Лев Толстой. Балалар әңгімелері

Oinet.kz 13-02-2020 800

image.png

Римнің  тұрғызылуы  (тарих)

Бір патша болыпты, оның Нумитор және Амулий деген екі  ұлы болады.  Патша  өлерінің  алдында  ұлдарына: «Сендер байлықты  өзара қалай бөлесіңдер?  Кім  өзіне  Патшалықты алады, ал  кім өзіне  менің барлық байлығымды алады» - дейді.  Нумитор патшалықты  алады, Амулий байлықты қалайды. Байлыққа ие болған Амулий  ағасының  патша болғанын көре алмайды, содан ол  патша болу үшін  солдаттардың  көңілін  сыйлықтармен  алдап,  Нумиторді кетіру үшін айдап салады.  Солдаттар  Амулийдің айтқанын істейді, ол патша болады.  Нумитордың   қызы  бар еді,  сол   қыздан  егіз  -  екі  ұл туады.  Олар  алып денелі  және сұлу еді.

Амулий күндердің күні егіздерді халық жақсы көріп, өскенде   оларды  патша  сайлайды  деп  қорқатын еді. Бір күні  Амулий Фаустин  деген қызметшісін  шақырып:  «Ана екі  ұлды алда  суға лақтыр»  - деп  бұйырады. 

Өзен Тибр деп аталатын.

Фаустин  балаларды  бесікке  салып, өзен жағасына   апарып, тастайды.  Фаустин  балалар  қараусыз  қалса өледі  деп ойлайды. Бірақ   Тибр  арнасынан шығып, бесікті  биік ағаш басына көтеріп қояды. Түнде  ұрғашы қасқыр  келіп,  өзінің сүтімен егіздерді  емізеді. 

Егіздер сұлу, мықты және алып  денелі өседі. Олар Амулий тұратын қалаға  жақын жердегі  орман ішінде  тұрады,  аң  аулауға үйреніп,  күндерін көреді.  Қала  халқы  егіздерді бірден таниды,  олардың  сұлулығына   сүйсініп, жақсы көреді.  Үлкенін -   Ромул, ал  кішісін – Рем деп атайды. 

Бір  күні  Нумитор мен  Амулийдің  бақташылары   орман жанында мал бағып жүріп жанжалдасып:  Амулийдің бақташылары  Нумитордың  малын айдап  кетеді. Егіздер бұны көріп  бақташыларды   қуып жетіп, малды  тартып алады.

Нумитордың  бақташылары  егіздерге  қатты ашуланып,  Ромул болмаған кезде  Ремді бағып тұрып,  ұстап алады,  Нумиторға алып келіп: «Орман  ішінде  екі  ағайынды  ойран салып  жүр,  адамдардың  малын тартып алады, қарақшылық  құрады.  Солардың біреуін, міне   ұстап алып келдік» - дейді. Нумитор Ремді Амулий патшаға апарыңдар дейді. Амулий болса: «Олар ағайынды адамдардың малшыларын ренжетті, сондықтан да  ағамның  өзі соттасын» деп қайырады.  Ремді  Нумиторға қайтадан алып келеді. Нумитор бұл жолы Ремді  өзіне  шақырып: «Сен қайдан шықтың,  сен кімсің өзі?» - деп сұрайды.   

Рем: «Біз ағайынды екеуміз,  сәби кезімізде  біз жатқан бесік   Тибр өзені  жағалауы  маңындағы ағашқа  тіреліп, сол жерде бізді  жабайы  аңдар мен құстар асырап алыпты.  Біздер сол жерде  өстік. Ал біздің кім  екенімізді  білгіңіз келсе біздің бесігіміз сақталды. Сол бесіктің  жезді  жолақтарында  бірдеңелер ойылып  жазылған» дейді. 

Нумитор таңданып, өзінің  немерелері  емес пе екен? –деп ойға батады.  Ремді  өзіне қалдырып,  білу үшін  Фаустинге адам жібереді.

Бұл кезде Ромул інісін іздей бастайды, таба алмайды. Бақташылар  інісінің  қайда  екенін айтып, оны  қалаға алып  кеткенін  естиді, Ромул қолына бесігін алып, інісінің  артынан барады. Фаустин сол кезде бесікті  танып,  халыққа  Ромул мен Рем Нумитордың немерелері екенін,  Амулий оларды суға батырып өлтіргісі келгенін хабарлайды.  Амулийге  ашуланған халық  Амулийді  өлтіреді. Ромул мен Ремді патша етіп сайлайды. Бірақ  Ромул мен Рем бұл қалада тұрғылары  келмейді,  аталары   Нумиторды патшалыққа   қалдырып, өздері  Тибр  өзені жағалауындағы ұрғашы қасқыр  оларды  емізген ағаш  түбіне қайтып оралады, сол жерде Тибр өзені жағасында Рим  қаласын тұрғызады.                           

Қаздар Римді  қалай құтқарды (тарих)

390 жылы Х. тумас  бұрын  жабайы галдар  римдіктерге  шабуылдайды. Римдіктердің  оларға  шамалары келмейді, римдіктер  қаладан  қашады,  ал  кейбіреуі  бекіністе тығылады. Бекініс   Капитолий  аталады екен. Қала ішінде сенаторлар ғана қалады. Галдар қала ішіне  кіріп  сенаторларды өлтіреді, Римді өртейді. Римнің қақ ортасында Капитолий бекінісі ғана  қалады, галдар оған жете алмайды.  Галдар Капитолийді тонауды көздейді, өйткені  бекініс ішінде көп байлық барын білетін. Бірақ  Капитолий биік шыңда  орналасқан еді:  бір жағынан қабырға мен бекініс қақпасы, ал екінші жағынан тік жар еді. Түнде галдар тығылып келіп, найзалары мен семсерлерін біріне бірі жалғап, жардан Капитолийге өрмелейді.

Осылай галдар  білдірмей  жарға  шығады, бірде бір ит оларды естімейді. Бекініс қабырғасына көтеріле бергенде  қаздар адамдарды сезіп қояды, қаңқылдап,  қанаттарын  сартылдатып соғады. Бір римдік оянып, қабырғаға жүгіріп барып, қабырғаға өрмелеген  галды жарқабақтан  лақтырады. Галл құлап, өзімен бірге басқаларды  жығады. Сол кезде римдіктер  жүгіріп келеді,  өрмелеген галдардың үстіне   бөренелер мен тастар лақтырып, едәуір  галды қырып салады. Содан кейін  Римге көмек  келіп,  римдіктер   галдарды қуып шығады.     

Содан бері римдіктер осы күнді тойлайды. Дін  басылары сәнді киініп қала ішінде шеру өткізеді; олардың біреуі қолына қазды  көтеріп  жүрсе,  енді  біреуі  оның  артынан итті сүйреп жүреді. Ал халық  қазға және дін басына иіліп сәлем береді: қаздарға сыйлықтар тарту етеді, ал иттерді таяқпен  арам қатқанша соғады.                    

Қытай патшайымы Силинчи (болған оқиға)

Қытай императоры Гоангчидің  Силинчи  деген  сүйікті жары болады. Император сүйікті патшайымы халықтың есінде қалғанын қалайды. Император  сүйіктісіне  жібек  құртын  көрсетіп: «Мынау  құртпен не істеу керегін, оны қалай  өсіру керегін үйрен, сонда  сені  халық  ешқашанда  ұмытпайды» – дейді. 

Силинчи құрттарды қарайды, құрттар сілейіп қалғанда оларды шырмауық жабатынын көреді. Силанчи патшайым шырмауықты   тарқатып,  одан  жіп иіреді, жібек  орамал тоқиды.  Содан кейін  құрттар  тұт ағашы үстінде  жиналатынын  көреді. Силинчи ханша тұт ағашы қабықтарын жинап, құрттарды жемдейді.  Ол  көп құрт өсіреді,  өзінің халқына  құртты қалай өсіру керегін үйретеді. 

Содан бері бес мың жыл өтсе де осы күнге дейін қытайлар  Силанчи патшайымды есінен шығармайды, оның құрметіне  мейрамдар  өткізеді.

Үндіс пен ағылшын (болған оқиға)

Үндістер соғыста жас ағылшын жауынгерін тұтқынға алады,   оны ағашқа   байлап, өлтірмекші болады. 

Сонда  қарт үндіс келіп: «Оны өлтірмеңдер, маған беріңдер» – дейді.  Ағылшынды  қарт үндіске береді.

Қарт үндіс ағылшынның байлаулы қолын босатып, өзінің күркесіне  алып келеді,  тамақтандырады, түнде  қасында қондырады.

Ертеңгі күні тәңертең қарт үндіс  ағылшынға  артынан жүруге  бұйырады. Олар ұзақ  жүреді, ағылшын әскери лагеріне  жақындағанда   қарт үндіс:  «Сіздің адамдар менің ұлымды өлтірді, мен сенің өміріңді сақтап  қалдым;    өз  адамдарыңа  бар,  бізді   өлтіре бер   - дейді.

Жас ағылшын аң –таң болып: «Сен неге  мені мазақ етесің?  Мен ағылшындар сенің  ұлыңды  өлтіргенін  білемін:  сенде  мені  тез  өлтір» –  деп тұрып алады.

Сонда қарт үндіс: «Сені  өлтіріп жатқанда  менің есіме  ұлым  түсіп,  сені аядым.  Мен күлмеймін:  жүре бер ,  қаласаң,  бізді өлтіре бер»  – дейді. 

Үндіс  осылайша  ағылшынды босатты.

Мұжық тасты  қалай алып тастады  (болған іс)

Бір қала  алаңында  алып тас  жатады.  Тастың үлкендігі  сонша  едәуір  жерді алып, қала  халқының жүруіне бөгет болатын. Қала басшысы  инженерлерді  шақырып:  тасты қалай алып тастауға болады  және  осы еңбектері  үшін қанша  ақша алады екен деп сұрайды.

Бір инженер тасты жарылғыш  затпен жару керек, содан соң жарылған  тас  кесектерін   бөлшектеп  тасу керек,  бұл  жұмыс  сегіз мың рубль тұрады дейді;  екінші инженер тастың астына үлкен сырғанақ   орнатып   жылжыту  керек,  оның  бұл  жұмысы   алты мың рубль тұрады  дейді.   

Сол кезде  бір мұжық:

«Мен  тасты  алып тастаймын және бұл жұмысым үшін  жүз рубль аламын» - дейді.

Адамдар мұжықтан  сен бұны   қалай  істейсің деп сұрайды.  

Ол: «Тастың  қасынан үлкен шұңқыр  қазып;  шұңқыр топырағын алаңға  шығарамын,  шұңқырға  тасты аунатып құлатамын, содан кейін  көміп, тегістеймін»  дейді.  

Мұжық айтқанын  істейді, қала басшысы  оған жүз рубль және   тапқырлығы   үшін  тағы жүз рубль қосып береді. 

Қыран (әңгіме)

Қыран мұхит суынан алыс үлкен жол үстінде ұя салып,   балапандар  шығарады. 

Бірде қыран тырнағымен балықты қысып ұясына самғап келе жатса  ұя салған ағаш астында  жұмыс істеп жатқан  адамдарды көреді,  әлгі адамдар  балықты  көріп,  ағашты  қоршап, қыранға тас  лақтырады,  айқайлайды.

Қыран тырнағынан балықты түсіріп алады, адамдар балықты жерден көтеріп,  алып кетеді. 

Қыран  ұясының  шетіне қонады, қыран балапандары мойнын созып,  шиқылдап  тамақ  сұрайды.     

Шаршаған  қыранның  мұхитқа  тағы бір  мәрте  ұшуға күші  жоқ еді;  ол  ұясына  қонып, балапандарын  қанатымен бүркеп, еркелетіп, қауырсындарын жөндеп, сәл күтуді сұраған болды. Қыран балапандарын   еркелеткен  сайын, олар  қаттырақ шиқылдайды.

Сол кезде қыран ұядан ұшып, ағаш бұтағының басына барып  қонады.

Қырандары  ысқырып,  аянышты  халде шырылдайды.

Бір мезгілде  қыран өкіре айқайлап,  қанатын кең жазып, мұхитқа  самғай жөнеледі.  

Қыран  кеш батқанда  қайтты:  ол жер үстінен төмен,  ақырын  ұшты,  оның  тырнақтарында   үлкен  балық  бар еді. 

Ол  ұшып келе  жатқанда   ағаштың  маңында  адамдардың  бар жоғына көзін жеткізіп, содан кейін ғана  қанаттарын  тез жиып,  ұясының  шетіне қонды. 

Балапандар бастарын көтеріп, ауыздарын  аңқайтып ашты,  қыран  балықты  жұлып  үзіп,  аузына салып, балапандарына  тамақ берді.   

Арыстан  мен күшік (әңгіме)

Лондон қаласында тұрғындарға жабайы аңдарды көрсетіп, ақшалай  болмаса  ит, мысықты  жыртқыштар  жеміне ала береді екен. 

Бір кісі аңдарды көрейінші деп көшеден күшік ұстап, аңдар көрмесіне  келеді. Әлгі  адамға  жыртқыштарды  көруге рұқсат береді,    алып келген күшікті  арыстанға торға  лақтырады. 

Күшік торға кірген бойда құйрығын бұтына қысып,  бұрышқа тығылады. Арыстан күшікті иіскесе, күшік арқасына жатып, аунап, табанын жоғары көтеріп, құйрығын бұлғаңдатады. Арыстан күшікті аяғымен аунатып ойнаса күшік арыстан алдында құрдай жорғалайды.

Арыстан күшікке қарап, басын  шайқап, бұдан соң тиіспейді.

Көрме қожасы арыстанға ет лақтырса  кесек етті жұлып күшікпен бөліседі. Арыстан түнде ұйқыға кеткенде күшік оның жанына келіп жатады,  арыстан табандарының  үстіне басын салып ұйықтайды.

Содан бері  күшік тор ішінде арыстанмен тұрады,арыстан күшікке тиіспейді, бірге тамақ ішеді, бірге ұйықтайды, күшікпен анда-санда ойнап қояды.

Бір күні күшік иесі табылып, күшігін танып, қайтаруды сұрайды. Көрме қожасы күшікті қайтарғысы келіп күшікті шақырса  арыстан  ырылдап,  күшікті бермейді.

Арыстан мен күшік тор ішінде бір жыл тұрады. Біраз уақыттан соң  күшік ауырып,  өліп қалады.

Арыстан күшіктің өлгенін көріп, қарғып секіріп, жекіріп, құйырығымен  өзін сабалап,  тордың  жиегі мен еденді мүжгілейді. Бір күн  тоқтамай өкіреді, содан кейін өлі күшіктің қасына жатып тынышталады.  Қожайын  өлген күшікті тордан алып тастайын десе арыстан бермейді,  мүмкін  басқа итпен  ауыстырсам,  арыстан ұмытар деп басқа тірі күшікті торға лақтырады, арыстан әлгі күшікті сол бойда талап  тастайды.

Арыстан өлген күшікті табанымен құшып бес күн жатады. Алтыншы күні  арыстан  өзі де өліп қалды.

Қасқыр бөлтірігін қалай үйретеді

Жолда келе жатсам, артымнан айқай салған дауыс естілді,  бақташы бала екен.  Ол  жазықта  айқайлап, қолымен біреуді көрсетіп, жүгіріп келеді.

Қарасам түзде  екі қасқыр қашып барады:  біреуі көкжал қасқыр, екіншісі жастау. Жас қасқыр  жарылған тоқтыны аяғынан  тістеп,  үстіне  артып,  қашып бара жатыр,  көкжалы артынан  ілесіп келеді. 

Бұларды көрген соң, бақташымен бірге айқайлап, мен де қасқырлар соңына түстім. Біздің айқайымызды естіген мұжықтар да иттерімен келіп жетті.

Көкжал қасқыр адамдар мен иттерді көргенде  жас  қасқырдан тоқтыны жұлып, арқасына салып, екеуі жылдам жүгіріп, көзден таса болды.

Бәрі жиналғанда бақташы бала істің қалай болғанын айтты: сайдың ішінен көкжал қасқыр атып шығып, тоқтыны жарып, ала қашады. 

Алдынан кішкене қасқыр шығып тоқтыны өзіне артады. Қарт қасқыр жас  қасқырға  тоқтыны  беріп, қасында аяңдап отырады. 

Ал қауіп төнгенде қарт көкжал қасындағы кішкене қасқырды үйреткенді тоқтатып, қойды өзіне артып алады.

Аударған, Салауат Кәрім

Қатігездік (әңгіме)
Әр адамның ішінде «оба» өмір сүреді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу