Асқар Мамырбаев: «Әділдігін айтам деп әкімдердің командасына кіре алмай жүрмін»

Oinet.kz 20-05-2010 1248

Screenshot_5.jpg

Мамырбаев Асқар Смайылұлы – «Оңтүстік Қазақстан облыстық сәулетшілер Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстанның құрметті сәулетшісі              

  Ашық хатқа қол қойып қызметтен қуылдым

  -  Асқар Смайылұлы, өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, есімі елге кеңінен танымал сәулетшісіз. Солай бола тұра соңғы жылдары жұмыссыз жүрсіз. «Оңтүстік Қазақстан облыстық сәулетшілер Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы тізгіні Сізге сеніп тапсырылғанымен бұл ақы төленбейтін қоғамдық жұмыс екенін білеміз. Ендеше қоғамға қажет, бірақ билікке қажетсіз болып жүрген Қазақстанның құрметті сәулетшісінің құпия болмаса қазіргі күнкөрісі жайлы білгіміз келеді. Әлде жеке  бизнесіңіз бар ма?

- Шынында да қоғамдық жұмыстан табыс түспейтіні түсінікті. Қол ұшын созып, жәрдем беретін демеушілер  жоқтың қасы. Кейбір  қалталы  азаматтарға  «жаңадан өсіп келе жатқан сәулетшілердің жұмысын көрсетейік, көрме ұйымдастыруға  жәрдемдесіңдер» деп те хат жаздық. Барлығы тым-тырыс. Қыбыр еткен жан жоқ. Өзімнің жеке бизнесімді жолға қойып алғаным жақсы болып жүр.  Жекеменшік  жобалау мекемесінде  бас сәулетшімін. Қызметтен кеттім деп қарап отыруға болмайды ғой.  Бүгінде бірнеше үлкен кешендердің жобалау жұмыстарымен шұғылданып жатырмыз. Жергілікті жердегілер көпе көрнеу көзге ілмей жүргенімен көршілес облыстардан іздеп келіп өте ауқымды тірліктерге тапсырыс жасаушылар бар. 

- Облыстық сәулетшілер Одағының төрағасы тізгіні қолыңызға тиген соң тірлікті неден бастадыңыз? 

  -Облыстық сәулетшілер Одағының төрағасы ретінде облыс, қала әкімдіктеріне сәулет саласында қордаланған мәселелер жөнінде көпшіліктің көкейіндегі пікірді ортаға салған хат жолдадым. Шымкент қалалық әкімдігінен ешқандай хабар-ошар болмады. Ал облыстық әкімдікке жолдаған сауалымыз сиырқұйымшықтанып, ақырында облыстық сәулет басқармасының бастығы Жанболат Төлтаевтан жауап келді. Оның өзінде біз көтерген мәселелерге толық жауап берілмеді. Талап бойынша халқының саны 5 мыңнан асатын кез келген елді мекеннің бас жоспары болуы тиіс. Ал бізде елді мекендердің көпшілігінде бас жоспар түгілі сызба да жоқ. Елді мекендерді айтасыз, аудан орталықтарының өзі бас жоспар түгел істеп бітпеген. Құрылыс қалай болса солай жүргізіліп жатыр. Аудандағы сәулетшілердің 40 пайызы маман емес, бұл қызметке басқа саладан келгендер. Осы кадрлық кемшіліктен мемлекет қыруар шығынға ұшырап отыр. Айталық,  ескі жоспар бойынша мектеп салайын десе оның орнына басқа ғимарат түсіп кеткен. Жол түсетін жерге басқа нысандар салынған. Оны бұзу, өтемақысын төлеу үшін  бюджеттен қаражат бөлініп, мемлекет шығынға батады.  Мәселен Шымкент қаласындағы «Жайлау» мөлтекауданында балабақша салатын жер таппай масқара болып отырмыз.  Мұндағы тұрғын үйлерді сатып алып, бұзудан басқа амал жоқ. Ол да қосымша шығын. Бір балабақшаны салуға бірнеше балабақшаның шығыны кетеді. 

Түркістан қаласының бас сәулетшісі болдыңыз, облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасын басқардыңыз. Бірақ, басшылық қызметтің қызығын көруіңіз бір жылдың төңірегінен әріге аспай жүр. 

- Сауалыңның төркінін түсіндім. Турасын айтқан туғанына жағушы ма еді. Әділдігін айтам деп әкімдердің командасына кіре алмай жүрмін. Біздің шенеуніктер де сынды көтере алмайтын тым шікәмшіл ғой. Әйтпесе ашық пікірін білдіріп сәулетшілер Одағының мүшесі ретінде көпшіліктен бөлінбей хатқа қол қойған адамды қызметтен қудалай ма? Дәлірегіне көшсем Шымкент қаласының бас жоспары мәселесін қозғадық.  «Шымқала  бас жоспарға бағынбай барады» деген мағынадағы мақаланы баспасөз бетінде облыс басшылығына  ашық хат ретінде жарияладық. Онда қаладағы құрылыс барысында бас жоспардың мүлдем ескерусіз қалып жатқаны  жайлы дабыл көтеруге атсалысқаным үшін облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасындағы қызметімнен шеттетілдім, біраз қуғынға ұшырадым. Басқарма бастығы болсам  мейлі еді-ау, небәрі бөлім бастығымын. 

-Содан...

--Содан арада біраз уақыт өткенде сол кездегі Түркістан қаласының әкімі Әли Бектаев қызметке келуге қолқа салды. «Ер түріктің бесігі, екі дүниенің есігі...» есептелетін киелі шаһарда бас сәулетші болып бар-жоғы бір жыл жұмыс істегеніммен елдің есінде сақталатын тірліктердің жүзеге асуына түрткі болғанымды мақтанышпен айта аламын. Қаланың ескі бас жоспарын заман мен уақыт талабына сәйкестендіріп қайтадан бекіттік. Әсіресе туризмді дамыту жағына бас жоспарда айрықша назар аудардық. Облыс әкімі осы еңбегімді, бұған дейін де қалыптасқан, қалдырған сәулетшілік қолтаңбаларымды ескерген болу керек, сәулет-құрылыс бақылау басқармасына бастық етіп тағайындады. 

  Таяқтың екі ұшы бар 

- Сіз сәулет-құрылыс бақылау басқармасын басқарған сол тұста талап пен тәртіпті сақтамаған, яғни қызыл сызыққа түсіп кеткен  құрылыстарды бұзу белсенді түрде жүргізілді. Бұл бір жағы дұрыс та шығар. Бірақ, сол нысандарды салған кәсіпкерлердің де айтар мынадай уәжі бар: «Бізге құзырлы органдар құрылысқа рұқсат беретін  құжаттарды түгел дайындап берген. Әкімдер, бас сәулетшілердің қолдары тұр. Сонда біздің не кінәміз бар? Банктен несие алып, қарызға белшесінен баттық. Енді оны қалай өтейміз? Осы құжаттарды берген қызметкерлер неге жауапқа тартылмайды?» 

-  Кез келген құрылыс тек сот шешімінің негізінде бұзылады. Кезінде бизнесті қолдау  мақсатында  кәсіпкерлерге жеңілдіктер жасалып, қызыл сызықта жеңіл конструкцияларды салуға рұқсат берілген. Уақыты келгенде бұзылуға бейімделген бастама еді бұл. Өкінішке қарай әлгі кәсіпкер азаматтар заңды өрескел түрде бұза отырып, күрделі құрылыс жұмыстарын жүргізді. Сонда оларға өтемақы қандай негізде  берілмек? 

- Заңсыз салынған құрылыстардың бұзылуы дұрыс дейсіз. Прокуратураның баспасөз бетінде жариялаған мәліметіне жүгінсек бірқатар лауазымды азаматардың аты-жөні аталып, оның ішінде өзгелерді әшкерелейді дейтін өзіңіз де заңсыздықтарға барғансыз ба қалай?

 - Бұл маған кінә тағу үшін арнайы тапсырмамен жасалған тірлік. Түсіндіре кетейін.  Заңсыз деп табылған ол  құжатқа мен келісім беріп, қол қойғаным рас. Қол қоюымның себебі – әкімнің шешімі, жер комитетінің құжаты, аудандық сәулет басқармасының бекіткен жобасы, сараптамадан өткен жоба – қысқасы, қажетті құжаттардың барлығы  бар. Қол қоймасам  кінәлі болып шығатын едім. Алайда кейіннен тексеру барысында анықталғандай, құрылысқа бөлінген жер ауыл шаруашылық мақсатта пайдалануға берілген болып шықты. Олай болса неге құжатты маған дейін қарағандар жауап бермейді? Жер комитетінің қызметкерлері, аудан әкімі неге жауапқа тартылмайды? Түптеп келгенде мені кінәлі етіп шығарды. Құқығымды қорғау үшін сотқа арызданып, жеңіп шықтым. Енді осыған мүлдем қарама-қайшы екінші бір мысал келтірейін.  Шымкент қаласындағы  Бәйдібек би  даңғылының  бойындағы қызыл сызыққа түскен нысанның құжатына қол қоюдан бас тарттым.  Артынша кәсіпкер  «Мамырбаев құжатқа қасақана қол қоймай отыр» деп жала жапқан соң  қаржы полициясы қыр соңымнан шам алып түсті. Тергеушілер  «құжат түгел болса, әкімнің шешімі мен бас сәулетшінің қолы тұрса неге рұқсат бермейсің? Демек, кәсіпкерден бірдеңе дәметіп отырсың» деп қыспаққа алды.   Осы даулы мәселемен сонау Астанаға дейін бардым. Қаржы полициясы агенттігінде түсініктеме жазып, құжатқа не үшін қол қоймағанымның себебін дәлелдеп шықтым. Сонда мен қол қойсам да, қол қоймасам да мені кінәлі етіп шығарғысы келгендер болды. Таяқтың екі ұшы деп осыны айтпай ма?

 Басқарма бастығы кезімде «Менің кім екенімді білмейсің бе, сен не деп жүрсің?» деген сыңайдағы талай әңгімені естідік. Менің тарапымнан берілетін жауабым біреу болды: заңға жүгінемін, пікірімнің дұрыс екенін дәлелдейтін қолымда құжаттарым бар. Осылайша  жоғарғы эшолондағы кісілердің көзіне түсіп, әлдекімдерге жақпай қалдым ба деп ойлаймын. Түбі әділдік жеңетін шығар деген үміттемін.   

- Қызыл сызықтағы нысандар мәселесі әлі де күн тәртібінен түспей тұр. Талай рет мәселе көтеріліп, атқарушы билік тарапынан қатқыл мәлімдемелер жасалса да айтарлықтай өзгерісті байқамадық. 

- Бірнеше мысал келтірейін. Кезінде Шымкент қаласындағы Бәйдібек би даңғылының екі жағында да бірнеше нысанның құрылысын тоқтатқан едік. Бірқатарын бұзып та тастадық. Ал қазір солардың біразы іске қайта қосылды. Зообақтың қарсы бетіндегі қызыл сызыққа түскен  ғимарат та пайдалануға берілді.  Темірлан тас жолының бойында да осындай жағдай. Бұзылуға тиіс құрылыстарда жұмыс әлі жүріп жатыр.Ал бұрын жарым-жартылай бұзылған бірқатар нысандар сол күйі тұр. Меніңше, олар уақыт күтіп отыр. «Әкім ауысқан соң қайтадан салып аламыз» деген ойдан шыққан әрекет. Билік тарапынан қатал шара  қолданбаса  бұл бағыттағы тірлік оңбайды. 

 Бір әкімнің бастаған ісін екіншісі жалғастырмайды

- Облыс әкімдері ауысқан сайын  көзқарас та өзгеріп жатады.  Облыс әкімі Болат Жылқышиев әкімдіктің ғимаратын соңғы жылдары отау тіккен  «Қайтпас» мөлтекауданында салуды ұсынып еді, онымен ат ауыстырған Шөкеев бұл жобаны сызып тастап, қаланың ішіндегі орталық алаңды таңдады.  Одан кейінгі әкім Нұрғали Әшімов те қарап қалмай,  мүлде басқа жоба ұсынды. 

- Оңтүстікке келген қонақтар біздегі облыс әкімдігінің ғимаратын көріп «бұл әкімдік пе, әлде балабақша ма?» деп күліп кетіп жүр. Жалпы, облыстық әкімдіктің жаңа ғимаратының  жобасы Асанбай Асқаровтың кезінде-ақ жасалып, Қонаев даңғылы мен Байтұрсынов көшесінің арасынан орны бекітіліп қойған. Ол жоба келмеске кетті. Қаланың бас жоспарында әкімдіктің ғимараты  қайда орналасатыны тайға таңба басқандай көрсетілген. Таңданарлығы сол, бас жоспар жасалып біткенше ол жерге де басқа  ғимараттар салынып қойды. Онысы аздай аздай жері де сатылып үлгерген. «Қайтпас» мөлтекауданы бағытында әкімшілік орталық жасалғаны дұрыс, әлі де кеш емес деп есептеймін. Ал қазіргідей халық көбейіп, көлік нөпірі артқан тұста қаланың қақ  ортасыннан құрылыс жүргізу қисынсыз.

- Шымкент қаласын Өмірзақ Әмет басқарған кезеңде ескі қалашық пен Қошқарата өзені бойына байланысты жаңа жоспар жасалып, ақыр соңында аяқсыз қалды. 

- Жоспар жасалғаны былай тұрсын, оған пәленбай миллион теңге бөлінді ғой. Сәулетшілер осы жобаны талқылап, қабылдады.  Соған қарамастан, жоба жүзеге асқан жоқ.  Есесіне қазір Қошқаратаның бойын жөндеудің жаңа эскиздері дайындалыпты.  «Бұрын бөлінген қаражат қайда кетті? Ол жоба неге іске аспай қалды?» деп сұрап жатқан бір адам жоқ. Неліктен бұрын бекітілген жоба пайдаланылмайды? Сонда қыруар қаржы желге ұшты ма? Бір жобаны бастап екінші жобаға өтіп кете беру әдетінен қашан құтыламыз? 

- Соңғы үш-төрт жылдың ішінде облыс әкімдері жыл сайын ауысуда. Сіз айтып отырған кемшіліктер осының салдары емес пе?

- Әрине, ең негізгі себеп осы. Бір әкімнің бастаған ісін екінші әкім жалғастырмайды. Орталық алаңда тәп-тәуір жұмыс істеп тұрған аквасаябағымыз бар еді. Алтын адамның ескерткіші мен сағат Шымқаланың шырайын келтірген мәдени нысандардың бірі болатын.  Астан-кестеңі шығарылып қиратылған олардың орнында қазір қазылған шұңқырдан басқа түк  те жоқ.  Дайын спорт кешені қиратылып орынына мұз сарайын саламыз деп те бюджет қаржысын оңбай шығындадық.  

  Командалық әдіс-сыбайлас жемқорлықты заңдастырудың амалы 

- Мамандығы агроном бола тұра сәулет саласын басқарған азаматтарды да көрдік.  Облыстық құрылыс басқармасының басшылығы бір жылда 3 рет ауысып үлгерді. Мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасына да  бастық тұрақтамай жүр. 

- Мұның барлығы бізде кадрды қадірлемеуден шығып жатыр. Облысымызда  білікті кадр  жетеді. Кезінде үлкен басқармаларды басқарып, жауапты қызмет атқарған талай  азаматтар бүгінде бос жүр. Кадрды іріктеу жұмысы жүргізілмейді. Әдетте сапалы кадр таңдауда мамандардың басын қосып  семинар, симпозиум өткізіп жатады. Бізде  ондай ештеңе жоқ. Мемлекеттік қызметте көбінесе  әкімдерге  жағатын адамдар, «ләпбай тақсыр» дейтіндер ғана жұмыс істейді. Оның жасыратын несі бар? Басшылыққа тағайындалған енді біреулер құжатпен жұмыс істеп, қағаз толтыруда  мықты шығар, бірақ  өз саласын бес саусағындай біледі деп айта алмаймын.

       Қазір команда деген ұғым кеңінен таралған. Өзім командаға қарсымын. Себебі бұл  жемқорлықты заңдастырудың амалы  сияқты. Өзінің туысы не досын  командаға қосып алып   ым-жымды білдірместен  асап кете беретіндер баршылық. Менің ойымша,  ұжым қызметкерлері  бірін-бірі бақылап отыруы  керек. Әріптесін орға жығу мақсатында емес, заңға қайшы әрекеттерді дер кезінде байқап, кемшіліктерді айтып отыру үшін. Қазір ешкім бір-бірінің кемшілігін  бетіне басып айта алмайды, өйткені барлығы бір команда. Бастықтың айтқаны заң.  

- Мектеп, бала-бақша, аурухананы салуға соңғы жылдары мемлекеттен  көп қаржы бөлініп жатыр ғой. Осы нысандарды жобалау жұмыстарына неге қатыспайсыз?  

- Шынымды айтсам, тендерден көңілім қалған. Өйткені мемлекеттік сатып алу конкурстары әділ түрде өтпейді. Алдын ала дайындаған мекемелер жеңімпаз атанады. Олар жұмысты өздері істемейді, жергілікті жобалаушыларға тапсырып, үстіндегі табысын қалтасына салып, шеттен келгендер ауылына тайып тұрады. Жобалық құжаттарға қатысты  тендерлерде кейде тіпті жариялылықтың өзі болмай жатады.  Конкурстың жарияланғанын көп жағдайда тендер біткен соң барып қана естиміз. Ең қиыны – қағазбастылық. Құжат дайындау бұрыннан да қиындап кеткен. Болмайтын жерден ілік іздеп, аяқтан шалу жиі кездесетін жайтқа айналды. Құрылыс саласындағы күрмеуі қиын мәселелер де шаш-етектен.  Тәртіп бойынша құрылыс саласындағы тендер нысанның  жобалау құжаты толық дайындалып, мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының рұсқат қағазы берілген  соң ғана жариялануы керек. Ал бізде қалай?  Құжат дайын болмай жатып тендер жариялана береді. Жасыратыны жоқ, көп жағдайда жобалау құжаттарын дайындау мәселесі  тендерді жеңіп  алған құрылысшы мердігерлердің өздеріне жүктеледі. Бұл  барып тұрған заң бұзушылық, өйткені құрылысшы дайын құжатпен жұмыс істеуі керек. 

   Менің пікірімше, салынатын құрылыс нысанының жобалау  жұмысы кемі бір жыл бұрын басталуы керек.  Сәулет-құрылыс кеңесі нобайын талқылап, одан соң ғана жобалау мекемесіне беріліп, бекітілсе көп нәрсе ұтар едік. Біріншіден, ғимараттың сәулеті жақсы болады. Екіншіден, жоба заңда көрсетілген нормаға сәйкес болады. Демек, құрылыс компаниясы үшін ешқандай проблема тумайды. Ал бізде барлығы керісінше.

Облыстық сәулет басқармасында, қала, аудан сәулет бөлімдерінде қала құрылысы Кеңестері болуы тиіс. Бірақ  көпшілік аудандарда бұл Кеңес жасақталмаған, барларының өзі тек қағаз жүзінде болып отыр. Өйткені, өзім бір мүшесі болып табылатын облыстық және Шымкент қалалық қала құрылысы Кеңесінің отырысы соңғы 4 ай көлемінде бірде-бір рет болған жоқ. Бұл нені білдіреді? Әрине, Кеңес ұйымдастырушылардың салғырттығын, істі кеңеспей-ақ шеше салатындығын көрсетеді. 

 Біреуден көшіріп алған жобадан көсегеміз көгермейді

  - 30-40 жыл бұрынғы ескі жобалар тендерде қалай өтіп кетіп жатады?

- Қазақта «бармақ басты, көз қысты» деген жақсы мақал бар. Тендердегі кемшіліктер осыдан келіп шығады. Жалпы, бізде жобалауға уақыт бермейді. Барлығы дайын жобаны қолдануға құмар.  Айталық, Талдықорғанда  мектеп салынса, ол жақсы ма, жаман ба осында әкеліп қолдана салудан тайынбайды.  Тек іргетасын ғана өзгертіп, жобаға аз-кем өзгерістер енгізіп, қабылдай салады. 

- Жобалар сіз айтып отырған сәулет-құрылыс  кеңесінде талқыланса бұдан не өзгереді? 

- Әр қаланың өз бет-бейнесі болуы керек. Қазір біз көбінесе Ресейде жобаланған ғимараттарды  салып жүрміз. Бұдан елімізге келер не пайда? Бірде  Мәскеудің мэрі Юрий Лужков алқалы жиында Астананың сәулетін өткір сынға алды. «Осы сендер Астана, Астана дейсіңдер. Бұл жерден қандай архитектура көріп отырсыңдар? Бұл тек әр жерден жиналған сәулет өнерінің  жиынтығы ғана», деді Лужков. Бұл біз үшін өте ауыр сын ғой. Шымкентті былай қойып,  Астананың өзіндегі жағдай осындай. Мына интернет деген жас сәулетшілерге жақсы болды. Ғаламтордан дайын жобаларды іздеп тауып, пайдалана береді. Ал ол жоба менталитетімізге сай ма, ол жағына ешкім бас ауыртып отырған жоқ.  Жобалау және құрылыс саласындағы жұмыстар тек осындай науқаншылықпен жүзеге асып келеді.   Барлығы көзбояушылық тірлік жасап, уақытша жұмыс істеп жүрген секілді. Қаланың бас жоспарына сәйкес қандай нысандар салынатынын  алдын ала біліп отыруымыз керек. Сонда мектеп немесе бала-бакшаның жобалау жұмыстарын бір-екі жыл бұрын  жасап қойсақ  қайта-қайта түзету  енгізіп, қосымша қаржы сұрау болмайды. 

- Соңғы уақытта құрылыс және жобалау жұмыстарымен шұғылдануға рұқсат беретін  мыңдаған лицензия кері қайтарылғанын жиі естиміз. Бұл неғылған  ағыл-тегіл лицензия? Бұл сұрақты сізге жолдап отырғанымыз, өзіңіз кезінде лицензия беретін мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасын басқардыңыз. 

- Бұл да науқаншылық сияқты көрінеді маған. Рас, саны бар, сапасы жоқ жобалау мекемелері жетіп,артылады. Басым көпшілігінде сәулетші мамандар жоқ.  Барларының өзінде көп жағдайда тәжірибесіз жас мамандар, жобаның сәулеттік кескінін  интернет арқылы көшіруге кіріскен. Сәулеттік жоспарлары жарымжан, өзіндік стилден жұрдай. Бұларды тексеріп, сараптамадан өткізетін сараптау мекемелерінде сәулетші мамандар жетіспейдіЛицензия беру белгілі тәртіппен құрылыс және жобалау жұмыстарын жүргізуге берілетін құқық.  Оның өз талаптары бар. Мекеме талапқа сай болып тұрса неге оған лицензия берілмеске? Құрылыс компаниясын лицензия беруден бұрын тексеру керек. Ал  беріліп қойғаннан  қайтарып алу – бұған дейін қылмыс жасағанын мойындау.  Тәжірибесіз, шығармашылық деңгейі төмен сәулетшілерден жасақталған жобалау мекемесінің туындыларынан қайбір оңған дүние шығар дейсіз?

Міне, біздің қалаларымыздың үлкен ауылға айналып бара жатқандығының түп-төркіні сол кемшіліктеріміздің барлығынан болса керек. Талапқа сай келмей, техникасы, базасы болмаса әу баста-ақ лицензия бермеу керек еді. Егер  фирманың құрамында білікті мамандары болмаса, немесе салған құрылысы сапасыз болғандықтан опырылып қалса, онда сот арқылы кері қайтаруға негіз бар. Меніңше, бұл науқан  «фирмалар көбейіп кетіпті, соларды азайтыңдар» деген әңгімеден кейін ет қызумен жүзеге асып жатыр. 

Oinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg

Неге генерал Досымовтың дегені болмай тұр?
Марс Үркімбаев. Қызметтік жолының күнгейі мен көлеңкесі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу