Академик Әлкей Марғұланның ғалым Ебінай Бөкетовке жазған хаты

Oinet.kz 12-07-2020 671

7 сəуiр 1973 жыл, Алматы – Е.А.Бөкетовке:

Ардақты Ебке! Сансыз сəлем. (...) Қаныш жайында кiтап жазу əрине оңай емес. Бiрақ, жазу керек. Жəне оны жай кiсi жазғаннан гөрi инженерлiк өнердi жүйрiк бiлетiн, техника ғылымының иесi жазуы керек. Олай болмаса көп нəрсенiң үстiнен өте шығып, негiзгi мəселелер қалып қоюы мүмкiн. Сiз үшiн Қаныштың инженерлiк дəуренi өте түсiнiктi, айқын көрiнiп тұратын болуға тиiстi. Оны ешкiмнен сұрамайсыз да, тек уақыт тауып еске түсiрiп, шетiнен кертiп жаза бересiз.

Сiзге көмескiлеуi – Қаныштың ауылдағы бала кезi. Қандай ортада өсiп, қандай тəрбие алғандығы. Тегiнде Қаныш туралы жазу – бүкiл қазақ халқы туралы жазу деген сөз. Мұхтар жазған "Абай" – ақын Абайдың өз басының дəуренi ғана емес, барлық қазақ халқының суретi, тiршiлiк жасауы, күн-көрiс-тұрмыс, əлеуметтiк, саяси жағдай барлығы бар. Қаныш туралы да осының барлығын қамту керек деп айтпаймын, бiрақ өлшемдi түрде орын алуы қажет.

Қаныштың геолог жолдастары, оның аса бiлiмдi, мəдениеттi елдiң өзiнде сирек кездесетiн жарқын мiнезiне, сыпайылығына, ботадай елбiреп тұруына таң қалатын. Қанышты еске түсiрудегi бiр жиылыста профессор И.И. Бок: "Тағы, надан елден осындай кiсi шығу мүмкiн бе?" – деп маған сұрақ қойды. Ол кiсi Қаныштың əкесiн, қазақ халқын түсiнбей, əдебиетте жалпы қалыптасқан сарынмен айтып отыр. Ашық айтқанда, Қаныштың сыпайылығы, көп бiлуi əкесiнен ауысқан қасиет. Қаныш пен бiз бала күнiмiздi кемеңгер əкенiң бауырында өткiзiп, күн сайын олардың ғажайып əңгiмелерiн естiп өстiк. Олар қазақ халқының географиясын, тарихи легендасын терең бiлетiн. Есiм хан мен Тəуке хан заманынан бергi уақиғалар (XV-XVII) жазулы тұрған кiтаптардан кем болмайтын.

Қаныштың əкесi Имантай осы күнгi университетте оқытып жүрген профессорлардың көбiн үйрете алар едi. Ол кiсi өзiнiң байтақ бiлiмiмен Г.Н.Потанинге де көп көмек көрсеткен. Қаныш, Мұхтар, Шоқан туралы жазушылар өте көп, бiрақ тереңiнен алып дүниенi көрсете жазған бiреуiн көргенiм жоқ. Бар үмiт Сiзде. Жақсы жазып шығуға тiлек бiлдiремiн. Керек мəселе болса сұрап тұрыңыз.

Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі жазбасынан

Бейімбет Майлиннің жары Күлжамал Майлинаның естелігінен
Мағжан Жұмабаевтың Сәбит Мұқановқа жазған хаты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу