Қылмыс тіркелмейтін ауылдар...
26-01-2024
«Әкем менің құрылысшы,
Анам менің сауыншы,
Отырмаймын мен текке,
Кеттім мен де мектепке»...
Кеңестік дәуірдің білім іздеген шәкірттері мойнында алқызыл галстугі желбіреп, осылайша тақапақтатып бара жатар еді сол кезеңде. Бүгінде білім ұясына баруға оқушылар емес, қолтығына жуан портфель қысқан шенеунік пен депутат, иығында шені бар полицей мен өрт сөндірушілер ынтызар болған заман туды. Ол аз десеңіз ұлттық қауіпсіздік комиетті мамандары да ұстаздардың төңірегінен жиі табылады. Бірақ олардың барлығы бірдей білім іздеп жүр екен деп қалмаңыз. Олардың діті өзгеде. Сөзіміз дәлелсіз болмасын. Мысалы, Сарыағаш аудандағы Ғафуров атындағы орта мектепке бір оқу жылының өзінде 18 рет тексеру келіпті. Соның жетеуі қаржы полициясының үлесіне тиген. Әр тексеріске кемі он күндей уақыт кететінін ескерсек, мұғалімдердің көп уақыты негізгі қызметімен айналысуға емес, тексерушілердің сұрағына жауап берумен өтеді екен. Бұл әрине ең алдымен мектептердегі білім сапасына әсер ететіні анық. 2007 жылы Ұлттық біріңғай тестілеу қорытындысы бойынша Сарыағаш ауданы Республикада алдыңғы орыннан көрінген еді. Былтыр соңғы орынға сырғып түсті. Сондай-ақ толассыз тексерулер мектептерде жемқорлықтың етек жаюына да түрткі болып отыр. Қонақжай қазақтың ұрпағы келген құдайы қонақтың өзін құр жіберсін бе? Оның үстіне сызданып тұрған тексерушілердің арасында әлденеден дәмелі кейіп танытатындары да бар. Мұндайда онсыз да мардымсыз мұғалімнің жалақысынан жырымдап «келген қонаққа» «шәйпұл» берілетіні бұл күнде жазылмаған заңға айналғанын ұстаздар жиі айтады. Кім білсін, тексерушілердің мектепке үйір боп алғанының түпкі сыры да осында болар бәлкім. Бірақ неге екенін ұстаздар жағы жылу жинауға тапсырма бергендердің атын айтып, түрін түстеуге келгенде тартыншақтап қалатыны бар. Ал тексеруге құзырлы органдарға түсетін шағымдардың дені «домалақ» арыздар. Сондықтан да олардың көбі дәлелсіз қалып жатады.
-Сенім телефонына түскен шағым бойынша біз тексеру жүргізуге міндеттіміз, дейді,–Сарыағаш аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі Сапарәлі Селтанов. - Бірақ, барсаңыз ешқайсысы ешнәрсе айтпайды. Ақша жинады деп арызданған 5 мектептке бардым өз басым. Жалынып сұрайсың. Оңаша кіргізіп сұрайсың, «айтшы, айналайын, ақша сұрағандардың аты-жөнін айтшы, қазір-ақ сол директорды немесе завучты қызметінен босатамын» десең де тіс жармайды. Көп арыздар әйтеуір «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп жазылған.
Жалпы 2007 жылы Сарыағаш ауданында жемқорлыққа қатысты 71 білім қызметкері жауапқа тартылыпты. Оның 56-сы мектеп директоры. Ал, былтыр бұл көрсеткіш екі жарым есеге өскен. Аудандағы 140 мектептің 114 директоры тәртіптік, 110 орынбасар жемқорлыққа қатысты жауапқа тартылған. 10 мектептің басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалыпты. Осы деректердің өзі жоғары жаққа жол тартқан арыздардың негізсіз емес екенін айқындап берсе керек. Өйткені білім саласын биілігі барлар бизнеске айналдырғалы қашан. Мектепке мұғалім боп жұмысқа орналасу мың долларға жақындап қалыпты дегенді құлағымыз шалып жүр. Ал директор болу кемінде бес мың доллар,- дейді білетіндер. Қосымша сағат алу, сабақ кестесін мұғалімнің уақытына ыңғайластыру, жақсы жабдықталған сынып бөлмесін иемдену бәрі, бәрі ақшасыз бітпейтін базар. Ал ата-ана мен мұғалімнен ақша жинау білім саласына тас кенеше жабысқан әдет болды.
Жуырда аудандық прокуратура жемқорлыққа байланысты мектептерде сауалнама жүргізген болатын. Сұрау салудың қорытындысы «мектептерде жемқорлықты азайттым» деп көкірек қаққан Сарыағаш аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі С. Селтановтың сөзінің құр дақпырт екенін әйгілеп берді. Өйткені әлгі сауалнамада мұғалімдерден ай сайын ақша жиналатынын ұстаздардың өзі тайға таңба басқандай етіп жазып беріпті. Бірақ одан не пайда, жазаға лайық жазықтылардың аты әйгіленбеген соң. Барлығы да кінәліні көрсетіп беріп, ертеңгі күні жан бағып отырған жұмысынан айырылып қалам деп қорқады. Сарыағаштағы шарасыз ұстаздар бүгінде амалсыз «Шыда жаным, шыдай түс, шыда тағы, шыдағанды бұл өмір ұнатады»,- деген ақын өлеңін жанына демеу етіп жүр.
Бекжігіт Мәуленов,
«КТК»телеарнасының меншікті тілшісі