Əкем айтқан өмірлік 40 қағида
10-04-2021
1. Мейірімді болыңдар! Құдай мейірімді адамдарды сүйеді.
2. Кісіге қылдай қиянат жасама!
3. Ешкімге, ешқашан зияныңды тигізбе!
4. Қайырлы ас ішкің келсе, бір жапырақ наныңды маңдай теріңмен тап!
4. Перзенті жоқ адамнан
ақша сұрама. Ол ақшасын əлдилеп жүр ғой…
5. Ешқашан, ешнəрсені ысырап етуші болмаңдар!
6. Ағайынмен қарым-қатынасыңды үзбе.
7. Қолыңдағы барыңды жұртпен бөлісіп жүр. Құдай сені аш қалдырмайды.
8. Еңбектің көзін тауып, əрекет ете біл!
9. Артық дүние жинама. Бəрінің сұрауы болады.
9. Жесір мен жетімді ая, оларға
қайырымдылық жаса.Олардың ақысын жемеңдер.
10. Салған үйің де, алған дүниең де саған қызмет етсін. Дүние жинап, бетіне қарап отырушы болмаңдар!
11.Үйіңе қандай қонақ келсе де, жақсылап күтіп, шығарып сал. Қонақты ренжітпе! Қай қонақта құт барын Құдай ғана біледі !
12. Садақа беріп тұрыңдар. Бəле-жаланың бетін қайтаратын да, қателігіңді жуып шаятын да сол садақа.
13. Қанағаттан артық байлық көрмедім. Қанағатшыл болыңдар.
14. Құдайдың құдіретіне шек келтіруші болмаңдар. Құдайдың рахымынан құр қалсаң, жаныңа тыныштық таба алмайсың.
15. Сабыр – адамның ұлы қорғаны. Ашуың келсе, қорғаныңа арқа сүйе!
16. Көп сөйлей берме. Ойланып сөйле. Маңызы, түйнегі жоқ сөз кісіні мезі етеді.
17. Қарыз-аманат. Қарыз алсаң,жазып қой. Ұмытпа. Адам ажалы қашан келетінін білмейді. Қарыз алсаң,тезірек құтылуға тырыс.
18. Дін де, саясат та өткір қылыш сияқты. Абайлап ұстамасаң, қолыңды кесесің, жарадар боласың. Дін ұстануда ата-бабаңның жолымен жүріңдер. Саясатқа жоламай-ақ қойыңдар.
19. Үй ішінен үй тікпе. Бауырыңмен тату бол!
20. Ешқашан өтірік айтпа. Өтірікпен өрмелеп тауға да шықпайсың, алға да баспайсың.
21. Барлық адамның ақыл дəрежесі бірдей болмайды. Ақылы артық адам кіммен қалай сөйлесуді біледі.
22. Құран оқылған үйде жақсылық та, береке де көп болады. Құран оқып, ата-бабаларыңа дұға бағыштап тұрыңдар.
23. Бүгінгі ісіңді ертеңе қалдыра берсең, жүгің ауырлайды. Жұмысты өз уақытында бітіріп үйрен.
24. Шырылдауық шегірткеге ұқсама! Қыстың қамын жазда ойлап, көп еңбек ет.
25. Араз адамды татуластырсаң сауап іс жасағаның. Өзара тату болыңдар.
26. Кісінің қателігін жұрттың көзінше бетіне баспа. Оңашада айт. Есті адам өз қателігін тез түсінеді.
27. Күн шықпай ұйқыңнан тұр. Таңғы нəсіп тəңірден. Артық ұйқы нəсібіңнен құр қалдырады.
28. Істеген ісің мен сөйлеген сөзіңнің арасында үнемі алшақтық болса, көп сенен теріс айналады. Бірсөзді, ісіңе адал бол!
29. Құдайды жиі есіңе ал! Қиналсаң жəрдем сұра, жақсылыққа жетсең шүкір ет. Адамның бергені таусылса да, Құдайдың берері таусылмайды.
30. Жұрттың алдына да түспе, соңында да қалма. Ортасында жүр. Білім іздеңдер. Білімді адам өз жолын тез табады. Білімсіз адамға жарық жер де қараңғы.
31. Дүниенің тұтқасын ұстап тұрғандай шіренбе. Дүниеге кірпіш болып қалануға ұмтыл.
32. Уəдеде тұрмаған адамда иман жоқ. Уəде берсең орында, иманыңды сақта!
33. Кісімсіп,кеуде көтеруден сақтан. Құдай аспандаған пендесін ұнатпайды.
34. Науқас адамның көңілін сұрауды ұмытпа! Денің сау кезіңде денсаулықтың қадірін біл.
35. Дүниенің байлығын қолыңда ұстап тұра алмайсың. Иман байлығын жинай біл!
36. Уақытыңды бос өткізбе. Қарап отырма. Көп ұйықтама. Мəңгілік ұйықтайтын күн де келеді.
37. Көршіңмен көрісіп, жағдайын сұрап тұр. Өзің тоқ болып, көршің аш отырмасын!
38. Бастаған ісіңді орта жолдан тастама.
39. Кешірімді болыңдар! Сен ешкімді кешірмесең, Құдай сені қайтып кешіреді?!
40. Дүниенің түбі тым келте. Жақсының қадірін біл!