Сарыағашта 1 шелек су 15 теңге

Oinet.kz 20-02-2009 921

Screenshot_2.jpg

Таңғы сағат сегізден бастап Сарыағаш қаласындағы Байбек Ермеков атындағы көшенің тұрғындары жол тосады.  Осы  уақытта су таситын көлік келіп, үйме-үй жүріп, су «үлестіреді». Ақысына әрине. Кешіккендер күні бойына сусыз қалады.  Бір шелек су 15 теңге тұрады. Бір ай бұрын ғана шелегі 10 теңгеден болатын. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қорадағы азын-аулақ малды былай қойғанда ас-ауқат пен кір-қоңға еркін жеткізу үшін күн сайын кем дегенде 300, айына 9000 теңге тек суға жұмсалады. Ал үлкен отбасылар үшін бұдан да көп шығындалуына тура келеді. 

Осы көшенің байырғы тұрғыны  Рая Николаевнаның айтуынша,  колонкадан тамшы тамбағалы он жылға таяп қалыпты. Зейнетақысының басым бөлігін дәрі-дәрмекке жұмсаса, өзгесі судан артылмайды .Жергілікті басшыларға  қанша айтқанмен, қайран жоқ. Құрғақ уәдеге әбден тойған  тұрғындар ауыз суға  таяу мерзімде  қол жеткізетініне күмәнді. 

Бұл қаланың қақ ортасындағы жағдай.  Шартарапқа даңқы жер асты минералды суымен танылған  Сарыағаштың халқы ауыз судан азап шегіп отыр дегенге сенгің келмейді. Бірақ, шырылдаған шындық осы. «Таза су» бағдарламасының арқасында ғана қаладағы 134 көшенің 24-інің тұрғындары тәуелділіктен құтылды.    

«Оңтүстік су шаруашылығы» РМК Сарыағаш топтастырылған су жүйесінің бастығы Даниярбек Тазабековтың түсіндіруінше, тәулік бойына су бере алмай отырғанына насостың ең төменгі нүктеге орналасуы себеп болып отыр екен. Үнемі насоспен тартып отырғандықтан, құбырлар қысымға шыдай бермейді. 

Су шаруашылығындағылардың уәжіне сенсек, әу баста халықты таза сумен қамтамасыз етуге  жасалған жоба  асығыс жүзеге асырылғанға ұқсайды. Онда қаланың ой-шұңқыры ескерілмепті. Соның салдарынан «Таза су» бағдарламасын жүзеге асыруға  бөлінген 1миллиард теңгеге жуық қаражаттың  шарапатын тұрғындар толық сезіне алмай отыр.  

Сарыағаш ауданына қарасты көп ауыл бүгінге дейін  жер асты суларын пайдаланып келді. Бірқатарында жағдай әлі де солай. Минералды суды күнделікті тұтыну денсаулыққа аса зиян. Бұл мамандардың пікірі. Ал «Алпамыстағы» ахуал тіпті сорақы. Шекара шебінде орналасқан Алпамыс батыр ауылындағы 800-дей түтіннің күні ауыл маңындағы каналға тәуелді. Шекара сызығы белгіленген үш жылдан бері ауыл азаматтары судан қағылып  келеді. Көңілі бірде көл, бірде шөл ала топылы ағайындар желтоқсан айынан бері суды бері өткізбей, тоқтатып қойған. Содан бері бұл ауылдың тұрғындары бір ұрттам суға зар. 

Іргедегі «Ащынау» каналынан  қайран жоқ. Өзбекстан мен Қазақстанның шекарасын бірнеше жерден кесіп ағатын канал суы өзбек ағайындардан-ақ артылмай тұр. Мұндағы жұрттың малы мен жанына нәр болып келген ағын су ағысын  азайтқалы да аз уақыт болмаған.  Ауылдағылар көкөніс егуден қалып, тал-дарақтың өзі қурап қалғалы қашан. Мұнан өзге  таяу маңда  «тіршілік көзі» жоқ. 

Жауын жауған күндері шекараны бойлай  орналасқан бес ауылдың халқына Құдайдың нұры жауған күн есептеледі. Көпшілік көлшік судың өзін кәдеге жаратып, «мәре-сәре» күйге түседі. 

Жеті шақырым қашықтықтағы Келес өзеніне  су тасушы Ержан Ақбаев күніне бірнеше рет қатынайды.   Оның 1 тонналық тіркемесі ауылдастары үшін ең қымбат қазына іспетті. Бір бөшке судың құны  700-800 теңге аралығында. Өзен суын көрші қолаң  бірлесіп құдыққа  құйдыртып алады. Онда да мүмкіндігі барлары ғана. «Ағын судың арамдығы жоқ» деп ауыз су ретінде тұтынуға мәжбүр. Ал мал суару мен кір жууға қар-жаңбырдың суын пайдаланады. Жаздағы жағдайды елестете беріңіз.   

Ауыз судың сапасыздығынан ауданда  асқазаны мен бауырынан сырқат тауып, сары ауруға шалдыққандар қатары аз емес. Ішек құртының құтыруына себепші де осы сапасыз су. Ауданның санитарлық жағдайын қадағалаушы мамандар бұл жағдайдан жақсы хабардар. Олардың әзірге көңілге  медеу қылатыны Сарыағашта судан кесел тапқандардың бұрнағы жылдарға қарағанда тұрақтанғаны. Кім білген, бәлкім адам ағзасы оның құрамына үйреніп те кеткен болар. СЭС мамандары әзірге өзен суын қайнатып ішу керектігін айтудан әріге аса алмай отыр.   

Шекара маңындағы  бес ауылдың халқы  өткен жылы  ауыз сумен  толық қамтылуы керек еді. Талайдың арманы болған су жинауға арналған мұнара өткен жазда қалбиғанымен, көпшілік әлі игілігін көре алған жоқ. Шыққан су тұрғындарды қатты қуантқан. Бір жетіге жетер жетпес сап тиылды. Жобалау, бұрғылау жұмыстарында кінәрат бар сыңайлы. Соңғы екі жылда Сарыағаш ауданындағы Абай ауылын ауыз сумен қамтамасыз етуге 300 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Елді мекенге өткен жылдың тамызында таза су берілуі тиіс еді. Бірақ, 18 мың тұрғыны бар ауыл суға қарық болған  жоқ. Су шүмектері әудем жерде қалып қойды. Қалған жұмыс тұрғындардың өз мойнында. 

Бір Сарыағаштың өзіне соңғы үш-төрт жылда 1миллиард теңгеден астам ақша жұмсалды. Аудан басшылары тұрғындарды толық сапалы сумен қамту үшін үкіметке тағы да алақан жайып отыр. 6 мың текше мерт су жинайтын қойма салуымыз қажет көрінеді. Сонда ғана жер асты суына бай Сарыағаштың халқы тәулік бойы үздіксіз су іше алады.  

Айзада Төребекқызы,

«Астана» телеарнасының меншікті тілшісі

Бағдат Шайманов: «Санақтан соң Шымкентте қанша халық тұратыны белгілі болады»
Әшімов Шварценеггер болғысы келіп жүр немесе Калифорнияға деген құмарлық
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу