ОҚО-да 932 қоғамдық бірлестік тіркелген

Oinet.kz 28-08-2009 866

Screenshot_2.jpg

Оңтүстік Қазақстан облысында әртүрлі мақсаттағы бағытта 932 қоғамдық бірлестік тіркеліпті. Оның 80 пайызы қалада болса, 20 пайызы ауылдық жерде орналасқан. Өткен жылы облыста үкіметтік емес ұйымдарға 6 миллион теңге ақша бөлінсе, биыл 24 миллион теңге қаржы қарастырылыпты. Яғни, үкіметтік емес ұйымдарға тиесілі қаржы бір жылда 4 есеге өсті деген сөз. Бірақ қаржы өскенімен бұл ұйымдардың белсенділігі артып кетті деп айту қиын. 932 қоғамдық бірлестіктің бәрі жұмыс істеп жатыр десеңіз қателесесіз, мысалы, Кентау қаласында 24 ҮЕҰ (үкіметтік емес ұйым) тіркелген болса, оның 8-і ғана, Мақтаарал ауданында тіркелген 20 ҮЕҰ-ның 9-ы, Түркістан қаласында тіркелген 31 ҮЕҰ-ның 12-сі ғана жұмыс істейді. Көпшілігінің жұмыс істемеуінің басты себебі – қаржының жоқтығы және тәжірибесіздік. Қоғамдық ұйым ашады да оны қалай жүргізуді білмейтіндер жетерлік..

       Демократиялық даму жолын таңдаған елімізде пікірімізді еркін айтуға Сіз бен Біз құқылымыз. Еркін пікір айтуға құқылымын деп бас-көзге қарамай   ешбір дәлел-дәйексіз адамның арына тиетін ауыр сөздермен балағаттауға, қисынсыз айыптар тағуға барып асыра сілтеп жіберсең соттың алдында сорлап тұруың әбден мүмкін. Ал сынды көтере алмай, «көзге шыққан сүйелдей» көрініп тұрған мініңді мойындағың келмей мансабың мен мал-мүлкіңді малданып, шымбайға батар шындықты жариялаған жандарды  сотқа  сүйрелеп әкімқарамын деп әкіреңдеу өз алдына бөлек әңгіме. Көпшіліктің сынын көтере алмасаң аманат арқалап атқа қонбай-ақ дұрыс. «Рейтинг» және «Замана» газеттері арқылы Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаевтың атқарып отырған қызметіне көңілі толмайтындықтарын ашық мәлімдеп, отставкаға кетуін талап еткені үшін  үш бірдей қоғамдық ұйымның басшылары сотқа шақырылғаны әлгі биліктің бишігін ұстаған шенеуніктің демократиялық даму қағидасын қаншалықты қадірлейтінін айқын аңғартпай ма? Әрине төрелікті сот айтатынына таласымыз жоқ. Дей тұрсақ та  өңкей қоғамдық бірлестік басшылары бас қосып, көптен бері көкейде жүрген мәселелерді ортаға салған, осы аптада М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың мәжіліс залында өткен облыстық IV Азаматтық форумда сүбелі әңгіменің бірі осы болады деп ойлағанбыз. Бірақ «майшаммен» қарайтын мәселені қоғамдық талқыға салу былай тұрсын жиын аяғына дейін күтіп сөз қозғалмаған соң осыны айтпақ болған адамға үкіметтік емес ұйымдарға бірінші кезекте жанашыр, қолдаушы болуы тиіс дейтін «ОҚО Азаматтық алььянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Клара Әліпова мүмкіндік бермей, сөйлетпей, ақырында микрофонды өшіріп тастады. «Керек болса сен де мені сотқа бер» деп Әліпованың айқайға басуы артықтау сияқты. Айқайға баспай ақылға шақырса, қателік кетсе енді қайталамайтындай етіп мән-жайды түсіндірсе жараспай ма? Ендігі қалғаны қоғамдық ұйымдар бір-бірімен соттасып жатса жетіскен екенбіз. Қысқасы қоғамдық бірлестіктердің алауыздығын, бір қазанда қайнап, бір терінің пұшпағын илеп жүргенімен, ой-пікірлері, мақсаттары сәйкеспейтіні байқалып қалды. Жақсы айтсын, жаман айтсын, бірлестік жетекшілері әріптестерінің аузына қақпақ болмауы тиіс еді. Олардың айтқанын қабылдау, бойға сіңіру, сену әр адамның жеке жұмысы. 

Анда-санда Алматы мен Астанада болып жатқан жаңалықтарға құлақ түре қалсаңыз, екі күннің бірінде ондағы үкіметтік емес ұйымдардың дөңгелек стол басына жиналып алып, үлкен мәселелерді талқылап жатқанының куәсі боласыз. Бірде-бір жаңалық, қоғамда болып жатқан өзгерістер, оқиғалар, биліктің әрбір қадамы, қолға алған тірлігі, бағыты олардың назарынан тыс қалған емес. Қашан көрсең белсенді, оқиғаның қызған ортасында жүреді және ең бастысы билікке өз талаптарын қоя алады. Былайша айтқанда бәрі қосылып бұлданғанда биліктің белін сындырып жібере жаздайды. Ал, біздегі үкіметтік емес ұйымдардың жағдайы, қоғамдағы белсенділігінің сиқы болса осындай. Әрине, Шымкент қаласының Астана мен Алматыға қарағанда құлашы кең, саяси салмағы тең емес шығар. Алайда, астана емес қой демесең, үкіметтік емес ұйымдардың танылуына, жұмысын өрістетуге, белсенділігін арттыруға қажет деген мүмкіндіктің қайсысы Шымкентте жоқ дейсіз. Ел-жұртқа таныламыз десеңіз Шымкентте ақпарат құралдары жетіп артылады, бас қосамыз десеңіз, бұрышы жоқ дөңгелек стол, ол да табылады. Басқа-басқа Оңтүстіктің әрбір күні үлкен жаңалыққа, өзгеріске, оқиғаға, қарбаласқа толы. Осының қайсысын ортаға салып, көпшілік болып талқылаймыз десе, халық пен биліктің арасын жақын етеміз, елдің көзін ашамыз, құқықтық сауатын арттырамыз десе, биліктің қай тармағы қой деп, қолын қағып жатыр. Жоқ, Оңтүстікте үкіметтік емес ұйымдардың үні бәсең, белсенділігі төмен. 

Жиын барысында «Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара қарым қатынасы: ынтымақтастығы, қол жеткізген жетістіктері мен перспективалары» тақырыбында баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев бірқатар жайттарды тілге тиек етті. Осыдан біраз жыл бұрын облыста бірнеше қоғамдық бірлестіктер грант арқылы жұмыс істеп, соның арқасында Түлкібас пен Отырар аудандарында экология бағытында бірқатар тірліктер атқарылған-ды. Қазіргі қоғамдық бірлестіктердің көбісі жұмысын тоқтатқаны былай тұрсын, қыбырлап жұмыс істеп жатқандарының өзі алға ұмтылу, келешекті жоспарлау, жоғарыдан бөлініп жатқан гранттарға қол созу мәселесіне тым селқос, енжар қарайтын секілді. Грант күтіп, әрекетсіз отыратын ұйымдар көп. Биыл Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік жобаларға грант ретінде миллиард теңге қаржы бөліпті. Өкінішке қарай,  170-тен астам конкурстық лоттарға оңтүстікқазақстандық ҮЕҰ-дардың бірде бірі қатыспаған. «Қатысып еді, ұта алмай қалды» десе бір сәрі, бөлініп тұрған қаржыға қол созбау, талпынбау бұл нені білдіреді? Мұндай кер жалқау бірлестіктердің болашағы қаншалықты баянды? Әлде  оңтүстікқазақстандық қоғамдық бірлестіктердің жергілікті жердің тендерін ұтып алып, шетінен кертіп жеп жатқаннан басқа тірлігі жоқ па? 

Әрине, жұмысын жолға қойған бірлестіктер де жоқ емес. Мысалы, Шардара ауданындағы «Шапағат» мүгедектер қоғамы, «ОҚО фермерлер мен кәсіпкерлерді қолдау қоры» секілді ұйымдардың жұмысы өзгелерге үлгі боларлықтай. Ал, 20-дан астам ҮЕҰ халықаралық гранттармен жұмыс істеуде. Бұдан басқа 45 жоба бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсына 35 ҮЕҰ қатысқан. Қазір 17 жоба жұмыс істеуде. «Үкіметтік емес ұйымдардың да, мемлекеттің де саясаты бір. Ол -- азаматтық қоғамды дамыту, халықтың тұрмысын жақсарту. Атқарушы биліктің маңызды міндеті азаматтық қоғамды дамытуға мейлінше жағдай жасау. Мемлекеттік органдар ҮЕҰ-мен байланысын нығайтып, оларды әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға көбірек тартуы тиіс» деді форумда сөз сөйлеген облыс әкімі Асқар Мырзахметов. Шынында үкіметтік емес ұйымдар тендерден ақша ұту, өз тірлігін дөңгелету үшін ғана атқарушы билікпен бірлесіп, түсінісіп жұмыс істемеу керек. Облыс әкімі айтқандай мұндай ұйымдар билік пен халықтың арасына дәнекер, мұрындық болуы қажет. 

Азаматтық форумда көптеген мәселе көтерілді, қоғамдық бірлестіктер істелген тірлік пен алдағы жоспарларын бір сараптап алды. Сын да айтылды. Сын адамды ширатуы қажет. Осыдан кейін үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы ширайтын шығар деген ойдамыз. Әйтсе де ұйым жетекшілері «Бақ қайда барасың? Ынтымаққа барамын» деген аталы сөзді басты ұрандары етіп ұстаса дұрыс болар еді. Бірлік, ынтымақ болмай тірліктің алға баспасы тағы белгілі ғой.



Премьер-министрдің орынбасары еркектер қауымының қорқақ екенін айтты
Күйеуі жұмыс істейтін көпбалалы аналарға мемлекеттен көмек берілмейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу