«Заречное» - орысқа уран, қазаққа «ұран» ғана болып тұр...

Oinet.kz 28-10-2010 1629

Screenshot_3.jpg

Күлбілтелемей бірден әңгіменің ашығына көшсек баптардың бабы Арыстан бап жатқан, талай тұғыры биік тарихи тұлғалардың, ұлылардың Отаны деп ұрандатып жүрген киелі Отырар ауданында құндылық атаулының бәрін шетке ысырып қойып  «Заречное» кенішін ашқандағы басты мақсаттың бірі – табиғаты қатал, өндірісі дамымай тұрған осы ауданның өз қолын өз аузына жеткізу болған сықылды. Әрине, аудан бюджетінің бүйірі томпайып жатса, қарапайым халыққа да қозы қарын бітіп, әлденіп қалары сөзсіз. Бірақ, экологиялық талаптар қатаң сақталмаса уран өндірісінің түбі ұра секілді үлкен ор, күн өткен сайын түпсіз тереңге білдіртпей тартып кететінін  түсінеміз бе осы?! Дәл қазір «Заречное» -- орысқа уран, қазаққа тек «ұран» болып тұрғанын жасырудың қажеті жоқ. 

Отырар алқабының әрбір төбесі тарихқа, тарихи жәдігерлерге толы. Сондықтан Дін-Исламның, ежелден ғылым мен білімнің, мәдениеттің ордасы болған Отырарда уранды емес, Құранды, әулиелі жерлерімізді дәріптеп, туризмді алдыға шығару ертеңін ойлаған ел үшін әлдеқайда пайдалы еді. Мамандардың дерегіне жүгінсек  Отырарға жыл сайын 100 мыңға жуық туристер ат басын бұрады екен. Ауданның бұрынғы әкімі Қуаныш Айтахановтың  ежелгі Отырар жерін уран өндіріп уландырғанша туристік бағытты қолға алған әлдеқайда тиімді екенін дәлелдеуге ұмтылғаны бекер дейсіз бе?

Еліміздегі уран кеніштерінің басым бөлігі Оңтүстікте, оның ішінде Созақ ауданында шоғырланғаны белгілі. Дей тұрғанмен, соңғы жылдарда  ұлттың болашағына алаңдаушылық білдірген бір топ қоғамдық ұйым өкілдері Теріскейдегі қаптаған уран кеніштерін емес, Отырар ауданындағы жалғыз «Заречное» бірлескен кәсіпорнын нысанаға  алып, дабыл қағуын қалай түсінеміз? Уран өндірілетін жерлердің экологиясы мен тұрғындардың денсаулығы туралы мәселе қозғалғанда билік бұғып қалады. Экология тақырыбын бүгінде тек қоғамдық ұйымдар көтеріп, шырылдап жүр. Республикалық баспасөз беттерінде осыған қатысты жарияланған үндеуде мынадай жолдар бар: 

«Кеңес өкіметі кезінде негізгі қорының 85 пайызы алынып қойылған бұл уран кенішін ашуға жергілікті халық пен Оңтүстік Қазақстан облысындағы қоғамдық ұйымдар қарсы болды. Оның басты себебі, қоршаған  орта мен  жергілікті  тұрғындардың  денсаулығына  орны толмас ойран әкелген «Табақбұлақ» уран кеніші кеңес өкіметінің  соңғы  жылдары қоғамдық  ұйымдар мен  жергілікті  халықтың  талап етуімен жабылған болатын.  Барланған  қоры  бар  болғаны  25 мың  тоннаны ғана құрайтын, кеңес өкіметі кезінде негізгі қоры алынып, 899 уран ұңғылары әлі күнге дейін жабылмай ашық қалған «Заречное» уран кенішін қайта пайдалану ежелгі  Жібек  Жолы бойындағы туризм бағытына да орасан зор  кесапатын  тигізуде. 1973 жылғы  қанқұйлы кеңес атомшыларының Отырар ауданы жерінде жасаған «Кетпенқалған» ядролық жарылысының зардабының әлі де жойылмағаны және жыртқыштық немкеттілікпен өндірілген уранның айналаға тараған радиоактивті сәулесі қаншама адамның өмірін жалмағаны да ескерілмеді. Сол уақыттан  бері, әсіресе соңғы 1-2 жылда аудан мен облыс көлемінде медицинаның шамасы келмейтін рак, жүрек, қан-тамырлары аурулары асқындап кетуі және жүйке жүйесі қызметінің бұзылуынан өз-өзіне қол салудың (суицид) әсіресе жастар арасында өте көп орын алуы елді қатты алаңдатуда». 

Қоғамдағы теріс пікірге қарамастан Қазақстан-Ресей бірлескен жобасы жыл санап қарқын алып келеді. «Заречное» кен орнында жылына 1000 тонна табиғи уран өндірілетін жобалық қуатқа жетуі 2011 жылға межеленген. Тұрғындардың наразылығын басып, көңілін аулау үшін  «Қазатопром» көптеген әлеуметтік жобаларға демеушілік жасап келеді. Атап айтқанда, Отырар ауданында мектеп пен бала-бақша соғып берді. Алайда, халыққа келтіріп отырған зиянның орнын толтыруға  бұл жеткілікті ме? Әрине, компания басшылығы өз тірлігіне шаң жуытпайды. Кәсіпорында экологиялық тұрғыдан алғанда ең тиімді тәсіл – ұңғыны жерасты шаймалау әдісі қолданылатынын алға тартқан «Заречное» кәсіпорнының өкілдері бұдан адамға ешқандай зиян келмейтініне сендіріп бағуда. Бірақ бұған экологтар күмәнмен қарайтыны түсінікті.  

Қоршаған ортаға тек уран өндіру емес, оны тасымалдау да зардабын тигізіп отырғаны жасырын емес. Дайын өнім мен күкірт қышқылы стандарттарға сай келмейтін жолдар арқылы тасымалдануы экологтардың күдігін еселеп  арттыра түсті. Сырдария, Ызакөл, Арыс өзендерiнiң және басқа да үлкен магистралды каналдар үстiмен өтiп жатқан автожолдардың ешқандай қоршауы жоқ болғандықтан автоцистерналар аударылып кеткен жағдайда қоршаған ортаға өте қауiптi күкiрт қышқылының жайылып кету қаупі бар. Мұның барлығы мал  жайылымдары мен топырағы шұрайлы мақта, жүгері басқа да егіс алқаптарын  айналымнан шығаратын нағыз апаттың көзіне де айналдырып, қоршаған ортаға экологиялық қатер төндіруде. 

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген, қоршаған ортаға, халықтың денсаулығына келіп жатқан зиянның алдын-алу үшін ауданда диагностикалық орталық, ана мен бала орталығы секілді медициналық нысандар қажеттігі көптен бері айтылып келеді. Себебі, Отырарда бүгінде емдеуді қажет ететін азаматтардың саны күрт артқан. Отырарлықтардың ендігі үміті – облыс әкімі мен  «Қазатомпром» компаниясы арасында түзілетін меморандум. Бірақ жалғыз меморандум мәселені шеше ала ма? Бұл маңызды құжатта халықтың талап-өтініші ескеріле ме, жоқ па, ол жағы әзірше белгісіз. «Айта айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей, меморандум  жайлы әңгіме қозғалғалы бірталай уақыт өткенімен, әзірге тірлік құрғақ уәдеден аспай тұр. Әрине, әр адам өз денсаулығы үшін жауапты. Бірақ, уранды өлкеде шыр етіп дүниеге келген шақалақ ауру боп туып жатса, жұтқан ауасынан денсаулығы уланып жатса, кімді кінәлайды?! Бұл сауалға жауапты басшылар не дейді екен! 

Әділхан Махатай, Отырар аудандық мәслихатының хатшысы: 

Жұмбақ жағдайлар жұрттың үрейін ұшырып бітті

- Дайын өнім Темір ауылының маңындағы теміржол базасына жеткізіледі. Талап бойынша, уран алты сағаттың көлемінде әкетілуі тиіс. Бірақ бұл талап көбінесе сақталмай, радиоактивті заттар 2-3 тәулікке дейін тұрып қалады. Осы мәселені шешу үшін арнайы поезд сатып алу қажеттігін компания басшылығына бірнеше рет ескерттік. Одан шығып жатқан нәтиже жоқ. Жалпы, уран өндіру мен оны тасымалдау ісінің экологиялық зияны бар-жоғын тәуелсіз сарапшылар келіп,  жан-жақты зерттеу жүргізбейінше елдің арасындағы қарсылық пікір азаймайтыны анық. Олай деуге итермелеп отырған жайттар көп. Отырар ауданында онкологиялық аурулар, қан аздығы, қан қысымының көбеюі асқынып  барады. Бірнеше ауру түрлерінен республикалық көрсеткіштен көш басындамыз.  Соңғы кездері адамдардың асылып өлуі, құбыжық нәрестелердің дүниеге келуі, бірнеше  баланың жұмбақ жағдайда шетінеп кеткені жайлы әр алуан алыпқашпа әңгімелер жұрттың үрейін ұшырып бітті. Мұның барлығы «Заречное» кәсіпорнынан болды деуден аулақпын. Басқа да жағдайлардың әсері де болуы мүмкін. Бірақ уран өндірісінің кесір тигізіп жатуын да жоққа шығармаймын. Сонда у ішсек те уран деп уралай береміз бе? Туристердің ауданымызға келуі азайды. Әсіресе алыс шетелдің туристері Отырарға сапарларын сиретті. Аудандағы маңызды әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда облыс әкімі мен «Қазатомпром » ұлттық компаниясының арасында түзілетін  меморандумға үміт артып келген едік, алайда әзірге компания басшылығы тым-тырыс. Меморандумның қашан түзілетінінен де хабарсызбыз. Жуырда аудан әкімі мен «Заречное» кәсіпорны басшылығының арасында құны 10 миллион теңгені құрайтын меморандум түзілді. Бірақ бұл құжат жекелеген отбасыларға әлеуметтік жәрдем беруден әрі аспады. Ал Отырар халқына қажет диагностикалық орталық, Ана мен бала орталығының құрылысы мен басқа да маңызды жобалардың тағдыры белгісіз. 

Ілесбек Байжанов, «Ақиқат-1» қоғамдық қозғалысының төрағасы: 

Адам түгілі аң-құсқа дейін қаша бастаған

- Созақтағы уран кеніштері елді мекендерден қашықтықта орналасқандықтан жергілікті тұрғындарға келтіріп жатқан зияны аса үлкен емес. Әлбетте, ең бастысы барлық технологиялық талаптар сақталып отыруы тиіс. Есесіне  «Заречное» уран кенішінің іргесінде бірнеше ауыл қоныстанған. Компания басшылығы жерасты шаю технологиясын қолданып жатқанын қайта-қайта айтуда. Бірақ, мен оған сенбеймін. Кейiнгi уақыттарда осы маңайдағы  жерасты сулары көтерiлiп кеткен. Ал айналадағы елдi мекендердегi құдықтардың суы қышқылданып, бүлiне бастаған. Адам түгілі айналасы 25-30 шақырым жерлердегі  аң-құстар мен құрт-құмырсқаға дейiн қашып, жоғалып кетуі байқала бастаған. 

"Ойнеттің" мұрағатынан, 2010 ж

​ СЭС-ке балалардың тағдыры ойыншық құрлы болмай тұр
Енді Өзбекәлі Жәнібековты өгейсітсек жетіскен екенбіз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу