Ордабасы деп аталатын шошқа ферма ашылды
Екі жыл бұрын «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы құрылғанда ел үйіп-төккен уәдеге қарық болып, таңдай қақтыратын талай игі тірлік қолға алынатыны тілге тиек етілген еді. Корпорация жаңадан отау тіккендіктен оң-солын тану, етек-жеңін жинау оңайға соқпайтыны белгілі. Сондықтан алғашқы жылы «анау жұмыс істелмеді, мынау тірлік атқарылмады» деп жазғырудан аулақпыз. Алайда «майын тамызып» мақтауын әбден келістірген корпорацияның екінші жылы жұмыс істегенде де банктерге депозитке ақша салу арқылы жеңіл жолмен пайда тапқаны болмаса, елдің игілігі үшін табыс әкелетін тірліктерді тындырудың орнына, шығынға батқаны қынжылтады. Омархан Өксікбаев тізгінін ұстаған республикалық Есеп комитеті таратқан мәліметке сүйенсек, өткен жылды «Оңтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына қарасты кәсіпорындар 7,6 миллион теңге шығынмен аяқтаған. Бұл шығын жоғары көлемде жалақы алатын корпорациядағыларды қаншалықты қамықтырғанын білмейміз, бір білетініміз сол ала таңнан қара кешке дейін қолынан кетпен, күрегі түспей қабырғасы қайысып, белі майысып есепсіз тер төккендерімен еткен еңбегі еш, тұзы сорға айналғаны, сөйтіп ішер ас, киер киімнің қажеттілігін өтейтін нәпақадан қағылғаны диқан қауымға аса ауыр соққы болғаны анық.
Корпорация үгіттеп қоймаған соң, былтыр диқандар мақта егуден бас тартып, олардың үлестірген несиесін кәдеге жаратып, қауын-қарбыз еккен болатын. Екі арада келісім-шарт жасалды. Корпорация өнімді сатып алып, Еуроодаққа қарайтын елдерге экспорттауды жоспарлады. Соның нәтижесінде екі жақ та пайдаға қарық болуды көздеген. Олар алған несиеден пайда көрудің орнына, несібелерінен айырылатынын қайдан білсін? Күні-түні тыным таппай күтіп, баптап өсірген өнімді жинайтын кез келгенде корпорация әр түрлі себеппен оны сатып алуға уағдаласқан бәтуада тұрмай, шаруа байғұстарды шырылдатып қойды. Шырылдамағанда қайтсін? «Диқандардың дайындаған өнімдерін қабылдамай, айқай болып, кезінде осы мақсатқа алған несиесін қайтару үшін әркім тапқанын төлеп, әбігерге түсті. Диқандар есіл өнімін сатқанынша сатты, сатылмағаны қалды, қырғын болды. Екі жақ та шығынға батты» дейді Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Жамантай Бейсенбаев.
Бұл енді былтырғы жағдай. Ал биыл... Корпорацияның шапағаты арқасында асыл тұқымды шошқа өсіретін кешен пайдалануға берілгені жайлы көпшілікке жар салып, жаңалықты жариялағандарына көп бола қойған жоқ. 8 жылдын бері жұмыс істемей тоқтап тұрған шошқа ферманы қайтадан іске қосуға, тіршілігінің тасын өрге домалатуға корпорация тарапынан 56 миллион теңге бөлініпті. Мұны шошқа өсіретін кешеннің директоры Сабыр Валиевпен тілдескенімізде, корпорацияның қолдауын қуанып тұрып айтты. Жаңа кешенде 552 мегежін (аналық шошқа) бағылып жатыр. Мұнысы әзірге ғана. Өзге жануаларға қарағанда аса өсімталдығымен ерекшеленетін талпақ танаулар жоспар бойынша алдағы жарты жылда топыралата туып, торайлардың саны 4 мыңға жетпекші. «Оңтүстік» ӘКК басшылары Ордабасы ауданы Шұбар елді мекенінде орналасқан шаруашылық өңірдегі ең ірі шошқа фермасына айналатынына нық сенімді.
Қазір нарық заманы, шошқа бағасың ба, әлде түйеқұс өсіресің бе, ол әркімнің өз шаруасы. Қазақ кешегі колхоз-совхоздың кезінде де шошқа бақты емес пе? Бір қарағанда, кімнің болсын көкейіне осындай ойдың оралары анық. Бірақ сол кеңес заманында шариғат харам санаған доңыздың қазақты пайдаға қарық қылмағаны рас. Бүгінгі нарық заманында осы кәсіпті қайта өркендетудің қажеті бар ма еді? «Оңтүстік» ӘКК-нің бұл жобасының келешегі қаншалықты зор болатыны белгісіз. Күмәнді тұстары көп. Айталық, жоспар бойынша аталған кәсіпорын ішкі нарықты импорттан қорғайды екен. Апыр-ау сол ішкі нарықтың өзінде шошқа етіне деген сұраныс қанша? Облыста жаппай халал өндірісі дамып жатқан тұста қалың қазақылығының қаймағы бұзылмаған өлкеде шошқа етіне кім құмартып отыр екен? Түсіне алмадық. Мұны бір деңіз.
Екіншіден, жоспар бойынша артылған өнім экспортталып, Ресей нарығын жауламақ көрінеді. Бұған күлесіз бе, жылайсыз ба? Қазақ шошқа бағудан орысты артта қалдырыпты деген атақ алмақшымыз ба? Одан да ішкі нарықта игерусіз жатқан, қолға алатын, көзін ашатын бұдан басқа тірлік аз ба еді? Мәселен, облыста жарытымды бірде-бір тері илейтін, не жүн иіретін кәсіпорын жоқ. Есесіне ішкі нарықты Қытайдың, Иранның, Түркияның сапасыз өнімі жаулап алды. Біреудің нарығын жаулағанша, өз экономикамызды тәуелділіктен құтқарсақ та жаман болмас... Бірақ, біздің негізгі айтпағымыз да бұл емес еді.
«Оңтүстік» ӘКК үлкен үміт артқан кәсіпорынның атауын естігенде шалқамыздан түсе жаздадық. Атауы жаңадан қойылыпты. Шошқахананың аты--«Ордабасы». Иә, барша қазақ қасиет тұтқан, бірліктің символы болған Ордабасы. Ордабасы туралы талай-талай толғаныстар айтылып, оның қасиетіне тәу етіп жүрміз. Ендеше шошқа мен Ордабасыдан қандай жарасымдылық, қандай үйлесімділік тапты екен? Бұл дегеніңіз нағыз талғамсыздық, барып тұрған құрметсіздік емес пе?
Қазақ қашанда қасиет тұтқан нәрсенің атын тура атамаған. Бұл атын тура атаса, оның қасиеті қашады деген түсініктен туса керек. Өкінішке қарай, кейінгі кездері осы түсініктің жұрнағы да қалмаған тәрізді. Соның салдарынан болар, «бояушы бояушы дегенге сақалын баяпты» дегендей, барша қазақ үшін қастерлі атаулар оңды-солды қолданылып келеді. Базбір кәсіпкерлер ұлттық құндылықтарымыздың атын өздерінің арақ-шараптарына да пайдаланды...
Мына парадоксты қараңыз. «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бұрынғы басшысы, қазіргі облыс әкімі Асқар Мырзахметов Ордабасы атауының қадір-қасиетін, тарихи тағлым-тәрбиесін түсінгендіктен Ордабасы алаңына бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында кәсіпкер Әмірхан Шүменовтің демеушілігімен Тәуелсіздік монументін орнатып, елдің ерекше ықыласына бөленді. Оның ашылу салтанатына қатысқан мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ордабасы атауының мән-маңызына тоқталып, облыс әкімі ұтымды ұйымдастырған тірлікке оң баға берді. Ал Ордабасы атауын насихаттауға «Оңтүстік» әлеуметтік -кәсіпкерлік корпорациясының бүгінгі басшысы Қайрат Айтуғанов қандай еңбек сіңіріп жүр деген сауалдың жауабы көзі ашық, санасы ояу оқырманға айтпаса да түсінікті. «Ордабасы» деп аталатын шошқа ферманың ашылуына ұйытқы болып, бұл жобаны қандай оймен қаржыландырып отырғанына байланысты оның өзі не дер екен?
Ғалымжан Елшібай