Кәсіпкерлер: Оспановтан да, Әбсаттаровтан да көңіліміз қалды
«Күні ертең сайлауда біз еліміздің заң шығарушы органы—Мәжіліске депутаттарды сайлаймыз. Бірақ Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі сол Мәжілістің шығарған заңдарын аяққа таптайтыны өкінішті-ақ. Бұл түптеп келгенде заң шығарушы органның беделіне нұқсан келтіру емес пе? Бензин нарығында сыбайлас жемқорлық, «бармақ басты көз қысты» әрекет белең алған. Оны реттеуге жауапты облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов пен облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Дінмұхамед Әбсаттаровтың қол қусырып отырғаны былай тұрсын, қайта белден басып, жанар май таратушы кәсіпкерлердің құқығын қорлауда. Әділдікті енді тек соттан сұрамақпыз».
Өткен сенбіде «Ынтымақ» тәуелсіз жанар май таратушылар қауымдастығына мүше бір топ кәсіпкерлер ашынғаннан шыдамай Шымкентте жиналып, баспасөз мәслихатын өткізді. Мәселенің мән-жайы былай:
Былтыр «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Заңы қабылданды. Алайда Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімдігі керісінше, қазіргі уақытта еркін бәсекелестікті жойып, бензин нарығында тек алыпсатарлықпен айналысатын ат төбеліндей алпауыттардың сойылын соғатындай ма, қалай? Ал әкімдіктің айтқанына көніп, айдауына жүрмеген жекелеген кәсіпкерлердің құқығы бұзылуда.
--Белгіленген тәртіп бойынша жанар майды «Петро Қазақстан» Сауда үйінен өнеркәсіп және кәсіперлік басқармасы арқылы келісім-шартқа тұрған кәсіпкерлер ғана сатып алуға құқылы. Келісім-шартқа тұра алмағандар оны нарықта басқа компаниялардан сатып алады. Өткен желтоқсан айында біздің қауымдастыққа мүше 40-жуық кәсіпкер келісім-шартқа тұруға мүмкіндік алған болатын. Жаңа жылдан бастап неге екені белгісіз, біздің қауымдастыққа мүше бірде-бір кәсіпкер бұл тізімге енбей қалды. Құжаттарымыздың барлығының дұрыс болғанына қарамастан билік осындай әділетсіздікке барды,--дейді «Ынтымақ» тәуелсіз жанар май таратушылар қауымдастығының директоры Арыстан Жұмабек.
Өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының ұсынуымен бұл жолы келісім-шарт 37 компаниямен жасалынған. Тізімнің қандай тәртіппен, қандай қағидаға сүйене отырып жасалынғаны түсініксіз. Өйткені келісім-шартқа тұрғандардың арасында бекеттерді жалға алғандар да, тіпті бірде-бір құрал-сайманы жоқтар да кездесетіні рас па? Рас болса, сұмдық қой. Шамасы бұл жерде басқарманың қойған талабына мойынұсынып, тілін тапқандардың бағы жанғанға ұқсайды. Ал мұндай жағдайда әділ бәсекелестік туралы әңгіме қозғау артық.
--Дәл осындай әділетсіздіктің жасалып келе жатқанына екі жылдан асты. Желтоқсан біздің қауымдастыққа мүше бірқатар кәсіпкерлерді тізімге кіргізгеніне қарап, әкімдіктің беті бері қарағандай болып еді, жаңа жылдан бастап ескі әуендеріне қайта басып кетті. Бұл жерде сыбайлас жемқорлықтың бары байқалады. Дәл қазір келісім-шартқа қол жеткізген 37 компания «Петро Қазақстаннан» алған бензинін халыққа емес, бізге 108 теңгеден сатуда. Өйткені оларға «АИ-92» бензинін бекетте Үкіметтің белгілеген бағасы--106 теңгеден емес, бізге 108 теңгеден сатқан тиімді. Мұнай базасында қып-қызыл сауда. 37 компанияның әрқайсысының делдалы бар. Бензинді бізге 108 теңгеден сатып, құжатын зауыттық баға—97 теңгеден туралап береді. Осыған көнсең аласың, көнбесең ол да жоқ. Бензиннің әр литрін 108 теңгеден алып, оны 106 теңгеден қалай сатасың?! Амал жоқ, арамызда жанармайды Үкімет белгілеген бағадан жоғары сатқандар да кездесіп жатыр,-- дейді Қазығұрт ауданынан келген жеке кәсіпкер Нұрмахан Әлібаев.
--Жанар май нарығында еркін бәсекелестік жойылып, жоғарыдағы 37 компанияның асығы алшысынан түсіп тұрғаны рас. Олар мұндай мүмкіндікті иелене алмаған біз сияқты жеке кәсіпкерлерге тізе батырады. Былтыр келісім-шартқа тұрған компаниялардың бензинді зауыттан 78 теңгеден алып, бізге 108 сатып, әр литріне 30 теңгеден пайда көрген кездері де болды. Осы қитұрқылық әлі де жалғастырып келеді. Ал Үкімет бензиннің бағасын 106 теңгеден асырмауды міндеттеп қойған. Одан асырсаң, үстіңнен іс қозғайды. Облыстық өнеркәсіп жән кәсіпкелік басқармасырығң бастығы Дінмұхамед Әбсаттаров алғашқыда бізге дұрыс бағыттарды көрсетіп, бәріне бірдей жағдай жасап беруге уәде еткен. Алғашқыда солай істеді де. Кейіннен айнып кетті. Алдына барсаң «мен бұл мәселемен айналыспаймын, орынбасарым Мырзахмет Снабаевқа барыңыздар» деген сырғытпа жауаппен шығарып салады,--дейді жеке кәсіпкер Берік Жұмабек.
Облыстық мәслихаттың депутаттығына түсіп жатқан Қайыпбек Қамбаровтың жанар май таратушылар қауымдастығына қарасты «Сигма», «Майсс», «Төлебимұнайгаз», «Алтай» сынды компаниялардың бағы жанып, «Ынымақ» тәуелсіз жанармай таратушылар қауымдастығына қарасты барлық жеке кәсіпкерлердің шөміштен қағылып қалуы дәл осы Мырзахмет Сынабаевтың жасаған әрекеті меп деп күдіктенеді олар. Бірақ жеме-жемге келгенде бастық орынбасарының өзі де түсінік бермей, басын алып қашқан.
-- Кешегі күні Мырзахмет Снабаев біраз кәсіпкерді кездесуге шақырған болатын. Бірақ кездесуге өзі келмеді. Алдына барсаң, қолын сілтеп, әртүрлі сылтаулар айтады. Біз сияқты көкесі жоқтардың көрген күні мынау. Ары-арасында шу шығарғандарды да тізімге енгізіп, оператор етіп жібереді,--дейді Арыстан келген жеке кәсіпкер Әбибулла Аппазов.
Бензинді Үкімет белгілеген бағадан көтерген кәсіпкерлердің соңына шам алып түсіп, айыппұл салатын құзырлы органдар Мұнай базасындағы қып-қызыл саудадан бейхабар дегенге кім сенеді? Бәлкім, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен тиімді тіл табысқан алпауыттар олардың да көзін байлап қойған шығар.
--Заң бойынша мұнай зауыттарынан шыққан жанар май барлық кәсіпкерге тең әрі әділетті түрде бөлінуі тиіс. «Петро Қазақстан» сауда үйі әділеттіктен қашып отырған жоқ. Олар барлық кәсіпкермен келісім-шартқа тұруға ниетті. Көнбей, әдейі бұра тартып отырған өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасы. Шыдамымыз таусылды. Енді сотқа жүгініп, өзі құқығымызды қорғауға бекініп отырмыз. Сотқа талап арыз дайындалып қойылды, бүгін-ертең апарып береміз.--дейді Арыстан Жұмабек.
Кәсіпкерлердің айтуынша, ертең көктем шығып, ауыл шаруашылығы жұмыстары басталған кезде бензин нарығындағы бассыздық бұдан да сорақы болуы мүмкін. Өйткені «Ынтымақ» тәуелсіз жанар май таратушылар қауымдастығына мүше кәсіпкерлердің көпшілігі өз өнімдерін ауылдық жерлерге таратады. Олардың жанармайды еркін алуына жасалынған тосқауыл, ауыл шаруашылығына үлкен соққы болуы мүмкін. Ал мұны ауыл шаруашылығына жауапты облыс әкімінің орынбасары Берік Оспанов біле ме екен?
P.S. Кешегі күні біз «Ынтымақ» тәуелсіз жанар май таратушылар қауымдастығының директоры Арыстан Жұмабекпен хабарласқан едік. Ол дүйсенбі күні облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына барып басқарма бастығының орынбасары Мырзахмет Снабаевпен кездескендерін жеткізді.
--Кездесуде біз басқарма мен 37 компаниямен арадағы жасалынған келісім-шартты көрсетуді талап еттік. Бір қызығы, М.Снабаев оны көрсете алмады. Оның айтуынша, келісім-шарттар тек ауызша жасалынған. «Өзге жанар май бекеттерінің иелері бензинді осы 37 компаниядан алады» дейді ол. Алайда ауызша жасалынған келісім-шарттардың ешқандай заңдық күші, 37 компанияның мойнына алған нақты міндеті жоқ. Олар бізге жанар майды қалай береді?—дейді А.Жұмабек. Яғни, бұл жерде басқарманың «бармақ басты көз қысты» әрекетке барғаны анық байқалады емес пе?!
Жанар май жанжалына әзірге нүкте қойылған жоқ. Жанар май таратушы кәсіпкерлер улап-шулап, ол бүкіл республикаға тарап жатқанда облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың үнсіз қалғаны қалай? Бұл үнсіздік қашанға дейін созылар екен?
Б.Ерназар