«Нұр Отанға» «катастрофа жөніндегі маман» не үшін қажет болды?

Oinet.kz 26-11-2009 970

daad5b6c32b69153b49a30db48bc093b.jpg

«Нұрлан Нығматуллин өзін білікті басшы ретінде таныта білді», «Бұл азаматты бағалау керек», «мен үшін Қарағанды облысының орны бөлек, сондықтан бұл жаққа кездейсоқ адамды жібере алмаймын». Бұл сөзді Нұрсұлтан Назарбаев 2006 жылдың 20 қаңтарында Қарағандының жұртшылығына жаңа әкімді таныстыру сәтінде айтқан болатын. 

Елбасының Нығматуллинді осылайша бағалауы бекер емес екенін кейін түсіндік. Соңғы бірнеше жылда Қарағандыда бір емес, бірнеше төтенше жағдай орын алды. Осыдан болса керек, жұрт Нығматуллинді сыртынан  «катастрофалық үлгідегі басшы» немесе «катастрофа жөніндегі маман» деп  атап кетті. Енді сол «катастрофалық үлгідегі шенеунік» шұғыл түрде  «Нұр Отан» саяси партиясындағы Дархан Қалетаевтың орнын алмастырды. Шұғыл түрде дейтініміз, партияның соңғы жиынында Қарағанды облысының әкімі саяси бюроның мүшесі етіп сайланды. Бұл ненің белгісі? 

Бұл сұрақтың жауабын іздеу үшін Нығматуллиннің соңғы қызметінде атқарған жұмысына тереңірек үңілейік. Шынын айтсақ, Нығматуллиннің әкім ретіндегі карьерасы басталмай жатып-ақ, аяқталуы бек мүмкін еді. 2006 жылдың қыркүйек айында шахтерлар наразылық акциясын бастап, көшеге шықты.  Әлеуметтік жағдайдың қиындығынан әбден титықтап шаршаған жұмысшылармен келіссөздер жүргізуге екінің бірі  батылы жетпейтіні анық еді. Абайсызда айтылған сөз атылған оқпен бірдей болып кету қаупі жоғары болды.  Дегенмен, Нығматуллин ушыққан жағдайды қалыпқа түсіре алды.  Шахтерлардың ашуын басып қана қоймай, ертесіне-ақ олардың жұмыс орындарына оралуына қол жеткізген Нұрлан Нығматуллин әкім ретіндегі алғашқы жеңісін тойлауға мүмкіндік алды. Алайда, бұдан кейін Қарағандыны дүр сілкіндірген оқиғалар бірінен соң бірі орын алып жатты. Бірқатар өндіріс ошақтарындағы наразылық акциялары мен төтенше жағдайлар, «Валют-Транзит» банкінің банкротқа ұшырап, мыңдаған салымшылардың алданып қалуы бір жағынан, екінші тұсынан «Қазақмыс», «АрселорМиттал Теміртау», «ENRC» секілді алпауыт компаниялармен арадағы қарым-қатынастың нашарлауы кез-келген басшының зәре-құтын қашыратыны сөзсіз. Алайда, Нығматуллин өзінің «оңай шағылатын жаңғақ» еместігін дәлелдеді. Ең бастысы Ақордаға сол бейнесімен танылды.   Әйтпесе, Астана жақтан әкімге қатысты қатаң шаралар қолданылар еді. Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей қызмет атқарғаны мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады. Әрине,  Нығматуллиннің жетістікке жетудегі негізгі қаруының бірі – көпшілікпен жұмыс істей білу қасиеті мен қоғамдық пікірге оң әсер ете білуі екені даусыз.

Әйтеуір, қарағандылықтардың санасында «әкіміміз  жақсы, оның айналасындағы шенеуніктер оңбайды» деген түсініктің қалыптасқаны шындық. 

«Нұр Отанның» таңдауы неге Нығматуллинге түскенін түсіндіретін тағы екі жағдайға назар аударалық. Біріншіден, ол  Президенттің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құру идеясын іс жүзінде қолдаған тұңғыш облыс әкімі. Осы бағыттағы алғашқы жоба Қарағандыда жүзеге асырылды.  Екіншіден, Нығматуллин «НұрОтан» партиясының облыстық филиалын басқарған тұңғыш әкім ретінде де танылды. Демек, партия белсенділері үшін Нығматуллин бөтен емес. Басқа-басқа, осы қызметті Нығматуллиннің абыроймен атқаратынын нық сеніммен айта аламыз. Бізді толғандырған мәселе басқа: «НұрОтанға» катастрофалар жөніндегі маман» не үшін қажет  болды? «Азат» пен «ЖСДП» партияларының бірігуін «нұротандықтар» төтенше жағдай ретінде бағалағаны ма? Әлде, басқа да себеп бар ма?

Сәдібеков сәнді сөйлегеннен өзге түк тындырмаған ба?
Оңтүстіктен озық идея шықпай тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу