Досқалиевтің үстінен тағы қылмыстық іс қозғалды
«Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады» деген осы шығар, бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің ісіне қаржы полициясы тағы екі қылмыстық істі қосақтады. Дәлірегін айтқанда республиканың бұрынғы бас дәрігерінің үстінен қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және қазынаның қаржысын талан-таражға салу фактісі бойынша тағы екі қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы кешегі күні Астанада өткен баспасөз мәслихатында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай хабарлады:
Оның айтуынша, бірінші факті Медициналық жедел-жәрдем ғылыми-зерттеу институтын жалған құжаттармен министрліктің балансына қабылдап алуға қатысты, екінші факті «Денсаулық сақтау нысандарының Дирекциясы» ЖШС-інен медициналық құрал-жабдықтарды асыра бағамен сатып алуға қатысты. Экс-министр заңды, үкіметтің бекіткен қаулысын белден басып, министрліктің мемлекеттік сатып алу тәртібіне өзгерістер енгізген, жоғарыда аталған серіктестіктің құзыретін кеңейтіп берген.
--Мәселен, 11 миллион теңгеге сатып алынды деген «Панасонник» теледидарларының нақты құны тексере келгенде 6 миллион теңге, 48 мың теңгеге алынған лазерлік принтерлердің нарықтың құны 22 мың теңге, 363,7 теңгеге алынған оргтехникалардың 262,6 мың теңге тұратыны анықталды,--дейді М.Жұманбай.
Естеріңізде болса, Ж.Досқалиевке мұның алдында қаржы полициясы Медицина академиясының жерін әлдебір фирмаға тұрғын үй салу үшін заңсыз берді және пара ретінде 11 пәтер алды деген айып тағылған болатын. Басына бұлт үйіріліп келе жатқанын сезген министрдің Астанадағы ауруханалардың біріне барып жан сақтағаны, артынан әріптестерімен бірлесіп жасаған «сценариінің» әшкере болғаны белгілі. Жақында Астанадағы тергеу абақтысында жатқан Ж.Досқалиевті тексеруден өткізген сот-медициналық сараптама мамандары экс-министрдің инсульт алғанын жоққа шығарды. Комиссияның құрамына Сот медициналық сараптама орталығы Астана филиалының өкілдері, Алматыдағы денсаулық сақтау мекемелерінен келген бір топ дәрігерлер болды. Олардың берген қорытындысына қарағанда, Ж.Досқалиев сап-сау. Оның ешкімнің көмегінсіз өзінің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша материалдармен танысуға, жауап беруге толық қауқары бар.
--Қазір айыпталушыға қатысты тергеу амалдары оның адвокатының қатысуымен жүріп жатыр. Бірақ айыпталушының өзі заңды алға тартып, жауап беруден үш мәрте бас тартты,--дейді агенттіктің ресми өкілі.
Бұл Ж.Досқалиевтің шарасыздығы ма әлде қулығы ма, кім білсін?! Бірақ алғашқы амалы сәтсіз аяқталған экс-министр бәрібір құрықтан құтылмайтын тәрізді. Қаржы полициясы тергеу құпиялығына байланысты бұл іске қатысты біраз мәліметтердің жария етілмегенін айтып отыр.