Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
ОҚО әкімі Асқар Мырзахметовтің аудандарға сапары Сарыағашта жалғасты. Дәл осы Сарығашта ауызсу проблемасы бар десек, өзге өңірдің жұрты сенбес еді. Өйткені, шипалы судың «үстінде» орналасқан ауданда су жоқ деу қисынсыз секілді. Алайда сол ауыз су жөнінен аудан ұятты болып тұр. Басқа аудандармен салыстырғанда әлдеқайда күрделі болып тұрған бұл мәселені шешу мақсатында жұмыс жүріп жатыр екен. Мысалы, «Жол картасы» шеңберінде 12 су тазарту қондырғысы орнатылыпты. Алайда, бұл жеткіліксіз. Аудандағы 153 елді мекеннің тек он екісіне құбырмен таза су жеткізілген. Үш жүз мыңға таяу халықтың 24 пайызы ауызсуды ашық көздерден алады. Тасымалдап ішуге мәжбүр болып отырған ауылдар да аз емес. Осы тасымалдап ішетін ауылдардағы ауызсу мәселесі келесі жылдың бюджетіне енгізіліп, шешімін таппақ. Оны облыс әкімі А.Мырзахметов сапар қорытындысы бойынша өткен актив жиналысында айтты.
Табиғи өсімі мол ауданда балабақшаның жетіспеушілігі түсіністікпен қарайтын мәселе болса, медициналық мекемелердің тапшылығы, мәдениет ошақтарының қайбір жылғы оңтайландырудан оңала алмай жатуы мен жол жағдайы басшыларға ой салғаны анық. Ауыз суы мен бас ауырып балтыр сыздағанда барар «доқтыры» жоқ ауыл тұрғындары мәдениет үйін сал деп мәселе көтермесі аян. «Самал» мөлтекауданында солай болды. Облыс басшысы ат басын бұрған осы мөлтекауданда күнделікті өмірге қажетті «өркениетіңіздің» бірі де жоқ. Мөлтекауданда тұратын жүзден астам отбасының дені Өзбекстаннан келген қандастарымыз. Ауызсудың тауқыметін тартып отырған тұрғындар судың тоннасын 1200 теңгеден сатып алуда. Оқушылар 5-6 шақырымдағы мектепке жаяу қатынап, білім алуда. Талай жыл жарықсыз отырған тұрғындар электр қуатына өз қаражаттарын жұмсап, кіргізіп алыпты. Облыс әкімі А.Мырзахметовпен кездесуде олар енді мектеп пен жол мәселесінің шешілмей отырғанын жеткізді. Жеткізді-ау, бірақ басқаларға «кесіріміз» тиіп кетпес пе екен деген күдікті ойға да қалды. Өйткені, облыс басшысы бұл мөлтекаудандағы проблема жер телімдерінің бей-берекет таратылуының салдарынан туындағанын айта келе, «мұндай мәселелер көбеймеу үшін коммуналдық қызметтер жеткізілмеген, жолы жоқ аумақта тұрғын үй салуға жер беруді тоқтату керек» деді. Ол да жөн, алдымен инфрақұрылымды жеткізу, одан кейін үй салу қажет. Алайда, тұрғындардың қашан жасалатыны белгісіз ондай «камфортты» күтіп отырғысы жоқ.
Ауданға барған жұмыс тобы орталыққа жиналып, көрген-естігендерін ортаға салды. Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов өзі аралаған ауылдардың жағдайына тоқталды. Соның бірін айтсақ, Ақжар ауылындағы орта мектеп 500 оқушыға арналған екен. Қазір бұл білім ошағында 1450 оқушы білім алуда. Үш ауысымда. Мектептің жанында бұрын интернат болған. Ғимараты қазір де бар. Әрине ол бертініректе жеке меншікке өтіп кеткен. Сол қайтарылса, мектепті кеңейтуге мүмкіндік туар еді. Бүгінде тегін нәрсе жоқ. Әлгі бұрын интернат болған ғимараттың бүгінгі қожайыны 3 миллион теңгеге қайтаратынын айтып отыр. Саудаласып сол ғимаратты алған күннің өзінде жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Ол дегеніңіз тағы 10 миллион теңге қаржы. Дегенмен, жаңа мектеп салғаннан осылайша қаржы үнемдеп, бұл ауылдағы мектеп мәселесін шешуге болады. Берік Серікұлы аз қаржымен еңсеруге болатын осындай мәселелердің бірқатарын тізіп, оларды келер жылдың бюджетіне енгізуді ұсынды.
Ал, облыс әкімінің орынбасары Уәлихан Қайназаровтың айтуынша, көптеген ауылдарда фельдшерлік-акушерлік пункттер жоқ. ФАП-тардың көбісі апатты жағдайдағы ғимараттарда орналасқан. Сарыағаш ауданы табиғи өсім бойынша аудандар арасында алғашқы орында. Өкінішке қарай, халық өсімі жоғары ауданда арнайы салынған перзентхана жоқ. Халқы көп өңірге аналарға арналған аудандық аурухананың ішіндегі бір бөлімше тым аздық етуде. Кейде орын жетпейді. Медицина мекемелерінің жеткіліксіздігі ана мен бала өлімінің көбеюіне де себеп болуда. Аудан активі жиналысын қорытындылаған облыс әкімі А. Мырзахметов әлеуметтік проблемаларды шешу үшін бюджеттің мүмкіндігін арттыру керектігін атап өтті. Айта кетейік бюджеттің қаржыландырылуы жағынан облыс орталығы Шымкент қаласынан кейінгі екінші орынды Сарыағаш ауданы еншілейтінімен шешілмеген, шиеленіскен мәселе шаш-етектен. «Жол картасына» ұсынылған 243 нысанның тек екеуінде жобалық-сметалық құжаттар бар. Өндіріс ошақтары молынан шоғырланған, сауда-саттыққа да қолайлы орналасқан, шыбық шаншысаң шынар шығатын ауыл шаруашылығына қолайлы жері де жетерлік, қысқасы қай жағына алып қарасаң да стратегиялық жағынан маңызы мен артықшылығы зор Сарыағаш ауданы өкінішке қарай өзгелерден оқ бойы озып жүрудің орнына бүгінде салы суға кеткен тұстары көп болып тұр. Кері кеткен тірліктердің кенеуін келтіру су жаңа әкім Мақсат Мырзабаевқа оңай соқпасы анық. Осындайда көкейді мазалаған мынадай сауалды көпшілікке қабырғасынан қойсақ дейміз: Сонда бұрынғы әкім Ұласбек Сәдібеков сұлу,сәнді сөйлеп көпшілікті алдандырғаннан басқа түк тындырмаған ба? Бұған Сіздер не дейсіздер, сарыағаштықтар?
Айбар Алшын
"Рейтинг" газеті №38, 23 қазан 2009 жыл