Ұлы баба Бәйдібек (Өмір сүрген уақыты және тұрған жері)
Ұлы бабамыз Бәйдібек Қарашаұлы қашан және қай жерде өмір сүрген? Сауал көңіл қуантарлық емес. Бұл-дағы Қазақстанның тарих ғылымындағы күрделі де көпшілікті түрлі ойға жетелейтін мәселе. Бір жағы ғалымдардың ізденіс және зерттеу жұмысындағы тығырықтан шығар жол таппай, қиындыққа ұшыраған мәселесі десек, қателеспейміз.
Бәйдібек - Сарыүйсін, Шапырашты, Ысты, Ошақты, Албан, Суан, Дулат секілді рулардың басын құраған, бір жағы солардың негізін қалаған тұлға екендігі даусыз. Бұл рулар Ұлы жүз тұрғындарының басым бөлігін құрайды. Рас, жоғарыдағы сауалға жауап іздесек, біраз мәселелер төңірегінде, соның ішінде тарихтың қойнау-қойнауына зерттеу жүргізуге тура келеді. Бағзы замандарда және өткен ғасырларда Бәйдібектің есімі базбіреулердің ойдан шығарылған деректерімен, шындыққа жанаспайтын мәліметтерімен астасып жататын. Бұл - өкінішті факт.
Міне, осы аталған сауалдардың байыбына бару үшін көптеген беделді ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жазушылар мен журналистер зерттеу жұмыстарын жүргізіп көрді, тіпті шежірені білетіндер мен тарих әуесқойлары де белшеше кіріскен болатын. Өкінішке қарай, бұл күш-жігердің жемісі әзірше ауыз толтырып айтарлықтай емес.
Осы жерде ғылыми-тарихи зерттеудің жай-күйі неге көңіл көншітпейді? Ғылым саласындағы осындай дағдарыстан қалай шығуға болады? Сөз жоқ, дұрыс немесе шындыққа сәйкес келмейтін жауап бұл мәселеде көпшілікті екіұдай пікірде қалдырары даусыз. Сондықтан да, осы сауалдың түйінін дұрыс тарқату - қазақ тарихындағы қордаланып қалған күрделі мәселелердің тағдырын дұрыс шешуге мүмкіндік береді. Міне, осындай проблемаларды өткір шешудің маңызы анағұрлым зор. Тек бұл орайда тарихты бұрмалаудың қажеті жоқ. Уақыт тарихшылардан осы мәселелерді терең зерттеп, мәселені дұрыс таразылап, соның арқасында нақты мәмілеге келуді талап етеді. Себебі екіұдай пікір айту және зерттеу жұмыстарында қателікке бой алдырудың соңы өкінішті жағдайға алып келетіні рас. Бәрінен де бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кескен дұрыс секілді.
Біздің ойымызша, бұл жерде аталған ғылыми проблемаларды шешудегі басты қателік - зерттеу жұмыстары ауқымының кемшін тартқандығы, тіпті жоқтығы десек қателеспейміз. Сондай-ақ, ғылыми ізденіс жұмыстарында терең ойлау жағы жетіспей жатыр. Өкініштісі сол, әлі күнге дейін ғалымдар жергілікті түсініктен шыға алмай проблемаларды терең ойлап, зерттеуге келгенде ширақтық танытпайды. Соның салдарынан ойдан шығарылған жеңіл аңыздарға бой ұрады. Міне осындай жағымсыз әрекеттерден арылу үшін біз Бәйдібек бабамыздың тарихи іздерін Еуразияның түрлі аймақтарынан іздеп көруді жөн санадық. Бірінші кезекте бұл жұмыста бізге Дулат тайпасының ежелгі тарихымен танысу көп көмектесті. Бұл тайпаның тарихы ауқымды әрі терең.
Қазақстан
Қуанарлығы сол, Шымкентте, Таразда, Шаянда Ұлы бабамыз Бәйдібек Қарашаұлына арналған ескеркіштер бой түзеген. Түркістан облысындағы бұрынғы Шаян ауданы бүгінде Бәйдібектің есімін иеленген. Аталған ауданда Бәйдібектің құрметіне арналған тамаша архитектуралық кешен орналасқан. Бабамыздың әйелдері мен қалыңдықтарына да осындай кесенелер салынған. Ұлы тұлғаның ұрпақтарының осындай істеріне қарап тұрып, көңіл көншітесің, риза боласың, олардың күш-жігеріне сүйсінесің, алғыс айтасың.
Жоғарыда атап өткен нысандар істің бір жағы ғана. Ал Қазақстанда Бәйдібек Қарашаұлының өмірі мен қызметін зерттеуде қандай жұмыстар жүзеге асып жатыр? Бұл мәселеде анау айтқан тірлік байқалмайды. Әркім өзінің талпынысы мен ұмтылысының арқасында жұмыс істейді, ал базбіреулер "көрпені өз жағына" қарай тартуды көздейді.
1973 жылы 12 томдық "Қазақ Совет энциклопедиясының" 2-томында Бәйдібек туралы қысқаша алғашқы дерек айтылды. Кеңестік цензура даңқты бабамыз туралы тамтұмдап мәлімет беруге рұқсат берді. Ал тәуелсіздіктің ақ таңы алдында журналист Даниярбек Дүйсенбаевтың "Домалақ ана" (1991 жылы) кітабы жарық көрді. Аталған кітап елімізге кеңінен танылды. Соның арқасында адамдар Бәйдібектің өмір жолы мен тарихына жете үңіле бастады. Д.Дүйсенбаевтың кітабында Бәйдібек Қаратаудың қойнауында өмір сүргендігі және Әмір Темірдің ( ХІV-ХV ғасырларда) үзеңгілес замандасы болғандығы көрсетілген. Тіпті ол Түркістан шаһарындағы Әзірет Сұлтан кесенесінің құрылысына ықпал еткендігі айтылады.
Алайда күтпеген жерден Қазыбек Тауасарұлының ("Тұп тұқианнан өзіме шейін" кітабы) тарихи ақпараттық кеңістікті бұзып-жарғандай болды. Бұл кітап Алматы қаласынан 1993 жылы шыққан еді. Кітапты баспаға Балғабек Қыдырбекұлы әзірлепті. Онда Бәйдібек Қарашаұлы Мұхаммед Пайғамбардың (VІІ ғасыр) замандасы болғандығы айтылған.
Бәйдібектің өмір сүрген уақтысы туралы екі автордың келтірген деректері тиісінше екібөлек болып есептелді. Алайда кітаптағы келтірілген ақпараттар адамдардың санасында түрлі пікір қалдырды. Енді тарихшылар мен өзге де кәсіптің өкілдері баламалы варианттарды іздеуге көшті. Мәселен, бірқатар тарихшылар тарихшы және билеуші Мұхаммед Хайдар Дулатидің бабасы Байдахан (Байдаған), (ХІІ ғасырдың аяғы мен ХІІІ ғасырдың басында өмір сүрген) Бәйдібек Қарашұлы екендігі алға тартылады.
Бұған көпшілік, әсіресе осы үш келтірілген дерекке сенбей, ренішін білдірді. Тіпті олар мұндай ойдан шығарылған дәлелдерге ашу- ызаларын ашық айта бастады.
2016 жылғы ақпан айында "Аңыз адам" журналының (№3 (135) кезекті саны жарыққа шықты. Журналдың барлық беті Бәйдібек Қарашаұлы мен оның ұрпақтарының өміріне арналды. Журналдың бетінде белгілі ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жазушылар мен журналистер, қазақ шежіресінің білгірлері өз пікірлерін білдірді. Солардың қатарында Талас Омарбеков, Берекет Кәрібаев, Өмірбек Байгелді, Мекемтас Мырзахметов, Мырзатай Жолдасбеков, Сәрсенбі Дәуітов, Құлбек Ергөбек, Бауыржан Момышұлы, Асқар Селеубаев, Бексұлтан Нұржекеұлы, Рафат Әбдіғұлов, Еркінбек Құлжабай, Тынышбек Амалбекұлы, тағы басқалар өз ойлары мен пікірлерін жариялады. Алайда журналдың оқырмандары олардың Бәйдбектің өмірі туралы келтірілген пікірлерге айра-жайра болды. Мәселен, тарих ғылымының докторы Талас Омарбеков осы журналға берген сұхбатында былай дейді: "Бір сөзбен айтқанда, Бәйдібек баба ХІV ғасырдың аяғы мен ХV ғасырдың басында өмір сүрген десек қателеспейміз" дегенге саяды. Рас, кейін ғалым бұл пікірінен бас тартты. Енді ол Бәйдібек Қарашаұлы 609 жылы өмірге келген, сөйтіп 695 жылы дүниеден озған деп есептейді. ("Қарахан" журналы, №5, (74-75), 2019 жыл).
Тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев 2016 жылғы "Аңыз адам" журналының №3 санында Бәйдібек ХІV-ХV ғасырларда өмір сүргендігін мойындап, пікір айтады. Аталған мерзімдік баспада ұлы бабамызға байланысты өзге де пікірлер мен көзқарастар жарияланды. Мысалы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді Бәйдібектің өмір сүру уақтысы ІІІ-ІV ғасырларға тиесілі деп санайды. Ал филология ғылымдарының докторлары Сәрсенбі Дәуітов мен Мырзатай Жолдасбеков, тарихшы Асқар Селеубаев бұл орайда басқаша пікірге тоқталады. Олар Бәйдібек VІ-VІІ ғасырларда өмір сүрген деп санайды. Бәлкім олар 1999 жылы жарық көрген "Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында" келтірген мәліметтерге сүйенсе керек. Энциклопедияда даңқты бабамыз VІ-VІІ ғасырлар шамасында өмір сүрген дегенге тоқталған (екінші том, 222 бет). Жазушы Еркінбек Тұрысов қараһандықтардың өмір сүрген кезеңі деп санаса, ал жазушы Аян Нысаналы бабамыз 14 ғасырда өмір сүрген дейді. Түркістан қаласындағы тарих зерттеушісі Орынбай Бекжанов Бәйдібектің өмірі туралы анағұрлым өткен мерзімді атап көрсетеді. Зерттеуші Есік қорғанынан табылған "Алтын адамның" жанынан күміс кеседе жазылған сөздерді алға тартады. Онда былай деп жазылған екен: "Бәйдібекке сәлем беруге Шапырашты, Сіргелі, Ошақты келді". ("Жұлдыздар отбасы" журналы, №5, 2014 жыл). Сонда бабамыздың өмір сүрген кезеңі біздің заманымызға дейінгі ІV-V ғасырлар ойға оралады. Осы пікірге белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметов қосылатынын айтты ("Аңыз адам" журналы, № 3 (135), 2016 жылғы ақпан).
Осылайша, Бәйдібектің өмір сүрген уақыты түрлі пікірлер тоғысында қалды. Былайша айтқанда, келтірілген деректер мен фактілер бір-бірімен үйлесім таппайды. Сайып келгенде, тарих ғылымы мен қоғамның бұл мәселелерге біртұтас ойы мен көзқарасы әлі де үйлесім табар емес. Соның салдарынан адамдар шындықтың айтылар сәтін күтіп отыр.
Солтүстік Қытай
Тарихшыларымыз біздің заманымызға дейінгі көптеген ғасырларда Оңтүстік Сібір, Батыс Тянь-Шянь және Солтүстік Қытайдың территорияларында хундардың қол астында ежелгі қазақ ата-бабаларымыз өмір сүрген дейді. Осында үйсіндер мен өзге де түркі тайпалар өмір сүрген. Бұл түркі өркениетінің қалыптасу кезеңі еді. Бәйдібек осы кезеңдерде саясат сахнасына шығады. Бұл жөнінде бірқатар тарихи деректер бар. Мысалы, ертеректе Қытайдың солтүстігінде Байди (Бәйдібек) және Сихэ (Сиқым) округтері бар еді. Осында сондай-ақ, ежелгі қала Сихэ орналасты. Қазір Шанхайға жақын маңда Сиху көлінің толқындары жағаға ұрады. "Шиху" этнонимі кейбір зерттеушілерге мәлім. Ал, тарихшылар осы жерден үйсін тайпаларының Шығыс Түркістан мен Жетісудан көшкенін жақсы біледі. Солтүстіктегі хундар қытайлардың қысымына шыдамай батысқа қарай үдере көшсе, оңтүстік хундар оларға бас иеді.
Бәйдібектің есіміне назар аударсақ, шын мәнісінде ол түріктің екі сөзінен - "бай" және "бек" деген сөзінен тұрады. Бұл сөздер үйсін- ғұн дәуірінің кезеңдерінде пайда болды. Түріктердің көбі ислам дінін қабылдаудың нәтижесінде араб тамырларынан есім иеленуді дағдыға айналдырған. Осы факторды есепке ала тұрып, "Бәйдібек" есімі түріктердің исламды қабылданғаннан анағұрлым бұрын пайда болған.
Ежелгі және ортағасырлық Қытай жазуларының бастауларынан түрік тайпалары жөнінде көптеген ақпараттарды кездестіруге болады. Зерттеушілер қытай тарихынан шексіз деректер келтіреді. Мәселен, қытай тарихшыларының арасында қазақтан шыққан, атап айтқанда, Нығмет Мыңжан, Набижан Мұхаметханұлы, Бақыт Егенхан, Тұрсынхан Закен, тағы басқа да ғалымдарды білеміз. Соңғы үш ғалым қазір Қазақстанда тұрады. Қытайлық архивтер алдағы уақытта Бәйдібек Қарашаұлы туралы көптеген нақты деректер береді деп ойлаймыз.
Сібір. Орал. Каспий жағалауы
Оңтүстік Сібір - түркі өркениетінің тарихи қазынасы және бесігі. Аталған ежелгі түркі аймағы түрлі халықтардың көптеген құпияларын ішіне бүгіп жатыр. Осында жұмбақ тұлға Бәйдібектің адами және тұлғалық қасиеттерін ашудың кілті жатқандығы да сондықтан. Оңтүстік Сібірде көптеген түркі тайпалары мен рулары өмір сүрді, қалыптасты, сөйтіп Еуразия кеңістігіне бет алды. Оларды әйгілі тұлғалар басқарды. Олардың есімдерін қазақ халқы есте сақтайды. Сонымен қатар, осындай әйгілі тұлғалардың есімдері топонимдер мен гидронимдерде, атап айтқанда осынау ұлан ғайыр аймақта кездесетіні ерекше атап өтілген.
Еділдегі Булгария
Зерттеуші Ф.Г.-Х. Нұритдинов Еділдегі Булгарияның құрамында жулут (дулат), батбай (ботбай), албан-алан, бағыл (бағыс) (http://ati.blog.bg/history/2012/05/04/vajneishie-simvolyi-i-qerbyi-rodov-qorodovi-qubermii-bulgar.949493) болғанын хабарлайды. Олар өздерінің генеалогиялық бастауын даңқты Бәйдібектен алған. Мұны ол жақта өмір сүрген дулаттардың ұрпақтары мен таңбалары нақтылай түседі.
Еділдегі Булгария құрылымының бастауында сонымен қатар ежелгі қазақ рулары тұрды, олар соңынан чуваш тайпасы болып атала бастады. Олардың ежелгі тарихы анағұрлым тарихи зерттеуді сондағы үйсіндер мен хұндардың және ғұндардың өмірлерін тереңірек зерттеуді талап етеді.
Башқұртстан
Башқұрт руларының бірі - табын. Байырку Майқы би деп есептелінеді. Ол -дағы Бәйдібек бабамыздың бабаларының бірі болып табылады. Башқұрт тайпаларының таңбасы - Тамьянкудей Жаныс руының таңбасымен ұқсас. Башқұрттардың құрамында қазақтың үш жүзінің барлық өкілдері бар десек артық айтқандық емес.
Татарстан
Татарстанның аумағында Бактияр топонимі бар. Қазақтардың Ұлы жүзінің жауынгерлік ұраны "Бақтияр" болған. Ол-дағы Бәйдібектің ұлы бабаларының бірі. Айтпақшы, хун шаньюи Модэ неміс ғалымы Ф.Хирттің пайымына сүйеніп, жоғарыда келтірілген Бактиярды Бактур аталғанын, ал М.Н.Юхма-Бохсар деп аталғанын дәлелдейді.
Чувашия
Чуваштар - Еділ булгарларының ұрпақтары. Ал, Еділ булгарлары Үйсін-ғұндардың мұрагерлері екендігі дәлелденіп отыр. Чуваштардың құрамында Бәйдібек ұрпақтары көптеп саналады. Олар Сібірдегі және Қазақстандағы халықтардың Ұлы көші кезінде (біздің заманымыздың ІІ-V ғасырларында) Поволжьеге көшірілген. Айта кету керек, Бәйдібектің ұрпақтары - ғұндардың бір бөлігі. Қазір ғұндар чуваш және қазақ болып аталады.
Чувашияның және оған жақын жатқан Ресейдің топонимдері мен гидронимдері
(Бәйдібектің есіміне және оның ата-бабалары мен ұрпақтарына қатысты).
1. Тұран
Чувашияның Моргаушск ауданы, Турай селосы.
Чувашияның Моргаушск ауданы, Туран көлі.
Чувашияның Ядрин ауданы Туран биіктігі.
2. Алаш
Саратов облысы, Қарабұлақ ауданы, Алаш чуваш селосы.
3. Қазақ
Чувашияның Канаш ауданы, Казаккаси селосы.
4. Арыс
Чувашияның Иберсинск ауданы, Арсь көлі.
5.Үйсін
Пенза облысы, Неверкинск ауданы, Сенял - чуваш селосы, Уйсунь кең байтақ даласы.
6. Бақтияр
Чувашияның Янтиковск ауданы, Пахтияр селосы
Чувашияның Янтиковск ауданы, Бақтияр селосы
7. Қараша
Чувашияның Чететск ауданы, Хурашаш селосы
Чувашияның Козловск ауданы, Карач (Карача) селосы
8.Бәйдібек
Чувашияның Шемуршинск ауданы, Бәйдібек чуваш селосы
Саратов облысының Карабулак ауданы, Бәйдібек чуваш селосы
9.Шапырашты
Чувашияның Чебоксары ауданы, Шарпаш селосы
Чувашияның Моргаушск ауданы, Шарпаш селосы
10.Ошақты
Чувашияның Моргаушск ауданы, Очак селосы
11. Албан
Чувашияның Батыревск ауданы, Алман (Алманча) селосы
12. Суан
Чувашияның Батыревск ауданы, Тархан селосындағы Савамкасси көшесі
13. Сиқым
Чувшияның Канашск ауданы, Сиккасси селосы
14. Жаныс
Саратов облысы, Казанлы чуваш селосындағы Шанача (Жанысча) орман алқабы
15. Шымыр
Чувашияның Цивильск ауданы, Шамар (Шъмар) селосы
Чувашияның Марпосярск ауданы, Шяняр көлі
Чувашияның Марпосярск ауданы, Шенярпуд селосы
16. Ботбай
Чувашияның Шемуршинск ауданы, Пуян селосы
Чувашияның Шемуршинск ауданы, Пуенкасси селосы
Ежелгі чуваш есімдеріндегі Бәйдібектің, оның ата-бабалары мен ұрпақтары есімдерінің бөліктері
М.Н.Юхманың "Чувашские имена" атты кітабында жазылған бұл есімдер. Чебоксары, 2008.
Түрік-қазақ есімдері Болгар-чуваш есімдері
1.Тұран. 1. Туран (186 бет)
2.Қалша. 2. Калась (81 бет)
3.Алаш. 3. Елаш (46 б.) Улаш (191 б.)
4.Мөде. 4. Метте (102 б.)
5.Қазақ. 5. Казук,Казюк (79 б.)
Хозахбай (205 б.)
Хозахбай, Хосахпай (205 б.)
Хусак, Хузяк (207 б.)
6.Созақ. 6. Сосак,Сазак (147 б.)
7.Баламер. 7. Паламар ( 120 б.)
8.Еділ. 8. Аттил (33 б.)
9.Құбырат. 9. Кубрат (89 б.)
10.Арыс. 10. Арас (27 б.)
11.Бақтияр. 11. Бахтиер (39 б.)
12.Майқы. 12. Маймақ (95 б.)
13.Қараша. 13. Карчча (c.79)
14.Бәйдібек 14. Байдимер, Байдумер (c.38)
15.Дулат. 15. Дубалав (45 б.)
16.Сиқым. 16. Сихиме (286 б.) (қыздың есімі)
17. Ботбай. 17. Пуян (135 б.)
Кавказ
Әзірбайжанның Сурханы қаласынан жаныс және шымыр тайпаларының пайдаланылған ортағасырлық керамика бұйымынан жасалған таңбасы табылды. Бұл рулардың өкілдері де Бәйдібектің ұрпақтары болып саналады.
Сондағы құмық халқында Дуло (Дулат) тайпасының таңбасы бар. Сөз жоқ, құмықтар да Бәйдібектің ұрпақтары болып саналады.
Қарашайдың аумағында Зеленчук атауындағы жазу табылды. Онда да Дуло (дулат), ботбай, албан және суан тайпаларының таңбасы салынған және Бактарбек (Бақтияр) есімі бар.
Солтүстік Кавказдың аумағында таңдай қақтыратын көптеген таңбалар кездеседі. Олардың барлығы да тастарға, тұрмыста және өнерде қолданылған заттарға, қаруларға ойып жазылған. Олар қазақтың үш жүзінің барлық рулары мен тайпаларына тікелей қатысты. Мұнда сондай-ақ, қазақ тарихының ізі өшіп бара жатқаны өкінтеді. Одан иран және араб, сирия және армян, рим және византиялық тарих бастаулары дәлел бола алады.
Бәйдібектің ұрпақтары билеуші Баламердің кезінде (ІV ғасырдың екінші жартысы) Солтүстік Кавказдың біраз аумағын игерген болатын.
Ұлы Болгария
Ұлы Болгарияны даңқты хан Кубырат (7 ғасыр) негізін қалаған болатын. Ол-дағы хан тұқымы болып саналатын Дуло (Дулат) тайпасынан еді, Бәйдібектің алыстан қосылатын ұрпағы. Аталған мемлекет қуаттылығы деңгейі жағынан Византия империясымен терезесі тең еді. Кубыраттың иелігіндегі орталық - Фанагория қаласы. Ол Азов теңізінің жағалауынан орын тепкен. Оның бес ұлы даңқ жағынан кенде болған жоқ. Атап айтқанда, Ботбай, Котраг, Аспарух, Кубер және Альчек оғландар өз дәуірінің ұландары. Сондай-ақ, оның кенже інісі Шамбат бас айналатындай табысқа жеткен.
Бахши Имамның "Джагфар тарихи» кітабындағы деректерге сүйенсек, Ботбай киевтік қағандардың алғашқы бабаларының бірі болған (киевтік ұлы князьдар), Котраг – Еділдегі Булгарияның хандарының, Аспарух - Дунайдағы Болгарияның хандарының негізін салған. Кубер өзінің руластарымен және тайпаларымен бірге Македонияға қоныс аударады. Ал Альчек өз халқын Италияға алып кетеді. Осында ол тамаша жетістіктерге қол жеткізеді. Бір адамның ұлдарының таңқаларлық қол жеткізген жетістіктері сонша, соның ішінде Кубырат адамзат тарихындағы сирек кездесетін құбылыс болып саналды.
Кубрат ханның кенже інісі Шамбат Украинаның, Словакияның, Венгрияның және Польшаның территориясында мемлекет орнатып, оның атауын Дулеба (Дулоба) деп атаған. Осы елдер атаудың арқасында өзінің тайпасы Дулоның (Дулат) даңқын көтеріп, ұрпағын көбейтуге ұмтылған. Дулоба мемлекеті 35 жыл ғұмыр кешті. (623-658 ж.ж.)
Осы деректердің барлығы Бәйдібек баба ұрпақтарының халықаралық аренада өздерінің өшпес ізін қалдырғанын дәлелдесе керек.
Подмосковье, Пенза губерниясы
Подмосковияда археологтар тәңірге және күнге табынушылар қатарына жататын ғұндарға, болгарларға қатысты белгілерді тапты. Солардың ішінде дулаттардың таңбасы да бар.
Пенза губерниясына қарасты Чердын уезінің Керчев деревнясында Деггиз (Теңізхан) ол Аттилланың екінші ұлы (V ғасыр) пайдаланылған алтын жалатылған табасында руникалық жазу мен таңбалар табылды. Таңба Дуло (Дулат) хандық руына тиесілі.
Украина
Киевте күн белгілері мен көптеген таңбалар анықталды. Атақты Перешепин қазынасы Бәйдібек ұрпақтарына тікелей тиесілі. Бәйдібек ұрпақтары Киевтің аумағын иеленді, бұл Баламер билеушінің тұсында болған, Киевтің сол кездегі атауы Аскал ауылы еді (ІV ғасырдың екінші жартысы).
Қырым
Қырым - бұл ғасырлар бойы түркі тайпаларының өмір сүрген аумағы. Бұған тас қабырғаларында және плиталарда олардың жазып қалдырған таңбалары шын мәнісінде дәлел бола алады. Солардың қатарында Ұлы жүз тайпаларының және одан шыққан рулардың белгілері кездеседі.
Германарих королімен болған шайқаста жеңіске жеткен ғұндар Баламердің басшылығымен Қырымның территориясына қарай жылжыды (ІV ғасырдың екінші жартысы). Солардың ішінде Бәйдібектің ұрпақтары да бар.
Дунайдағы Болгария
Бұл мемлекетті Кубырат ханның ұлы даңқты Аспарух (VІІ ғасыр) құрған еді. Ол да Дуло (Дулат) тайпасына жатады. Бұған ортағасырлық жазбаша түрде қалдырған "Болгар хандарының атауы" ("Именник болгарских ханов") түпдерегі дәлел бола алады. Ол Болгарияны ұзақ жылдары бойы басқарып, даңқты рудың даңқын одан әрі арттырды.
Венгрия
Бәйдібектің ұрпағы Аттила халықаралық қоғамдастықта І мыңжылдықтағы Адам болып танылған. Оның есімі әлемнің барлық түкпір-түкпірінде мақтанышпен аталынады. Халықаралық сипатқа ие болған оның аңызға айналған тұлғасы ешқандай талас тудырмайды.
Венгрияда үш құнды ортағасырлық дерек сақталған. Ол - Хунгария, Мадъяр және Кереш деректері. Оларда Аттиланың 38 ата-бабасы ұсынылған. Солардың қатарында Бәйдібектің есімі ерекше аталады. Венгерше ол Бондофард болып аталған (біздің заманымызға дейінгі 305 жыл). Бәйдібектің әкесі Қараша (Караш), венгерше оны Фаркаш атаған (біздің заманымызға дейінгі 338 жыл), атасы Айдарды венгерше Атмар (біздің заманымызға дейінгі 371 жыл) деп атаған. Бәйдібектің кенже ұлы - Тілеуберді (Берді), венгерше Букем од ( біздің заманымызға дейінгі 272 жыл), немересі Дулат деп аталған, венгерше Chanad (біздің заманымызға дейінгі 239 жыл). Осы үш деректе келтірілген 38 есімнің ішіндегі көпшілігі Ұлы жүздің өкілдеріне ұқсас есімдер. Айта кету керек, олар өздерінің тілі бойынша жазған, сөйтіп түркі есімдерін қатты өзгертіп жіберген.
Ғұндар Паннонияның (Венгрия) территориясын ІV ғасырдың аяғында игерген.
Румыния
Румынияда, Венгрияда, Воедодинде, Боснияда секеилер (сикели) өмір сүреді. Олар өздерін Аттиланың ұрпақтары санаған. Ғұндардың дәстүрі бойынша жалауларында және елтаңбаларында осы халықтың белгілері аңғарылады. Секейлердің бас киімдеріне Дулаттардың таңбаларын матадан тігіп, жабыстырған.
Айтпақшы, Асанчи және Омурчи деген жерлерде молалардың басында дулаттардың таңбалары кездеседі.
Румынияның территориясын ғұндар ІV ғасырдың соңында бағындырған.
Франция және Белгия, Англия және Дания, Германия және Скандинавия
Бірқатар зерттеушілер Францияның Меровинг корольдігі дәстүрінің негізін қалаушы Хлодвигтің әкесі Хелдрик Аттиланың некесіз туған ұлы деп есептейді. Бұған 120 жастағы Меровей егде тартуына байланысты ұрпақ қалдыруға еркектік парызын өтей алмайды деп есептейді. Хелдриктің қанында Бәйдібектің қаны бар деп есептеген. Тіпті меровингтердің тиындарында үйсіндердің таңбасы таңбаланған.
Бельгияда Суаньи қаласы орналасқан. Біз бұл атау суандардың ежелгі тайпаларына қатысы бар деп ойлаймыз. Қазақ шежіресіне сәйкес, Суан - Бәйдібектің немересі. Мүмкін, бұл атаудың өзі - Батыс Еуропаға ғұндардың басқыншылығының дәлелі.
Ортағасырлық Англияның елтаңбаларының бірінде дулат тайпасының таңбасы бейнеленген. Ал дулат пен шымырдың таңбалары Плантагенет корольдігінің дәстүрін жалғастырған өкілдің бірі Жоффруаның моласының басындағы эмальмен бейнеленген суреттен табылған. Ол Англия королі бірінші Генрихтің қызы Матильдаға үйленген. Британ аралдарында ғұндардың тұрғаны таң қалдырмайды. Зерттеушілер ағылшын тілінде жазылған 400 түркі сөздерді тапқан. (http:www.atc/az/forum/showthread.php?t=7102). Оларды ежелгі Римнің жалдамалы жауынгерлері болып табылатын ғұндар әкелген. Айта кету керек, әлемдегі барлық түркітанушылар көптеген Еуропа халықтарының сөздіктерінде ежелгі түркі сөздерінің деректерін анықтаған.
Даниядағы қайта қалпына келтірілген ежелгі үйдің шатырындағы тақтайшада шымыр, дулаттардың таңбалары және қасқырдың суреті салынған. Осылайша, ғұндардың алысқа-алысқа даңқы жайылғаны белгілі болып тұр.
"Аттил және Кримкилте" ежелгі эпосын тек чуваштар ғана емес сондай-ақ, немістер мен скандинавтар да көздің қарашығындай сақтаған. Ғұндардың ізі осы жерде де кездесетіні айтпаса да түсінікті.
Ұлы жүз тайпаларының және руларының таңбалары мен басқа да тарихи іздері Германиядан және Италиядан, Польша мен Хорватиядан, Македония мен Словакиядан да кездестіруге болады. Бұл деректер аталған рулар мен тайпалардың ежелгі тайпалардың өкілдері екендігін одан әрі дәлелдей түседі.
Естеріңізге сала кетейік, түркі көшпелілері шығыс және батыс Еуропаның жерлерін алғаш рет біздің заманымызға дейінгі І ғасырда - ақ иеленген екен. Олар көптеген Еуропа халықтарының құрамына енген.
Түйін
1. Бәйдібек Қарашаұлы - талассыз тарихи тұлға.
2. Көптеген тарихи дерек көздері шын мәнісіндегі тарихи оқиғаларды есепке ала отырып, ұлы бабамыздың шамамен біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдықтың ортасында өмір сүрді деп қорытындылауға мүмкіндік бар, бұл кезең Солтүстік Қытай немесе Оңтүстік Сібір аудандарында хун-шаньюлерінің патшалық құрған тұсы деп қорытындылауға негіз жетеді.
3.Бәйдібектің есімі, оның даңқы түркі халықтары өмірінің түрлі кезеңдерінде зор мақтанышпен ауызға алынған. Бүгінге күнге дейін солай болып келеді. Оның өмір сүрген кезеңдерінің дәл уақытысын анықтауда пікірлер әртүрлі болып отыр. Алайда, мәліметтер мен дәлелдер бұл тарихи тұлғаның біз көрсеткен уақыттан да бөлек кезең болуы мүмкін емес.
4. Бәйдібек Қарашаұлы тарихта үлкен рөл атқарған тұлға. Ол түркі алыптарының және тайпаларының бірігіп гүлденіп, аяққа тұру жолында қыруар жұмыс атқарды. Оның еңбектерін осы кезге дейін жұртшылық ерекше еске алады. Солтүстік Қытайдан Британ аралдарына дейін Бәйдібектің есімі мақтанышпен тілге тиек етіледі.
5. Бәйдібектің ұрпақтары - сары үйсін, шапырашты, ысты, ошақты, албан, суан, дулат секілді ру өкілдері саяси сахнаға шамамен біздің заманымызға дейінгі алғашқы мыңжылдықтардың ортасында шықты. Қазақ рулары мен тайпалары тарихының білгірі Мұхамеджан Тынышпаев былай деп жазды: "Саны аз, тіпті бірқатар қырғыз руларының өзі Р.Х. дейін бастау алады ". (М.Тынышпаев. Великие бедствия. Алма-Ата, 1992, 30-бет).
6. Тарихи тұлға Бәйдібек Қарашаұлының есімі халықаралық деңгейде екендігі даусыз. Сондықтан халықаралық ғылыми қоғамдастықты оның тарихи мұраларын тереңірек зерттеуге күш-жігерді біріктіру - уақыт талабы.
Әбдіқадыр ДӘУІТБЕКОВ,
Чувашия Республикасы Ғылымдар Академиясының академигі, Ресей және Чувашия Жазушылар одақтарының мүшесі.
Сот.тел: 8-707-174-74-39