Мақтааралдың «заврайоносы» облыс басшылығының тапсырмасын тыңдағысы да келмейді

Oinet.kz 10-06-2010 874

nachalnik.jpg

Алдымен цифрларды сөйлетейік. Ұлттық бірыңғай тесттің қорытындысы бойынша биыл облыстың көрсеткіші өткен жылғымен салыстырғанда әжептәуір ілгерілеушілік байқалады. Орта балл 86,21. Бір жыл бұрынғы көрсеткіш 70,76-ға тең еді. Түлкібас (96,18), Төлеби (94,42), аудандары мен Шымкент (92,00) қаласының  көрсеткіші жоғары.

     Алайда ел арасында «көрсеткішті көтеру үшін нашар оқитын оқушыларды ҰБТ-ға қатыстырмаудың амалы жасалады» деген әңгіме әлі де көп. Мәселен, облыс бойынша 32137 мектеп бітірушінің 11690-ы Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына «өз өтініштерімен» жіберілмегені ұят-ақ болып тұр. Оның ішінде  Мақтарал ауданының  көрсеткіші облыс бойынша ең төмені – 66,40 пайыз. Нақты цифрмен келтірер болсақ, 4816 түлектің 2983-і ғана тест тапсырған. 1833 мектеп бітірушінің арман қуып мамандық таңдаудан, орта мектептегі білімін оқу орнында жалғастырудан шынымен бас тартқаны ма? Ұстаздар өзіне келетін ұятты ойлағандықтан осылай ұйымдасқан түрде тірлік жасап,   қаншама асқақ арманның желкесін қиюдан қымсынбағандары ма?

    Балалардың білімге деген құштарлығын арттырудың ұстаздарға, мектеп басшысына тікелей қатысты екеніне талдау жасап, көз жеткізген болса керек, облыс басшылары тарапынан мектеп директорлығына дене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық, ән-күй секілді пән мұғалімдерін тағайындауға болмайтындығы жөнінде алқалы жиындарда жиі айтылып жүр. Бұл жөнінде баспасөз беттерінде де жазылды. Әрине, не себепті мұндай байламға келгенін мамандардан да сұрастырып көрдік. Олардың түсіндіруінше дене шынықтыру немесе алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі математика, тарих, қазақ тілі секілді  пән мұғалімдерінің сауаттылығына қалай бақылау жасай алмақ? Басқаша айтқанда доп тебуді үйрететін маман математиктің есебін тексеріп, кемшілігін тауып бере алады ма?

Соңғы кездері Мақтаарал ауданы жақтан жиі хабарласатын оқырмандар бұл жолы жақында үш бірдей мектеп директоры тағайындалғалы жатқанын, үшеуі де «физрук» екендігін айтты. Тіпті, ауданда мұндай директорлар аз емес екен. Алыпқашпа әңгіменің тоқ етерін білу үшін Мақтаарал аудандық білім бөлімінің бастығы Қуатбек Бапаевтың телефон номерін тердік.

- Үш азамат та арнайы конкурстан өткен. Мамандықтары бойынша дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдері. Алайда, олардың да мамандықтары педагогикалық мамандыққа жатады. Заңда педагогикалық мамандықтармен мектеп директоры болып жұмыс істеуіне болатындығы айтылған. Демек, бұл азаматтардың мектеп директоры қызметін атқаруға Конституциялық құқықтары бар деген сөз. Оны облыс басшылары да, басқалары да бұза алмайды. Дене тәрбиесі немесе ән сабағының мұғалімі директор болмасын деген заң еш жерде жоқ. Сырттай оқытудың, дене тәрбиесінің білімі жоқ деген әңгімелер «былайша» айтыла бергенімен, ресми түрде айтылмайды, - дейді ол. Осылайша Мақтааралдың «заврайоносы» облыс басшылығының тапсырмасын тыңдағысы да келмейді. «Олар айта береді» деген әңгіме құлаққа біртүрлі ерсі естіледі екен. Әйтпесе «заврайоноға»  аудан әкімі Қасымбек Хаметов «тапсырманы бұрмаламай бұлжытпай орында» деудің орнына оны қолдаған сыңай танытып үнсіз келісіп отырғаны қалай? Бұған облыс басшылығы көніп отыра берсе онда берілген тапсырма көпшілікті алдау, көзбояушылық болып шықпай ма? Әліптің артын бағайық, бәлкім облыс басшылығы да қарап қалмайтын шығар.

Screenshot_19.jpg

«Бізге айыпкерді соттатқаннан пайда жоқ, одан да малымызды өндіріп берсін»
СК Фармация» компаниясының басшысы қызметінен босатылды.
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу