтын. Егер біреуден ондай мінез сезсе, я ұнатпайтын біреуі болса, кекірейе қалатын.

Ұнатпайтын адамымен Сәкен сөйлеспейтін, араласпайтын. Ұнататына да сирек араласатын. Өзі ұнататын біреумен кездесе қалса, ұзақ мәжілістесуді жақсы көретін. Ондай шақта байсалды кеңес қозғауды ұнатпай, әзіл, қалжың, сауық сияқты көңіл көтерерлік істермен ғана отыратын.

Сәкен өз жанынан әңгіме айтуға шорқақ болатын. Ол тек қысқа, күлкілі кеңесті ғана айтатын. Сөзге шешен емес те. Ауызша әңгімелері ұрт, доғал, кесек келетін. Бірақ сондай сөздері өте тапқыр, өткір болатын. Тым әдемі сөйлегенді жаратпайтын. Қарапайым, мағынасы ашық сөзді жақсы көретін...

Сәкен аса балажан адам еді. Үлкендерге «кісікиіктеу» ол, бала көрсе жанаса, жұғыса кететін. Туған інісі Мәжиттің жирен шашты балаларын емірене құшақтап отырғанын талай көрдік. Өзі де, інісі де қара шашты Сәкен немерелерінің жирен шаштығын арғы аталарына тартқан деп түсіндіретін.

1936 жылы өзінен Аян дейтін ұл туып, сондағы қуанышын маған ұзақ қылып жазғаны бар. 1937 жылдың көктемінде туған ұлымның атын мен Ботажан деп қойдым. Содан кейін біздің үйге бір келгенінде жас нәрестені алдына алып отырып: «Аты кім?» деді Сәкен. Мен: «Ботажан» дегенде, күліп: «Бұзаужан деп неге қоймадың?» деді.

Баланы Сәкен иіскеуші еді де, сүймеуші еді. Неге десең, өмірі кісі сүйіп көрген жоқпын дейтін.

– Әйелді ше?

– Оны да...

Сәкен тазалықты аса жақсы көретін. «Біреудің үйіне қыдырыстап барайын демеймін-ау, шақырусыз барсам жинақы кезіне ұшыраспай, былығып жатқанын көріп, екінші рет ол үйге баруым қиын» дейтін.

Әдемі нәрсені Сәкен жақсы көруші еді. Советтік құрылыстың алғашқы кезінде Финанс наркомы болған Сокольниковтың әйелі, белгілі жазушы Галина Серебрякова 1933 жылы Сәкенді Москвада үйіне қонаққа шақырып, әдемі қобдиша сыйлады. Сол үйден шыға бере Сәкен қағазға ораған қобдишаны ашып, толған айдың сәулесіне тосты да: «Осындай көркем нәрсені ұстаған әйелдің саусағына қол тию қандай рахат!» деді. Сәкен сол сияқты сәнді нәрсені көбірек жинауға тырысатын еді.

Асты Сәкен таңдап, дәмдісін ғана ішетін. Тыңқия тоюды ұнатпайтын.

Сәкен аса уәдешіл болатын. Уәделі ісін бұлжытпай, кезінде орындайтын. Екі сөз айтпайтын.

Әдебиетте немесе басқа мәселелер жөнінен айтыс-тартысқа ол сирек қатынасатын. Қатынасқан жиналыстардың көбінде егер біреу қытығына тимесе сөйлемейтін. Жазбаша болмаса, ауызша айтысқа шорқақ болатын. Адал сынға ашуланбайтын. Арам сынның біразына жауап бермейтін.

Құлтөлеу Мұқаш, Ескі альбом

Қуандық Шамахайұлы. Пысық жігіт
25 маусым һәм Мағжан
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу