ТОЛҒАҚ КЕЛТІРГЕН ТҮЙЕ ТЕРІСІ
Шынымды айтсам менің екі баламды да босанарда түйенің жүні немесе терісі тікелей әсер етті десем артық айтқаным емес.Бірінші балама аяғым ауыр еді. Ай-күнім жақындап, доктордың белгілеген күнінен де асып кетті. Енем байғұс уайымдап, "қалада жүргенде ана столовойларыңнан не жеп жүргендеріңді құдай білсін. Мүмкін түйенің етін жеген шығарсың?"-деді. Мен иғымды қиқаң еткізем. Шынымен ғой, қайдан білейін. Сонымен енем қазақылыққа салынып, "түйенің жүнін искесең толғағың келеді деген бар" деп түйенің жүнін іздей бастады.Зорға дегенде біреулерден түйе жүн көрпе тауып, оның шетін сөгіп, кішкене ғана жүн алып иіскетіп жүріп, дүниеге қыз әкелгем ғой. Кейін екінші баламда да тура осындай оқиға қайталанды.
Бұл жолы жүн таба алмады. Содан енемнің есіне атамыздың ер-тоқымы түсе кетті. Ол ер-тоқым түйенің терісінен қапталған ба, ол жағын нақты білмедім, сол ер-тоқым дереу алдыма келтірілді. Немересінің жарық дүниеге келуіне барын салып жүрген енем қатып қалған терінің шетін зорға дегенде пышақпен қалқып, биттің қабығындай етіп кесіп алды. Өз ісіне берілгені соншалық, айналаны мүлдем ұмытқан. Кескен теріні кішкене суға қайнатып, суын іш деді. Мен қалап тұрмасам да енемнің көңілі қалмасын деп, көзді жұмып, жұта салдым. Ішімнен "құдай-ай "операциямыз" іске асса екен " деп, көзім бақырайып отырмын.. Қасымда ең кіші қайным әрі-бері жүгіріп жүрген еді. Сабазың алақ-жұлық еткен күйі ол да тері қайнатылған суға қарап, бір маған қарап жымың-жымың етеді. Соны байқаған енем суға қарап тұрған баласына "іш,іш не тышасың, не туасың" демесі барма. Сол кезде қайнымның түріне бәріміз шек-сілеміз қатқанша күлдік. Ал мен ол күні толғағым қысып, перзентханадан бірақ шықтым. Білмеймін тағы тері әсер етті ме, әлде уақыты сәйкес келді ме, не керек мен сол күні босанып, дүниеге ұл әкелдім.
Ғалиябану Бижанова