Қан түкірген қазақты қымыз құтқара ала ма?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын әлемдегі 2 миллион адамның өмірін жалмап келе жатқан құрт ауруы асқынған мемлекеттердің қатарында Қазақстанды айрықша атап жүр. “Туберкулез – кедейлердің кеселі” деген диагнозды дәрігерлер әлдеқашан дәлелдегенін ескерсек, ең алдыңғы қатарлы дамыған 50 мемлекеттің тізіміне енуіміз үшін елімізде әлі талай-талай көкейтесті мәселелер шешімін табуы тиістігі дау тудырмайды. Атың өшкір ауру ұлт қасіретіне айналғалы қаша-ан. Тұтас ұлт тәу ететін тұғырлы тұлғалар Ғани Мұратбаевтың, Шоқан Уәлихановтың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Қасым Аманжоловтың құрт ауруына шалдығып, өмірлері қыршынынан қиылғанын тарихтан білеміз. Қазір де қазақтың қан түкіруі тоқтаған жоқ. Осындайда тұзағына түссең, жұртқа да қатер туғызатын жұқпалы дерт “ұлтты қалай уысында ұстап отыр?” деген сауал туындайтыны түсінікті. Сауалға жауап іздеп жанталасқанда, азған, тозған, ажарынан айырылған, ауыз судың азабы сияқты сан-алуан ауыртпалықтар арқасына аяздай батқан ауылдар алдымен ойға оралады. Енді-енді ажары кіре бастаған сол ауылдарда қалың қазақ шоғырланған болса, құрт ауруының құрығына ілікпегенде қайтсін? Тажалдың тырнағына ілінгендердің ішінде өрімдей жастардың қатары өскені өкінішті-ақ. Спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтану, тазалық пен гигиенаны сақтау, салауатты өмір салтына ұмтылу аурудың құрығынан құтқаратынын қанша ұқтырғанымен дәрігерлердің ақыл-кеңесіне құлақ аспай, ішкілік пен нашақорлықтан арылуға құлықсыз емделушілер де аз емес. Мұндайда жасалған ем, жұмсалған бюджеттің қыруар қаржысы желге ұшатынын олар біле тұрып, әдейі теріс әрекетке барады.
Облыс орталығындағы арнайы түзеу мекемесіне туберкулезбен ауырғандар 8 облыстан әкелінетіндіктен, сотталушылар арасында қайтыс болғандар оңтүстікте жиі кездеседі. Өзге аймақтардағы тәрізді 1993 – 2000 жылдар аралығындағы өтпелі кезеңде Оңтүстік Қазақстан облысында да өкпе құрт ауруы өршіп кеткен. Дәлірегі, облыстағы туберкулез ауруының көрсеткіші 40 пайызға көбейген. Жұмыссыздық сиреп, жоқтық, жетіспеушілік, тапшылық “тізгінделіп”, ел экономикасы еңсе тіктеген 2000 жылдан бері қарай ғана ауруға қарсы пәрменді күрес жүргізуге жан-жақты мүмкіндік туған. Тұрғындардың денсаулығын тексеру жылдан-жылға реттеліп, науқасқа дер кезінде диагноз қою, жұқпалы дерт жұртқа тарап үлгермей ем қолдану жолға қойылды. Тубдиспансердегі денсаулық сақшыларына әлеуметтік қолдау көрсетуге жіті назар аударылып, қосымша ақы төлеу шешімін тапты. Науқастарға берілетін ас-ауқат жақсарған, дәрі-дәрмек тегін. Ұзақ емделетін науқастардың өтініші ескеріліп, облыстық туберкулезге қарсы диспансердің жанынан арнайы орта мектеп ашылған. Емделіп жүрген балалар сабақ үлгерімі жағынан сыныптастарынан қалып қоймауы үшін осы мектепте оқиды. Бұдан бөлек Шымкент қаласында туберкулезбен ауырып қалу қаупі бар бүлдіршіндерді тәрбиелейтін балабақшалар жұмыс істейді. Облыс орталығындағы “Қарлығаш”, Кентау қаласындағы “Жансая”, Түлкібас ауданындағы “Ақбұлақ” балалар шипажайына барғандар демалып қана қоймай, ем алып та қайтады.
Бүгінде ауру ауыздықталғанымен, көңілге кірбің әкелетін көрсеткішті төмендету қиынға соғуда. Облыс бойынша бұл аурудың аурушаңдық көрсеткіші 100 мың халыққа шаққанда 2007 жылы 86,2-ден келсе, 2008 жылы 88,9-ға тең болды. Бұл көрсеткіш бойынша, әсіресе, Арыс, Шымкент қалалары мен Төлеби ауданында қатты өскендігі байқалады. Мәселен, Арыста 100 мың адамға шаққандағы аурушаңдық көрсеткіш 105,9-дан 166,4-ке күрт көтерілсе, ажалын құрт ауруынан тапқандар қатары да 100 мың адамға шаққанда 12,5-тен 19,8-ге жеткен. Төлеби ауданындағы аурушаңдық көрсеткіш 69,1-ден 93, 8-ге бір-ақ секірген. Мақтарал мен Ордабасы, Отырар, Созақ аудандарында да жағдай мәз емес.
Тағы бір алаңдататыны, адамдар өкпеден тыс туберкулез түрлерінің барын білмейді. Құрт ауруы тек өкпені құртады деп ойлайтындар омыртқа туберкулезіне шалдыққанын білместен, көбіне остеохондрозбен, радикулитпен ауырдым деп өзін-өзі алдандырып, уақыт өткізіп алады. Өткенімізді сараласақ, 2004 жылы өкпеден тыс туберкулезбен ауыратындар 105-ке жетсе, келесі жылы бұл көрсеткіш 127-ге ұлғайған. 127 науқастың 59-ы сүйек-буын туберкулезімен сырқаттанғандар саналса, 59-дың 34-і омыртқа туберкулезінің азабын тартқан адамдар екен. Уақтылы дәрігерге қаралмаса, өмір бойы мүгедектікке ұшыратуы мүмкін сүйек-буын туберкулезімен науқастанғандар Балықшыдағы облыстық арнайы ауруханада емделеді. Сонымен қатар 4 адам көз, 4 адам тері туберкулезімен ауырып, тіркеуге алыныпты. Бір кездері Сайрам ауданынан емшек туберкулезімен ауыратын адам анықталған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне жүгінсек, құрт ауруының жаңадан пайда бола бастаған түрлері бізге таныс түрлерімен салыстырғанда айтарлықтай қатер төндіріп отыр. Әзірге осыған орай бағдарлама түзіп, бас қатыруға көшкен мамандардың мақтанатындай тірлігі жоқ.
Тарихты парақтасақ, Қаныш Сәтбаев, тіпті Толстой мен Чехов та қымыздың арқасында құрт ауруынан құтылған деседі. Қымыздың дертке шипалылығы, ерекше ем екені әлі ғылыми түрде нақты дәлелін таппағандықтан, тубдиспансерлердегі дәрігерлер мұны қажетке жарататындай аса талпыныс танытпайды. Өкінішке орай Денсаулық сақтау министрлігі де әзірге мұны қаперге алар емес. Министрліктің тізгінін екінші қайтара қолға ұстаған Жақсылық Досқалиев қымыздың қуатын сезінбеген қазақтың қатарынан ба, әлде атам қазақ ішкен қымыздың құдіретін құптамайды ма?
Раушан БАУДАРБЕК