Ана мен ұл. Жұмақ, періште. Мысал әңгімелер

Oinet.kz 08-09-2020 1128

Ана мен бала.jpg

Көшеде анасы мен ұлы келеді. Анасының қабағы түюлі, ұлын дедектетіп сүйреп:

-Қайдан ғана туып ем, басыма бәле болдың ғой, жалғыз өмір сүргенім тыныш еді!-деп ұлын жұлқып жіберді.

-Анашым, үйге барайықшы, ертегі оқып беріңізші.

-Байқұс балапан-ай, шешесіне сонша жабысып алыпты. Оңбаған шешесі жетімдер үйіне апарып тынар. Ақымақ бала мұны қайдан ұқсын бірақ,-деп айналасы әңгіме қылды.

.

Ұл ержеткенде анасы ішімдікті шамадан тыс  ішкеннен жиі ауырып қалатын. 16 жастағы бозбала жедел жәрдем шақырып, анасынан айырылып қалам ба деп қатты қорқып, жаны қалмайтын. Сосын құлап жатқан анасының күс-күс қолынан ұстап, кір-қожалақ бетінен сүйіп,анасын қатты жақсы көретінін айтатын.

-Мына баланың есі дұрыс емес. Ана қатынның ұлымен шаруасы жоқ, әркімнің табалдырығына тастап өсірді, ал бұл болса ішкіш шешесін аман алып қалу үшін шырылдап жүр,-деп айналасы сөз қылды.

******

Мектепті де, ЖОО орнын үздік бітірген жас жігіт қалада қалмай, ауылға- Анасының қасына қайта оралды. Мектепке ұстаз боп кірді.

-Ақымақ десе, елдің баласын оқыту үшін қызыл диплом алды ма екен? Карьера жасаса болар еді ғой?-деп айналасы тағы сөз қылды.

*******

Анасы өмірден өтті. Бірақ жігіт анасының бейітіне күнара баратын. Бірақ жалғыз емес. Келіншегімен. Көрші қызға үйленген болатын.

-Ақымақ па, бірдеңе. Әдемі жігіт, бірақ ауылдың сүйкімсіз қызына үйленіп алды. Әрі қыз ақсаңдаңдап жүреді,-деп айналасы гу-гу әңгіме қылды.

*****

Екі жас бір-бірін шынайы сүйді, өте бақытты еді. Алайда араларында бала болмады. 

...Аз уақытта екі баламен қыдырып жүрген екеуін көргенде ел:

-Өй, ақымақ, қатыны тумаған соң өзгенің баласын асырап алды. Басқаныкы бала болар дейсің бе?-деп көрші кемпірлер өсек айтуын қоймады.

...Жылдар өте берді. Ұл мен қыз өсіп, оқуларын үздік бітірді. Отбасын құрды. Ата-анасын қатты құрметтейтін балалар, xалін білу үшін күнде келетін. Өте тату отбасы еді.

****

Бірде отағасы өзен жағасында қыдырып жүреді. Көзі өзенге қарап тұрған бір топ адамға түседі. Сөйтсе суға ит түсіп кетіп, бетіндегі мұздан шыға алмай жатыр екен. Өмір мен өлім арасында арпалысқан иттің түрі өте аянышты. Бірақ Ел тек қарап, телефонға түсіргеннен басқа еш әрекет қылмады. Тек қарт кісі (кейіпкеріміз) еш ойланбастан суға күмп берді.

-Ақымақ, жақында инфаркт алды, сонысымен суға секіргені қай сасқаны? Ақымақ боп туылса, өлгенше ақыл кірмейді екен ғой,-деп әңгіме қылды сонда сол жердегілер.

*****

Өз кезегін күтіп кейіпкеріміз Жұмақ есігінде тұр.

-Есімің кім?-деп сұрады Періште.

Бұл кібіртіктеп:

-Азан шақырып қойған атыма өзім кір келтірген сияқтымын, өйткені айналам мені тек "Ақымақ" деумен болды...

-Кір. "Өмір" кітабына есіміңді жаздым. Сенің ендігі есімің-Маxаббат, Мейірім мағынасын білдіретін болады...

Бір самаурын шай. Таза сөйлеу туралы мысал әңгіме
Қанның құдіреті. Қан туралы мысал
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу