Аңыз адамның ақиқаты

Oinet.kz 09-12-2010 1472

Screenshot_6.jpg

Бәлкім, аңыз деген халықтың арман-қиялынан туып, ауыздан-ауызға, ауылдан ауылға көшіп, оқиғасы қоюлана беретін шығар. Біз әңгіме еткелі отырған Мүсілім Дайырбеков туралы ел ішінде аңыз көп. Әсіресе, кешегі Кеңес заманында бұл азаматты ел сан-саққа жүгіртті. Кеңестің керітартпа саясаты Мүсілім Дайырбековты қанша қараламақ болса да, ел ол туралы әңгіме қылған сайын аузының суы құрып, қайта «ой, ерім-ай, қазақта да осындай жігіттер бар екен-ау» деп әрбір тірлігіне сүйсініп отыратын. Ел бір жағы ол кісінің істі болуын Желтоқсан оқиғасымен байланыстырып та жатады. Сондықтан мың мәрте елден естігенше, аңыз адамның ақиқатын өз аузынан естігенді жөн көрдік.

«Қонаевпен ол қызметтен түскен соң араластым»

--1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы бүгін, ертең 19 жылдығы ресми түрде аталып өтетін Тәуелсіздіктің туы тігілуіне түрткі болғаны талас тудырмайды. Алып империя-Кеңес Одағы жастарының санасына сілкініс әкеліп, сеңді қозғалтқан қазақ жастарына «ұлтшыл» деген айып тағылды. Елдің бетке ұстар азаматтары қараланды. Сіздің ойыңызша, осының бәрі не үшін қажет болды? Кімге қажет болды?

--Мәскеу жайлы мәселе қозғамай-ақ қояйын, тоталитарлық жүйенің жүгенінен айырылғысы келмеген олардың ойлары, түпкі мақсаттары таратып айтпасам да түсінікті ғой. Ал өзіміздің елден ең алдымен осындай озбырлық саясат Зақаш Камалиденовке қажет болды-ау деймін. Билікпен ауырып айықпастай асқындырып алған ол елдегі бірінші адам болу үшін, Димекеңнің, Дінмұхамед Қонаевтың орынтағына отыру үшін барлық жолсыздыққа барды. Барлық жөнсіздіктерді үдеткен сол. Аты-жөнін айтпай-ақ қояйын, обкомның бір хатшысы Димекең туралы артық әңгімелер айтты. Сондағысы кезінде Димекең оны қызметте көтермеген екен.  «Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнайды» деген бар емес пе? Уақтысында соның кебін келтіргендер, бақай есеппен іштегі өкпе-ренішін көрсеткендер болды.

-- Димекеңмен, Дінмұхамед Қонаевпен жақсы араласқан азаматтардың бірісіз. Ол кісімен таныстығыңыз қай кезден басталды? 

--Димекең, Дінмұхамед Ахметұлы басшылық қызметте жүрген кезде онымен араласқан емеспін. Маған «Алтын адам» деген лақап ат тағылып, жалған айыппен түрмеде отырып шыққан соң Қонаевқа өзім хабарластым. «Димеке, мен «Алтын адам» деген қазақпын» дедім. Ол кісі «Мүсілімсің бе, жүрек түкпірімде сақтап жүрген саған бір әңгімем бар еді. Келіп жолық» деді. Сол тұста Мәскеуден келген қонақтарды күтіп жатқан болатынмын. Бар шаруамды тастап, Димекеңе бардым. Екеуіміз төрт жарым сағат отырып әңгімелестік. Сонда Димекең: «Мүсілім, саған ризамын. О баста сен туралы ақпараттар маған дұрыс жеткен жоқ. Мен кейін сенің ісіңді алдырып, бір әріпін қалдырмай оқып шықтым. Көп азаматтар басына күн туған кезде бірін-бірі сатып кетті, біреуді қаралады. Сен ешкімді сатпапсың. Бар ауыртпалықты өзің көтеріпсің. Саған сол үшін рахмет!» деді. Димекеңмен одан кейін де жолығып әңгімелесіп тұрдық. Өзбекстанның бұрынғы бірінші хатшысы Рашидов қайтыс болған кезде маған ол кісі «Барып, отбасына көңіл айтып шығайық. Соған мені алып бар» деген өтініш білдіріп еді. Бірақ сол кезде әкем қайтыс болып, мен бара алмадым.

Кездесулерде Димекең қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлғалары туралы көп әңгіме айтатын. Тарихты жақсы білетін еді. Ол кісіден Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Абай, Мұхтар Әуезов, Баукең туралы жақсы, тың әңгімелерді көп естідім. Димекең сол тұлғаларды ерекше бір мақтанышпен айтатын.

--«Қызметтен кеткеннен кейін ол кісінің қасында жүрген азаматтардың талайы теріс айналып кетті» деген әңгімелер көп айтылады. Сіздің бұған деген пікіріңіз қандай?

 --Ондай азаматтар болды. Атын айтпай-ақ қояйын, біреулер немерелеріне Димекеңнің атын беріп, басына күн туғанда Димекең туралы артық сөздер айтты, газетке мақалалар жазды. Бірақ Димекең олардың ешқайсысына араз болған жоқ, олармен айтысып-тартысып, салғыласқан жоқ. Өте ұстамдылық көрсетті. Димекең қазақты руға бөлу туралы әңгімелерге жаны қас, соншалықты кеңпейілді еді. Ең ақыры жиындарда өзіне жабылған шапанын да шалдарға киігізіп кететін.

«Мәскеу түрмесінде Асқаровтың көңілін әнмен жұбаттым»

--1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырушылардың бірі деп айыпталып, жазықсыз жапа шеккен азаматтардың бірі Асанбай Асқаров еді. Оған тағылған көптеген айыптауларда сізбен байланыста, қарым-қатынаста болғаны айтылған. Асқаровпен қарым-қатынасыңыз қаншалықты болды?

-- Асқаровпен бірнеше рет дастарқандас, пікірлес болдым. Ол кісінің күйеу баласы екеуміз бірге қызмет еттік. Асекең қызмет барысында ешқандай заңсыз әрекетке барған жоқ. Артық ауыз сөз айтқан жоқ. Жалпы, біздің бір жаман жеріміз—ұлтжанды бола алмай жүрміз. Рушылдық деңгейден аса алмаймыз. Димекең, Асекең, Бәйкен Әшімов сияқты азаматтар ұлты үшін қызмет еткен жандар. Олар туралы жағымсыз әңгімелердің барлығы да көреалмаушылықтан, қызғаныштан туған әңгіме. Қызғанышы—осындай ұлы адамдарды өз руынан көре алмағандығында. Рушылдық біздің ой-санамыздың төмендігін көрсетеді. Мен кезінде даңқты Баукеңмен, Бауыржан Момышұлымен де араластым. Ол кісі айтушы еді: «Қазақтың үлкені ағам, кішісі інім» деп. Бұл әрбір қазаққа ұран боларлық сөз емес пе?

--1986 жылы Асқаров Мәскеу түрмесінде жатқан кезде сіз онымен кездескен екенсіз. Бұл қаншалықты рас?

--Рас, бірақ, Мәскеу түрмесінде Асекеңмен жүзбе-жүз кездесіп, сөйлесе алғаным жоқ. Оған мүмкіндік болмады. Бізді күніне бір жарым сағатқа серуенге шығарып тұратын. Бір жолы серуенге шыққан кезде арғы жақтан Асекеңнің даусын естіп қалдым. Содан түрме бақылаушыларына сездіртпеу үшін әндетіп, «Асеке, қамықпаңыз, мықты болыңыз, бәрі артта қалады. Уақыт келеді, сіздің абыройыңыз бұдан да жоғарылайды, сіз қазақтың бетке ұстар азаматысыз» деп, ол кісіге демеу бердім. Түрме бақылаушылар менің не деп жатқанымды түсінген жоқ. Олар «не пой, не пой» деп ескерту жасап жатты.

«Алтын адам» деген лақап ат тағылды

--Сізге «Алтын адам» деген лақап ат қалай тағылып жүр? Негізсіз айыппен тұтқындалуыңыздың тарихы қандай еді?

--Оның бәрі науқаншылдықтың кесірі. Сол бір жылдары жоғарыдан келген тапсырмаларға сәйкес әр республика өзінің миллионерлерін, беделді азаматтарын қамап жатты. Қазақстанға  да осы тапсырманы орындау үшін, көз қылып көрсету үшін бір адам қажет болды. Мен Мәскеудегі мықты деген біраз азаматтармен дос болдым, кейбір мықтылармен аздап араластығым болды.  Содан болар, арнайы органдар менің қыр соңыма түсіп алды. Есебін тауып, қамауға алудың барлық амалын жасады. Ақша беріп адам жіберді. Басқа да арандатушылықтарға барды.

Үйдегі есік тұтқаларының сырты сары түсті болатын. Маған айып тағу үшін сол тұтқалар алтыннан жасалған деді. Өйткені, мен қызмет еткен, басшылық жасаған Алматыдағы тіс емдеу клиникалары алтынды қолданатын. Сол алтындарды ұрлап жатыр деді. Үйіме келіп бәрін қазып тастады. Ауылға барып, туған-туыстарымның бау-бақшаларына дейін қазып, «тыққан алтындарымды» іздеді. Ақыры өзімді жалған айыппен соттатып жіберді. Маған «Алтын адам» деген лақап аттың тағылуы осы оқиғамен байланысты.

--Сіз туралы сол жылдары Мәскеуге барған кезде астына кілем төсеп күтіп алады екен, қымбат көлік мінеді деген әңгімелер айтылды, газеттерге жазылды...

--Мәскеудегі достарымның сый-құрметпен қарсы алып тұрғаны рас. Мәскеудің ең қымбат қонақ үйлерінде жаттым. Қымбат көлікпен жүрдім. Мәскеуге барған қазақтарға да осындай жағдай жасап бердім. Олар да Мәскеудегі ең қымбат қонақ үйлердің ең «крутой» номерлерінде жатты. Олимпиадада стадионның өкімет адамдары отыратын алдыңғы орындарында отырды. Мұның бәрі де достарымның, атақ-абыройымның арқасы еді. Мен КСРО стоматологтар және Бүкіләлемдік стоматологтар қауымдастықтарының мүшесі, Республикаға еңбегі сіңген ең жас дәрігер атандым. Атақ-абыройдан кенде болғаным жоқ. Қазақстан стоматологтар клубының төрағасы, Қазақстан бокс федерациясы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы қордың президенті қызметтерін атқарып жатырмын. Мен бай да емеспін, жалаң аяқ кедей де емеспін. Кейбірулер сияқты дүниеқоңыздық пиғылдан аулақпын. Қолымнан келсе мешітке, жетім-жесірге жәрдем беріп тұрамын.   

«Баукең айтпақшы «қазақтың үлкені ағам, кішісі інім»

 -Туған жеріңізге ат басын бұрып тұратын  шығарсыз?

Қадыр ақынның мынадай бір өлеңі бар ғой:

От ішінде

Өрт ішінде күйгенде,

Басыңды име

Тізе бүкпе именбе.

Ер еңкейсе, еңкейеді жалғыз-ақ,

Туған жердің топырағын сүйгенде...

