Өлген жүректің тірілуі (қисса)
01-08-2021
Жақында Шымкент қаласына арнайы ат басын бұрған Астана қаласы Ұлттық ғылыми медицина орталығының (ҰҒМО) директоры Абай Байкенжиннің айтуына сүйенсек елімізде орын алатын жалпы адам өлімнің 54 пайызы жүрек ауруымен тікелей байланысты екен. Нақты статистиканы сөйлетер болсақ, жүрек ауруынан ажал құшатындар қатары Қазақстанда 100 мың адамға шаққанда 829,3 адамға тең болса, ТМД елдеріндегі көрсеткіш 799,8-бен шектеледі. Жүрек талмасынан Оңтүстік Қазақстан облысындағы көрсеткіш республикалық деңгейден 10 есеге (!) жоғары.
Абай Қабатайұлы жақында іске қосылған кардиохирургиялық корпустың тыныс-тіршілігімен танысып, Сәуле Әбсейітова басқаратын ұжымның тірлігін жоғары бағалады. Ол жалғыз емес. Жанында жерлесіміз, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының түлегі, хирург-дәрігер Ермағанбет Қуатбаев бар. Ұлттық ғылыми медициналық орталығынан тағы дәрігерлік топ келмекші. Олар 20 шақты операция жасап жергілікті дәрігерлермен тәжірибе алмаспақшы. Бюджет тапшылығына орай операция әзірге ақылы түрде жасалады. Өйткені, жалпы хирургияда шығын көп. Қазір министрлік тарапынан квотаға ұсыныс енгізілгелі жатыр. Ұсыныс Үкімет тарапынан қолдау тауып жатса, болашақта республикалық бюджетке енгізілуі мүмкін. Астанадағы орталықта жылына жүрекке 1500-ден астам операция жасалатын болса, соның 20-30 пайызы оңтүстікқазақстандықтардың еншісінде екен. Халықтың барлығы бірдей Астанаға барып, емделуге жағдайы жоқ. Ал ауру асқынып тұр. Тіпті, жаңадан туылған нәрестелердің арасында да жүрек ауруы көп кездеседі.
Кардиохирургиялық корпустың құрылысы сәуір айында аяқталды.
Өткен жылдың 30 маусымынан бастап «Siemens» ангиографиялық құрылғысы іске қосылған болатын. Былтырға қарағанда адам өлімі 1,2 есеге азайып, 5,2 пайызды құраған. Облыстық кардиологиялық орталықтан жыл сайын 3500 адам жоғары мамандандырылған стационарлық ем қабылдайтын болса, оның 70 пайызы шұғыл жәрдемді қажет ететін науқастар тобы. Кеңестік-диагностикалық емханадан жыл сайын 11 мың адам мамандандырылған көмек алады.