Алексей Цой: «Балаларға вакцина мектептерде салынады»
Балаларға коронавирусқа қарсы вакцина білім беру ұйымдарының егу пункттерінде салынады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.
- Балаларды вакциналау бұрыннан оқу орнындарындағы егу пункттерінде, яғни білім беру ұйымдарында жүргізіледі. COVID-19-ға қарсы вакцинация білім беру ұйымдарында және республиканың егу пункттері желісінде де жүргізілді. Вакциналау ата-аналардың немесе кәмелетке толмағандар мен жасөспірімдердің басқа да заңды өкілдерінің ерікті түрде келісімінен кейін ғана жүзеге асады, - деді Цой Үкімет отырысында.
Ол премьер-министрден облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының әкімдіктеріне министрліктермен бірлесіп, педагогтерді, кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен өзге де заңды өкілдерін, жасөспірімдерді коронавирусқа қарсы вакциналау мәселелері бойынша хабардар етуді, сондай-ақ егу пункттерін Санитариялық қағидаларға сәйкес дайындауды, вакцинаның бірінші партиясы келіп түскенге дейін мұздатқыш жабдық орнатуды, вакциналарды тасымалдау, сақтау және қолдану қағидаларын сақтауды, медицина қызметкерлерін даярлауды қамтамасыз етуді тапсыруды сұрады.
Еске салайық, балаларға Pfizer вакцинасы салынады.
- Балалардың, жүкті және бала емізетін әйелдердің коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алуына мүмкіндік беру үшін 4 миллион 230 доза вакцина сатып алынды, бұл 2 миллион 115 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді. Вакцинаны 12-ден 17 жасқа дейінгі балалар, жүктіліктің 16-37 аптасы мерзіміндегі жүкті әйелдер және босанғаннан кейін 42 күннен кейін бала емізетін әйелдер салдыра алады. 15 қарашаға дейін Comirnaty Pfizer вакцинасының алғашқы партиясын 379 мың доза көлемінде жеткізу жоспарланып отыр, - деп атап өтті министр.