Черчилльдің «ішкі дауысы»
11-01-2024
Балқы Базар бірінші әйелі Шөмекей тайпасына жататын Бозғыл, оның ішінде Сарыбайдың қызы Айсұлуды 27 жасқа келгенде алыпты. Қыз оң жақта отырғанда,
қалыңдық ойнап жүрген кезінде Базардың ескертіп, әзілдеп айтқаны екен.
Ауылың Сырдарияның өріндесін,
ақ орда әкең тіккен төріндесін.
Сырты кең сыпайының іші тарды,
көзіме жамандығың көрінбесін.
Жарасқан ақ ордаңа басқұрларың,
ауылыңда аз көрінбейді қасқырларың.
Алушы жеңеді деген аңдушыны,
қайтейін жаратқанға тапсырғаным.
Жүк қалмас сыйыстырып артсаң нарға,
түзелмес қалса кеуіл сүйген жарға.
Ешкімді үлгі етудің қажеті жоқ,
қарайды қадірін білген ұят арға.
Бір ермін тәуекелге тіккен басын ,
жүрмесін у--заһар боп ішкен асым,
Тең болар қалған кеуіл шыққан жанмен,
жеріңді жауға алдырсаң бармақ басым.
Алыстан келгенде аңсап балапандай,
қуандың кеуіліңе дақ, жара салмай.
Еңбегі есіл ердің еш болғаны,
жеріңді жауға алдырсаң алақандай.
Кеуілдің лайланса тынық қағы ,
жігіттің сүйген жардан сынар сағы.
Жатқаным жағдай айтып ескерсін деп,
сақтықта қорлық болмас деген дағы.
Базар уақыты болған соң, қалыңдығын алайын деп барса, Бекіш би күйеу, құдадан көп қәде қаумет сұрап, олардың әкелгенін азсынып, қыз әкесіне қалыңдықты бергізбей қояды. Асып бара жатқан дәулеті жоқ Базар ішінен тынады. Сол жылы бір жиында Балқының атақты биі Күртебайға баяғы Бекіш бидің сәлем бере барғанын естиді де, олар отырған отауға әдейілеп кіріп барады. Мұны көрген Күртебай би інісіне;
--- Базаржан, келінді алып кеуліңді бірледің бе? --- деп сұрайды.
Сонда Базар табан астынан өлеңдетіп жібереді.
Ерлердің алды кетіп арты қалды,
қыздардың жасы кетіп, қарты қалды.
Жарлыға жесір алу мүшкіл екен,
қалдырмай бар шырынды сарқып алды.
Басында қыз иесінің ықтияр жоқ,
билігін ағайыны тартып алды.
Мұны естіген Күртебай Бекіш биге қарап;
- Базар не деп отыр? -- деп сұрапты;
Сонда қатты ұялған Бекіш би;
- Базар қалыңдығын алып қайтсын, -- депті
Сүйтіп Базар осы алты ауыз өлеңмен бәйбішесі Айсұлуды ешқандай да шығынсыз алған екен.
1870 жыл.
Бегділда Алдамжаров. Назбедеу. 2013 ж.