Шөкеев топ бастап тұр
Қазіргі заманның ғажап жетістігі- ғаламтор болса, солардың арасында әлемге танымал әйгілі ақпараттық сайты оқырмандары арасында қоғамдағы ең өзекті, ең қызықты деген мәселе жөнінде сауалнама жүргізіп тұрады. Жуырда сайт «Қазақстан Үкіметі мүшелерінің ішінде өз саласын ең жетік білетін кім?» деген сауалнама жүргізді. 600-ден астам респондент дауыс берген сауалнаманың қорытындысына қарағанда, Үкіметте өз саласын ең жетік білетін кадр ретінде Өмірзақ Шөкеев топ бастап тұр. Премьер-министрдің бірінші орынбасары бұл тізімде тіпті, Үкімет жетекшісі Кәрім Мәсімовтың өзін де шаң қаптырып кетіпті.
Өзінің мықты қаржыгер екенін дәлелдеп жүрген Болат Жәмішев те Шөкеевтен қалыспайды. Қызметтік карьерасында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ішкі істер вице министрі, Ұлттық Банк төрағасының орынбасары болған, бірнеше салада тәжірибе жинақтаған, бүгінде Қаржы министрі қызметін атқарып жүрген ол да 12 пайыз дауысты иеленіпті.
Өз саласын жетік білетін үшінші лауазым иесі Сауат Мыңбаев. Мамандығы бойынша экономист-кибернетик С.Мыңбаев қазір Мұнай және газ министрі қызметін атқарады. Ал, жаста болса үлкен қызметтердің құлағын ұстаған Премьер министрдің орынбасары—Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев сауалнамаға қатысушылардың 10 пайыз даусын иеленіп, тізімде төртінші орынға табан тіресе, бесінші орын Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновта. Алтыншы орында Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайлов. Үкімет жетекшісі Кәрім Мәсімовке осыдан кейін ғана орын бұйырыпты. Бар-жоғы 4 пайыз. Бұл премьерге жүктелген міндеттердің көлемділігінен бе, әлде қарамағындағы министрлерден гөрі қарым-қабілетінің төмендігінен бе? Бұл сұрақтың жауабын өзіңізге қалдырдық.
Тізімде көпшілікке танымал саясаткерлер, бұрыннан келе жатқан кадрлар Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мухаммед—4 пайыз, Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков, Әділдет министрі Рашид Түсіпбеков—3 пайыз, ал, вице-премьер Ербол Орынбаев пен Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев, Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Мәжит Есенбаев-- 2 пайыз, Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев, Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов 1 пайыз дауыс иеленген.
Ал, еңбек жолының басым бөлігін ішкі істер саласына арнаған, одан кейін Президент әкімшілігінде, Парламентте құқықтық салаға жетекшілік жасаған Ішкі істер министрі Серік Баймағамбетовке сауалнамаға қатысушылар бір де бірі дауыс бермепті. Шамасы бұл елдегі қылмыстық ахуалдың кейінгі жылдары күрделене бастағанымен байланысты болса керек.
"Ойнеттің" мұрағатынан, 2010 ж