Туған жердің жөні бөлек қой.  Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданы туған жерім. Әлі де туған жерге көмек қажет болса, қол ұшын созудан тартынбаймын. Тек туған жерге емес, кешегі Алматы облысындағы Қызылағаштағы апатта, Шығыс Қазақстанда жер сілкінісі болған кезде аянып қалғаным жоқ. Қолдан келген жәрдемімді бердім. Қазақтың ұлы тұлғаларына, жалпы қазаққа ортақ шараларға қолымнан келгенше атсалыстым. Мен атамның атын атап көкпар шапқаным жоқ. Ұлтымның, халқымның жалпы мүддесі үшін жұмыс істедім. Менен әр алуан сауалмен жәрдем сұрап келетін азаматтар өте көп. Қолымнан келгенше көмек беремін. Бірақ барлығына қарайласуға, жәрдемдесуге менің мүмкіндігім жоқ. Осыны дұрыс түсінсе деймін. 

 --Қазір сізді бір кездері негізсіз  қаралаған азаматтарға деген өкпе-ренішіңіз бар ма?

--Мені қаралаған адамдарға деген өкпем жоқ. Себебі менің Құдайдан тілейтінім отбасымның амандығы. Басқаларға да соны тілеймін. Біреуге жаманшылық тілеп, қаралап, өзімнің беделімді жоғалтқым келмейді. Бар тілегім—елімнің-жерімнің амандығы. Баукең айтпақшы, «қазақтың үлкені ағам, кішісі інім».

Осыдан біраз уақыт бұрын Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған Бердібек Сапарбаевты «Егемен Қазақстанға» мақтап жаздым. Оның облысты көтеруге сіңірген еңбегін, атқарған тірліктерін жылы пікірмен атап өттім. Марқұм Төлепбек Назарбеков, Асекеңнің үйіндегі жеңгей осы үшін маған рахмет айтты. Ал сол Шымкенттегі кейбір азаматтар телефон соғып, «не қажеті бар еді, ол біздің ағайын емес қой» деген сияқты сөздерді айтып жатты. Осындай керітартпа сөздерге не айтасың? Ол кезде Б.Сапарбаев кеденнің бастығы болатын. Мен әлгі азаматтарға «Сапарбаев мені өзіне бірінші орынбасар етіп алайын деп жатыр, сол үшін жаздым» деген әзілмен жауап бердім. Ел үшін еңбек еткен азаматтарды неге көтермеске? «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме?

- Бердібек Сапарбаевқа дейін Оңтүстік Қазақстан облысында басшылық жұмыстар атқарған азаматтардың ішінде Зауытбек Тұрысбеков, Амалбек Тшанов, Қалық Абдуллаев сіздің тәрбиеңізді көргенін елден естіп жүрміз. Олармен қазір араласып тұрасыз ба?

--Зауытбек Тұрысбековпен, Амалбек Тшановпен хабарласып тұрамын. Екеуі де қазақтың айтулы, мақтан тұтар азаматтары. Ал, Қалық Абдуллаев туралы мен жақсы деп те, жаман деп те айта алмаймын.

--Сізбен сұхбаттасып тұрып, бокс жайлы сұрамай кету жараспас. Қазақстан бокс федерациясы ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде қазіргі  қазақ боксы туралы қысқаша не айтасыз?

--Қазақ боксының дамуы жақсы. Ең бастысы бізде қалыптасқан дәстүр бар. Ол бар жерде бокс төмендемейді. Қазақ өжет, намысшыл халық. Өжеттілік, намысшылдық бұл боксшыға ең керек қасиет. Қорқақ қолғап кимейді. Жекпе-жек қазақтың қанында бар қасиет. Бір-екі сәтсіздікке бола тон пішуге болмайды. Кубада да кейінгі жылдары  бокс  құлдырады. Ол да уақытша. Спорттың бір құлдырап, бір жоғарылауы заңдылық.

Әңгімелескен Ғалымжан Елшібай

Қазақ елінің Үкіметін кімдер басқарды?
Асқаров кім? Квятковкская кім?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу