Асқаров кім? Квятковкская кім?

Oinet.kz 09-12-2010 1014

Screenshot_7.jpg

      «Газет- халықтың көзі, құлағы һәм үні». Алаштың арысы Ахмет Байтұрсынов қалдырған қағидаға сүйеніп әңгіме өрбітсек бұқаралық ақпарат құралдары халықтың үні ғана емес, мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың құралына айналғалы қашан. Газет беттеріне үңілсеңіз, сол заманның тынысы ғана емес, мемлекеттік өктем саясаттың ызғарын сезінгендей боласыз. Өйткені тасқа басылған сөздің ешқашан тарихтан өшпейтіні айдан анық. Мұны облыстық мұрағатқа арнайы барып, сарғайған парақтары сыр шертетін газет тігінділерін ақтарғанда тағы да аңғардық.

 «...Партиялық принциптерді, совет заңдарын, азаматтардың правосын аяққа басуға тырысушылыққа республикада көбінесе ымырашылдық пен кешірімпаздық жасалып келді. Мысалы, Шымкент пен Алматы облыстық партия комитеттерінің бұрынғы бірінші секретарлары А.Асқаров пен Қ.Аухадиевке, Қазақ мемлекеттік университетінің бұрынғы ректоры Ө.Жолдасбековке осылай жасалды...Олардың қателері—ұсақ-түйек емес, саяси қателер. Мәселен, көптеген жылдар бойы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика және заң факультеттеріне студенттер контингенті неге республиканың оңтүстік облыстарынан қабылданып келді?  Журналистика факультетін алматылықтар басып кетті, ал ұлты орыс студенттердің саны 31 проценттен аспады».  («Правда» газетінің 1987 жылғы 7 қаңтардағы нөмірінен).

Алып империя—Кеңес Одағының барлық мәселесін өздерінің солақай саясатының ыңғайына қарай шешіп отырған Мәскеуден жарық көретін «Правданың», басқа да  газеттердің жазғанын құптап құрақ ұшқан жергілікті басылымдар да аз болған жоқ. Желтоқсан оқиғасынан кейін «қазақ ұлтшылдығын» айыптаған сондай мақалалардың бірінде Қарағандыдағы КСРО Ішкі істер министрлігінің жоғары мектебіне Қазақстанның оңтүстік облыстарынан келген қазақ жігіттерін қабылдамау туралы арнайы нұсқау болғаны баяндалған. Сол бір сұрқия кезеңде жаңадан ашылған қазақ мектептері мен қазақ балабақшаларының ашылуынан жазылған репортаждардың өзі де сынға ілігіп, «Совет халықтарының бірлігіне қарсы» деп табылды. Оның бәрін тізіп шығу мүмкін емес, әрине. Ал мына бір мақаланы қараңыз:   

 «Коммунистер Асқаровтың шынайы бейнесін ашу қажеттігін, енді партия алдында үнсіз қалудың дұрыс еместігін атап өтті. Міне, мысалдар...Шымкентте ипподром, зоопарк, дендрарий бағын салу үшін қазынадан 7 миллоион сомнан артық қаржы жұмсалды. Осының бәрі де тұрғын үйге деген мұқтаждық кезеңінде А.Асқаровтың жеке инциативасімен жүзеге асырылды... А.Асқаров аудандық, қалалық партия комитеттерінің бірінші хатшыларын ұлтына, руына және өзіне шын берілгендігіне қарай іріктеді. Оның тағайындаған кадрлары қазір қызметтерінен босатылып жатыр. Мысалы үшін қазір Бекжанов партиядан шығарылды. Мұстафаев тұтқындалды...». ( «Казахстанская правда» газетінің 1987 жылдың 7 наурызындағы нөмірінен).

Әділ төрелікті әр кезде тек тақсыр уақыт айтады. Кезінде Асқаровты сынға іліктірген ипподром, зоопарк, дендарий бағы бүгінде Шымкент қаласының шырайын кірігізіп тұрғанына ешкім талас тудыра алмайды. Әрине, оған дейін де, одан кейін де облыс басқарғандардың әрқайсысы  шама-шарқынша халыққа қызмет етті. «Алуан, алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген осы да. Алайда Асанбай Асқаров секілді осындай өшпес ізін, өлмес қолтаңбасын қалдырған кім бар? Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырушылардың бірі және пара алды деген негізсіз айыппен Алматыдағы пәтерінде тұтқындалған Асанбай Асқаров төрт жыл бойы Мәскеу түрмесінің азабын кешті. «Жолы ауыр ақиқат кеш те болса мойындалатыны» дәлелденген дүние. Асанбай Асқаровтың адалдығын, халық үшін аянбай еңбек еткен азамат екендігін тек оңтүстік жұрты емес тұтас еліміз мойындайтыны даусыз. Оны сынаған «Қазахстанская правда» газетінің қызметкері Татьяна  Квятковская кім екендігіне аз-кем тоқталайық.  Ол 1999 жылы «Отан» партиясының атынан  екінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 1995 жылы Т.Квятковскаяның талап арызымен Констиутциялық сот Орталық сайлау комиссиясының бірқатар құжаттарын Конституцияға қарсы деп тауып, соның нәтижесінде 13-шақырылған Жоғарғы Кеңестің тарқатылғанын білеміз. «БТА банкінің» бұрынғы төрағасы  Мұхтар Әбіләзовқа қарсы ашық түрде «ақпараттық соғыс» бастаған да осы Т.Квятковская емес пе еді?  Бұдан кейін «Қазатомпром» Ұлттық компаниясының президенті Мұхтар Жәкішевке шүйлікті. Уран кеніштерін талан-таражға салды деген айыппен ол Жәкішевті қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұранып, Бас прокурорға, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасына ресми арыз жолдады. М.Жәкішев бұл айыптауларды сол кезде сандыраққа балап, Т.Квятковскаяның уран өндірісі туралы жартымды ештеңе білмейтінін, мұның бәрі әлдебір саяси күштердің түртпектеуімен жасалып жатқанын айтқан болатын. М.Әбіләзовтың да, М.Жәкішевтің де кейінгі тағдырлары белгілі. Біз бұл екеуін ақтап алайын деп отырғанымыз жоқ.

Кездейсоқтық па, әлде сәйкестік пе? Дәл қазір «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесі атанған Татьяна Квятковскаяның мұндай «ерліктері» жеке өзінің бастамасымен жасалады ма, әлде тасада тұрып тапсырма беретін жоғары биліктің ісі ме екен? Сіз бұған не дейсіз?

Бақытжан Әбдірашұлы

Аңыз адамның ақиқаты
Жаңа жыл Наурыздан басталса қалай болады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу