СЭС-ке балалардың тағдыры ойыншық құрлы болмай тұр
«Дүкендер мен базарларда балаларды улайтын ойыншықтар сатылып жатыр» деген ақпарды естігенде елең қалып тұла бойымыздың түршігіп кеткені рас. Әрине бауыр етің-балаңның амандығынан, денінің саулығынан артық не бар дейсіз өмірде? Облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы Тамара Өтелбекованың сөзіне сүйенсек тексеру барысында балаларға арналған ойыншықтардың 22-сінде қорғасын, кадмии секілді ауыр металл қоспалары (концентрациялары) рұқсат етілетін мөлшерден екі есеге дейін жоғары екені дәлелденген. Сондай-ақ, формальдегид, фенол секілді зиянды химиялық қоспалардың да құрамы едәуір көптігі анықталыпты.
Бұл бала денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді деген сөз. Сапасыз ойыншықтар анықталған сауда орындарының арасында базарлармен бірге Шымқаладағы ірі деген «Дархан» атты сауда орталығы мен «Ордабасы», «Мерей» секілді орталық дүкендер де бар. Осы оқиғадан кейін «Ойыншық қауіпсіздігі туралы» заңға сәйкес ойыншық сатушыларға ойыншықтарды сатуды тоқтатуға ұйғарым жасалды. Ал тәркіленген сапасыз тауарлар жойылуға жатады. Прокурорлық тексеру нәтижесінде 12 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әрине, мұндай сапасыз ойыншықтардың бүлдіршіндер денсаулығына келтірер қауіп тұрғысынан қарайтын болсақ, әкімшілік жауапкершілікпен шектелу жеткіліксіз. Түсіне білгенге бұл үлкен қауіп, тіпті, қасірет десек те болады.
- Қытайдан келіп жатқан ойыншықтардың көпшілігі сапасыз. Қорғасыны мөлшерден тыс көп ойыншықтарды ойнаған баланың тікелей жүйке жүйесіне әсер етеді. Қанның құрамын өзгертіп, тамырына зақым келтіреді. Ең қауіптісі, қорғасын баланың бауырына жинақталып, созылмалы ауруға шалдықтырады. Ол кейін жүрекке де өтеді. Ал негізінен резинадан жасалған ойыншықтарда рұқсат етілетін мөлшерден жоғары деңгейде кездесетін формальдегид, фенол деген химиялық заттар бірінші кезекте баланың тыныс алу жолдарына зақымын тигізеді, яғни тітіркендіріп, аллергия беруі де мүмкін. Бұдан кейін бала есін жоғалтып, талма ауруына (судорги) шалдығуы да мүмкін, - дейді мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бас маманы Алмагүл Тақабаева.
Бұл қауіп бізге нақ бүгін келіп отырған жоқ. Үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында да осындай келеңсіздіктер көрініс бергенімен Түлкібас, Ордабасы, Мақтарал аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармалары сапасыз ойыншықтың сатылуына тыйым салу және қайталап әкелмеу жөнінде ұйғарым бермеген. Басқаша айтқанда, аудандық СЭС басшыларының бүлдіршіндердің болашағы күл болмаса бұл болсын деген көзқарас танытқанына қайран қалмасқа амал жоқ. Соның салдарынан сапасыз, балалар денсаулығына қауіпті ойыншықтар халыққа сатылуын тоқтатпаған, оны сатқан кәсіпкерлердің де мұртын балта шапқан жоқ. Ал аудандағы басқармалардың жұмысын бақылайтын облыстық департамент не тындырып отыр?
- Биылғы 7 айда жергілікті СЭС небәрі 4 ойыншықтың құрамынан химиялық заттардың мөлшерден тыс екендігін анықтаған. Облыс аумағында таралатын сапасыз ойыншықтардың балалардың өмірі мен денсаулығына әсерін тигізбеу мақсатында мүлдем жұмыс жүргізілмеген. Тіпті, ойыншықтардың қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлескен іс-шаралар да жасалмаған, яғни қарым-қатынас орнатылмаған, - дейді облыс прокурорының орынбасары Алмат Байшолақов.
Қызметіне салғырт қарағандардың қатарында Техникалық реттеу және метрология Комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті де бар. Мәселен, «Кроссроудс Фаундэйшн Лимитед» қайырымдылық ұйымының Орта Азиялық филиалына тексеру жүргізілгенде сертификаттары жоқ 45 қорап пластикалық және 15 қорап мақтадан жасалған ойыншықтар анықталған. Алайда, «бұл кәсіпорын ойыншықтарды сатумен айналыспайды» деген негізбен кәсіпорын басшысына қарсы қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қысқартылып кеткен. Мәссаған, безгелдек! Бұл кәсіпорын ойыншық сатпаса да балаларды ойыншықтармен қамтамасыз етіп отыр емес пе? Сонда бұл қай жалпақшешейлігіміз? Жалпақшешейлік балалар өмірі мен денсаулығынан да жоғары тұрғаны ма?
Негізінде мұндай ойыншықтардың жолы кеденде кесілуі тиіс. Шекарадан бері өтіп кеткен ойыншықтарды түгелдей жою мүмкін емес. Ал тұтынушылардың барлығы бірдей сатушылардан ойыншықтың сапасы мен қауіпсіздігі жөніндегі сертификатын талап етуі керек. Дұрысы осы. Балаңыздың қауіпсіздігі өз қолыңызда.
Оinet.kz мұрағатынан