«Екі жұлдыз» жайлы пікір екіге жарылып тұр
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасында жүріп жатқан «Екі жұлдыз» телебағдарламасы еліміздегі ең танымал жобаларының біріне айналды. Дәл мұндай бағдарламаны былтыр Ресей де қолға алған-ды. Бұл жобаның төңірегінде тіпті үлкен пікірталас туды. Әрине, «Екі жұлдызды» ұнатқандар да, жақтырмағандар да табылды. Кейбіреулер «Қазақстандағы ең үздік шоу» ретінде баға беріп жатса, екінші біреулер «қатысушылардың құрамы жобаның атына сай емес. Сондай-ақ, бұл Ресейдің көшірмесі ғана» деген пікір ұстануда. Біз осы жоба жайлы «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының бас продюсері, «Екі жұлдыз» жобасының жетекшісі Алтынбек Рахметовпен тілдескен едік.
-«Екі жұлдыз» - Ресейден алынған көшірме емес. Лицензияның иесі - шведтер. Осы жобаны қалай жүргізу керектігін көрсетіп, үйреткен солар. «Екі жұлдыз» жобасы тек Ресейде емес, әлемнің 12 елінде өткізілді. ТМД кеңістігінде Ресейден басқа Украина, Белоруссия мен Әзірбайжанда ұйымдастырылды. «Екі жұлдыз» жобасын Азия құрлығында тұңғыш рет қолға алған мемлекет – Қазақстан.
- «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы осы жобаға не үшін қызығушылық танытты?
- «Екі жұлдыз» жобасына қатысты айтылып жатқан сын көп. Біз ол сынды дұрыс қабылдаймыз, себебі көрермендер әлі мұндай шоу-хабарларға үйренбеген. Көбісінің ойынша, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы өз бетінше ештеңе ойлап таба алмайды, міндетті түрде басқа біреуден көшіріп алуы керек деген әңгіме жиі айтылады. Бірақ, мынаны айтқым келеді: қазір телевизия саласында жаңалық еңгізетіндей жобаны ешкім ойлап таба алмайды. Осы саланың «жілігін шағып, майын ішкен» Батыс Еуропа мен Американың жүзеге асырмаған жобасы, идеясы қалмады. Әлемнің қалған елдерінде осы лицензиялар бойынша телехабар түсіруден басқа амалы жоқ. Қазақстан түгілі Ресейдегі кез-келген бағдарламаларды алып қарасаңыз, барлығы да бұған дейін Батыста көрсетіліп қойған. Айталық, «Поле чудес», «Суперстар», «Угадай мелодию», «Миллионды ұтып ал», тағысын тағылар Америкада осыдан 15-20 жыл бұрын жасалып қойған. Бірақ, біреудің көшірмесі болса да хабардың мазмұны мен ішкі дүниесі өзіміздің менталитетімізге сай болуы керектігі де анық.
- Басқа елдердегі «Екі жұлдыздармен» салыстырдыңыз ба?
- Ия, 12 елдегі «Екі жұлдыз» жобаларымен. Мақтанғаным емес, бірақ, Украина мен Әзірбайжандық бағдарламалармен салыстырғанда біздің жоба әлдеқайда қызықты,әрі тартымды. Қатысатын көрермендеріміз де анағұрлым көбірек. Орыс тілді қатысушыларымыз қазақша ән айтып шыққандары да біз үшін үлкен жетістік деп ойлаймыз. Сондықтан бұл тілді насихаттаудың, ұмыт қалған ескі әндерді қайта жаңғыртудың бір түрі деп ойлаймын. Қазірдің өзінде ауылдағы жүздеген көрермендерімізден көптеген алғыс хаттар келіп жатыр.
- «Екі жұлдыз» жобасына қатысушылар қалай іріктелді?
- Қатысамын деушілер көп болды. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, бірақ , осы хабарға қатысу жайлы ұсыныс білдіргенімізде біраз танымал әншілер мен азаматтар ат-тонын ала қашты. Арасында бұрыннан келе жатқан атақты сахна жұлдыздары да бар. «Бірінші турдан өте алмай, жарыстан шығып қалсақ абыройымыз айрандай төгіледі ғой», деп қатты қауіптенген болса керек. Жанды дауыспен шығудан шошынғандар да табылды. Сондықтан жобаға қатысқан 16 әнші үлкен батылдық жасады деп ойлаймын. Олар жобаның мән-мағынасын да жақсы түсінді деп ойлаймын. Бұл сайыс емес, бұл – шоу. Евровидение немесе Юрмала секілді конкурс емес. Азырақ ұпай жинап, «Екі жұлдыздан» шығып кеткен Алмас Кішкенбаев, Ерлан Көкеев сынды әншілер осы бағдарламаға қатыса алғанына ризашылығын білдіріп, бізге алғысын айтып жатыр.Олар тарапынан ешқандай ренжу болған жоқ.
- Ал саясаткерлер ше?
- Үміткерлер ретінде жобаға салмақты лауазымды қызметкерлерді, кезінде министр қызметін атқарған бірнеше азаматты тартуды жөн көрдік. Алайда, алғашында қатысуға келісімін беріп, артынша сөзінен тайқып шыққан саясаткерлерді де көрдік. Уақытым жоқ деп қысқа қайырған азаматтар да болды.
- «Екі жұлдыз» жобасының екінші маусымы жайында не айта аласыз?
- Қазірден бастап «Екі жұлдыз-2» жобасына дайындық жүріп жатыр. Іріктеу жұмыстары өтуде. Бұйыртса, телешоуды ақпан айында бастаймыз. Қатысушылардың құрамы толық жаңарады. Ал, қазіргі қатысушылардың кейбірі «Екі жұлдыз-2»-ге әділқазы ретінде қатысуы да мүмкін.