Балабақша еді, енді бірі - банк, бірі - сауна

Oinet.kz 26-11-2009 949

Screenshot_3.jpg

Балалар бақшасының жетіспеушілігі жөнінде бұрын да жиі айтылатын. Бұл мәселе көтеріле бастаған жылдары дүниеге келген балалардың алды мектепте оқып та жүрген болар. Баласын орналастырар танысы немесе соған берер теңгесі жоқтар жылжымайтын кезекте жылдар бойы тұратыны да бүгінде ешкімді таңдандыра алмайды. Мектепке дейінгілердің мәселесін кешегі кеңестік дәуірдің балалары, бүгінгі ересектер ертеңге қалдырып келді. Соңғы бір-екі жылда ғана бұл бағытта болмашы қимыл-әрекет байқала бастаған-ды. Сең енді қозғалды. Елбасының пәрменімен. Тікелей эфирдегі әңгімеден соң жоғарыдағылар балабақша түгендеп жүгіре бастады, баласын құшақтап төрт қабырғаға қамалған төмендегілердің жүзіне қан жүгірді. Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей эфирде айтқан сөзі бүгінде балабақша тапшылығының тауқыметін тартып отырған ата-ананың бойтұмарына айналды. Енді Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалса, түгелдей шешілмегенімен бұл мәселенің жүгі жеңілдері анық.

Балабақша санын арттыру жергілікті билікке жүктелген тапсырманың негізгілерінің бірі болып тұр. Бүгінгідей қаржы дағдарысы жағдайында бұл тапсырманы жедел орындалады дей алмаймыз. Әйтсе де, мәселені шешудің бір жолын Елбасы айтып та берді.

«Айта кетейік, дамыған елдерде ата-аналар мемлекеттің алдына балалар бақшалары туралы мәселе қоймайды. Бұл бизнес жұмысының тақырыбы. Олай болса біздің бизнес мынадай сұраныс жағдайында бұған неге назар аудармайды?», -- деді Н.Назарбаев тікелей эфир арқылы берген жауабында. Елбасының бұл сөзі бір басында 4-5 тойханасы бар шымкенттік кәсіпкерлерді ойландырса қанеки. Облыс орталығындағы көптеген тойханалардың тым болмаса үштен бірі балабақшаға ыңғайланып қайта жабдықталса, егесі талайдың алғысына бөленер еді. Әй, қайдам, ақшаға арбалғандардың алғысқа «алдануы» екіталай. Әйтпесе, әлгі жекешелендіру кезінде арзанға алып қалған балабақша ғимараттарын қайтармас па еді. Кәсіпкер атаулының ауылына топырақ шашудан аулақпыз. Бар жақсылықты балаларға арнап, қайырымдылық жасап жүргендері аз емес. Дегенмен, Шымкент қаласында басқа мақсатта пайдаланып жатқан  балабақшалардың басым бөлігі кәсіпкерлердің меншігінде екені ойға қалдырады. Оған кейінірек тоқталармыз.

Мемлекет басшысы тікелей желіге келіп түскен сауалға берген жауабында Қазақстанда балалардың мектепке дейінгі мекемелері олардың 36,5 пайызын ғана қамтитынын өкінішпен атап өтті. Ал демографиялық өсімі жоғары оңтүстіктегі жағдай қалай? Мәліметтерге жүгінсек, Оңтүстік Қазақстан облысында 202 балабақша бар екен. Оның 29-ы жекеменшікте. Мектеп жасына дейінгі бала саны 427 159, оның 2-7 жас аралығындағысы -316 310. Бұлардың арасынан балабақшаға бару бақытына ие болғандары – 26 764. Жоғарыда айтылған үш жүз мыңнан астам баланың барлығын  қамту үшін облыста 1034 балабақша салу қажет. Оның өзі кемінде 280 орынды болуы тиіс. Есеп осылай дейді. Ал, облыс бойынша кезекте тұрған 33 539 баланы қамту үшін 170 балабақша ашылуы керек.

«Биылғы жылы ғана 20 балалар бақшасының құрылысы аяқталады, 2012 жылға дейін шамамен 47 000 балаға арналған тағы 170-і пайдалануға беріледі. Бірақ та сұранысты қанағаттандыру үшін бізге әрқайсысы 280 орындық есеппен 800 балабақша салу керек», --деді Елбасы тікелей эфирде. Байқаған боларсыз, оңтүстікке қазіргі уақытта қажетті 170 балабақша, 2012 жылға дейін еліміз бойынша салынуы жоспарланып отырған 170 –пен тең. Яғни, демографиялық өсімі жоғары оңтүстікте бұл мәселені шешуге талай жылдар кетеді. Осы орайда Елбасының: «Кеңестік кезеңде барлық балалар бақшасы мемлекеттік меншікте болды, ал біздің алғашқы «жекешелендірушілер», сол кездегі үкімет оларды таратып берген немесе сатқан, біз енді бүгін бәрін қайтадан құруға мәжбүрміз» деген сөзі көпке ой салары анық. Яғни, бұл мәселені кеше «қолды» болып кеткен бала бақшалар есебінен біршама жеңілдетуге мүмкіндік бар. Ендеше, сол кездегі «жекешелендірушілер» мен үкіметтің таратып берген немесе сатып жіберген оңтүстіктегі бала бақшалар ғимараты бүгінде кімдердің иелігінде? Жауап іздеп көрелік.

Шымкент қалалық білім бөлімінің мәліметтеріне жүгінсек, облыс орталығында 72 балабабақша 1996-2007 жылдар аралығында жекешеленіп, сатылып кеткен және басқа мақсатта пайдаланылып жатыр.  Осы 72-нің 21-і  -- 215-225 орынды, 9-ы -- 230 орынды, төртеуі -- 250-265 орынды, 18-і -- 100-115 орынды, екеуі -- 180-185 орынды балабақша, ал бүгінде шекарашылардың жатахқанасына айналған №50 «Голубок» балалар бақшасы 340 орынды... болған. Қалғаны 50 – 100 орын аралығындағы бала бақшалары еді. Сол 72-нің 50-і типтік үлгіде, яғни талапқа сай салынған болатын. Бүгінде олардың 4-уі облыстық денсаулық сақтау басқармасының, 4-уі облыстық білім басқармасының, екеуі – облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының, 6-уы әкімдіктің меншігінде болса, ішкі істер департаменті -2, шекара қызметі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бір-бірден балабақшаны «паналап» отыр. Бұл мекемелердің ғимараттарды сатып алуы немесе жалдап отыруы әбден мүмкін. Ал, қалған бала бақшалардың барлығы жекеменшік иелігінде десек те болады. Мысалы, бұрынғы 230 орынды №34 «Маржан» балабақшасы бүгінде «Қайнар» университетіне,  120 орынды №51 «Росинка» және №84 «Қызғалдақ» балабақшалары жекеменшіктегі «Отырар» институтына айналған.  №81 220 орынды «Айгүл» балабақшасын «Химфарм» зауыты «Зерде» дәріханасы етіп алған. Ш.Уәлиханов көшесінің бойындағы 220 орынды №5 «Ертөстік» балабақшасында бүгінде «Сахаджа йоги» неміс мәдени орталығы отыр. Олар балабақшаны толық жекешелендіріп алғанын айтуда. Сондай-ақ, көлік инспекциясы №47 «Аленушка» балабақшасының жартысын сатып алыпты. Тізе берсек осылай жалғаса береді.  «Ақ ниет» ЖШС-і 95 орынды №66 «Ручеек» балабақшасын саунаға айналдырыпты. Ал, бұрындары 220 балаға тәлім-тәрбие беретін №80 «Забава» бүгінде жекеменшік банк. Бірқатар балабақша ғимараттары бұзылған болса, бос тұрғандары да жоқ емес. Мысалы, Ә.Жангелдин көшесінде орналасқан жекеменшік иелігіндегі 220 орынды №48 балабақша толығымен, Сайрам көшесіндегі «Шымкент сыра» АҚ-ына қарасты 220 орынды №53 «Арман» балабақшасының ғимараты жартылай бос тұр.

Ілгеріде Шымкент қаласында 129 балабақша жұмыс істеген екен. Соның 72-сінің «тағдыры» жоғарыда біз айтып өткендей. Бүгінде облыс орталығында 47 балабақша бюджеттен қаржыландырылса, жекеменшік иелігінде 22 балабақша бар. Осы мекемелерде 13 045 бала тәрбиеленуде. Ал, қала бойынша 30 мыңнан астам бала балабақша кезегінде тұр. Балабақша мәселесін шешу үшін қалаға кемінде 70 балабақша қажет екен. Жоғарыда айтқан 72-ні қайтарса жетіп қалады екен ғой, деген ойға келген боларсыз. Есептеп көрдік, барлық балабақша қайтарылған күнде де 12 мыңға жуық бала қамтылады екен. Онымен тұрмай, ол балабақшалардың түгел қайтарылатынынан үміттенбей-ақ қойыңыз. Бұзылғандары барын жоғарыда айттық.  Бүгінгі егелерінің ғимаратты тегін бере салуы да неғайбыл. Мысалы,  110 орынды бұрынғы «Катюша» балабақшасының бүгінгі «қожайыны» 100 млн. теңге сұрап отыр.

Кезінде жекешеленіп кеткен балабақша ғимараттарын қайтарып алу мүмкін болса, әрине, жақсы. Ол ғимараттарда балабақшаға қажетті барлық жағдайлар қарастырылған. Демек, кешегі балабақшалардың жекешелендіру заңдылықтарын заңды түрде қайтадан тексеріп, олардың ішіндегі жалға алғандары немесе уақытша отырғандарын көшіріп, ол жерді қайтадан балабақшаға айналдырған тиімді болар еді. Бірақ, жекешелендіріп алған кәсіпкерлердің ол ғимаратты өз қалауларынша өзгертіп жібергені ақиқат. Мұндай жағдайда бұрынғы ғимараттарды қайтарып алғаннан гөрі талапқа сай жаңа балабақшалар салған дұрыс секілді. Жаңасын салу үшін жер керек, ал Шымкенттен бос жатқан жер табу ақырет. Бұл енді жеке тақырып...

Оңтүстікте балалар бақшасының бүгінгі ахуалы осындай.

Еркін ДОСЫМБАЙ,

«Дала мен Қала» газетінің меншікті тілшісі.

Біздің жақсы кино көргіміз келеді...
«Екі жұлдыз» жайлы пікір екіге жарылып тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу