2012 жылдың үздіктері кімдер?

Oinet.kz 18-12-2014 1002

Жаңа жылдың жақындауы әр адамның өзіне, халыққа есеп беретін, жыл бойғы жұмыстардың таразыланып, қорытындыланатын кезеңі. Облысымыздың 80 жылдық мерейтойы атап өтілген  2012 - Ұлу  жылы да аяқталуға жақын. Таяуда әдеттегідей ғылым, білім, мәдениет, спорт саласында белсенділік танытып, биіктерден көрініп жүрген азаматтардың еңбектері  еленді. «Жыл үздіктері»  деген атаққа лайықты деп танылғандары марапатталды. Дәстүрге айналған «Жыл үздіктерін» анықтау шарасы биыл  ерекшелігімен есте қалары даусыз. Яғни өз саласы бойынша жоғары жетістіктерге жетіп, елдің дамуына үлес қосқан жалпы 41 азамат пен еңбек ұжымдарын салтанатты түрд е миарапаттау рәсімі  «Оңтүстік - Цирк» ғимаратында 2012 жылдың 12 желтоқсан күні   сағат 12-ден 12 минут, 12 секунд өткенде басталды. Мұндай құрметті атақтың астарында қаншама қажырлы еңбек пен төзімділіктің жатқаны белгілі.

image.png

« Рейтинг»  газетінің ұжымы «Жыл үздіктерін» жеңістерімен құттықтап, олар үшін 2012 жылы орын алған  елеулі оқиғалар, өзгерістер мен алдағы жоспарлары жайлы  сауалнама жүргізген еді.  Ендеше, «Жыл үздіктерінің»  жылы лебіздеріне көз жүгіртейік.

Жылдың үздік ғалымы

Ағабек Қарабеков, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясының медицина және фармацевтика факультетінің деканы:

Мен ашқан жаңалықтар қолданысқа енгізілуде

Биыл өзім үшін де, фармацевтика академиясына да  табысты жыл болды деп есептеймін. Осы орайда ректор Бақытжан Сексенбаевтың еңбегі ерен екенін атап айту қажет. Шетелдермен байланысты нығайтты. Әсіресе, Поляк республикасымен өзара тәжірибе алмасуға келісім-шарт түздік. Олардағы озық технологияларды біздің Қазақстандағы зауыттарға енгізу мәселесі жолға қойылды. Бұрын біздегі мамандықтарға  мемлекет тарапынан  жылына 20-30  грант берілсе, қазір бұл көрсеткіш 180-200-ге көбейді. Жаңа технологиялық инновацияларды оқу үрдісіне, клиникаларға, ауруханаларға енгізіп, білім сапасын жоғарылаттық. Облыс орталығындағы көптеген фармацевтикалық фирмалар озық технологиямен жабдықталған. Сол фирмалар біздің студенттердің  оқу мен тәжірибені ұштастыруына   қол ұшын созуда.

Жеке басым үшін де 2012-- өте табысты жыл болды. Менің негізгі мамандығым балалар хирургы. Осы медицина ғылымы жолында талай жылдардан бері еңбек етіп, ізденіп келемін. Солардың негізгісі балаларда болатын тума ауруларды емдеудің жаңа тәсілдеріне арналған  инновациялық төрт патент жасағанмын. Бесіншісін жоғарғы көрсеткішіне байланысты баспаға еуразиялық патентке берген болатынмын, сол патентке биыл қолым жетті. Осы еңбектерімде көрсетілген емдеу тәсілдерін қазір облыстық клиникалық балалар ауруханасы қолданысқа енгізді. Енді Алла қаласа 2013 жылдың қаңтар айында Алматы қаласындағы республикалық «Ақсай» клиникалық   ауруханасына шақыртумен барып,  жоғарыдағы  әдістердің үшеуін енгізбекпін.

Міне, «Жылдың үздік ғалымы» атанып отырмын. Келер жылға қойған мақсатым зор.  2013 жылы пайғамбар жасына келеді екенмін. Пайғамбар жасына келсем де, ары қарай ізденуді тоқтатпақ емеспін. Балалардың хирургиялық аурулары жайлы монографиялық кітапты жазып бітірмекшімін. Тағы да ойлап тапқан үш жаңалығым бар. Олар қазір өндірісте қолданылып жүр. Бірақ , әзірше, авторлық  куәлігі жоқ. Одан кейін Литвада, Қырғызстанда, Ресейде жарық көрген еңбектерім бар. Енді дүние жүзіндегі  олардан да   беделді  басылымдарға өзімнің еңбектерімді жарияласам деймін. 

Жылдың үздік тәлімгері     

 Камалбек Беркімбаев, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы:

«Ұзақ жылғы еңбегімнің өтеуі»

Қ. А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде қызмет жасап жүргеніме бірталай жыл болды. Он жыл ішінде 7 ғылым докторының кеңесшісі, 18 ғылым кандидатын даярлап шығарыппын. «Жылдың үздік тәлімгері» атағына дейін Ресей жаратылыстану ғылым академиясының «Ғылыми еңбектердің негізін қалаушы», «Вернадский атындағы» медальмен марапатталған болатынмын. Мұның барлығы бір ғана жылдың емес,  ұзақ жылғы еңбегіме лайықты берілген баға деп білемін.  Ең алдымен университет ректоры Лесбек Тәшімовқа алғысым шексіз. Себебі осы номинацияға құжат тапсырып көр деген идеяны сол кісі айтқан. Еңбек жолымды, бар ғұмырымды осы университетке, студенттерге арнағандықтан, олардың  өсуіне бар күшімді салып келемін. Соңғы жылғы рейтингтік көрсеткіш бойынша  Республикада ХҚТУ жетінші орында келеді. Яғни алғашқы ондықтың қатарында.  2013 жылға деген жоспарым көп. Ең бастысы  халықаралық  «Томсон рейтерс» агенттігінің базасына енген журналдарға мақалаларымды шығару. Қазірдің  өзінде төрт журналға мақалардымды қабылдады деген хат алдым.

Өмірде бастысы марапат, атақ алу емес, халық үшін қызмет жасау. «Шәкірт ұстаздан озады» деген ұлағатты сөз бар емес пе? Шәкірттерімді биіктерден көрсем, сол мен үшін үлкен сый болмақ.   

Келер жылы тек жағымды жаңалықтарды күтемін. Осымен тоқтап қалмай шығармашылық жұмыспен айналыспақпын.  

Жылдың үздік мәдениет және өнер мекемесі

Әбдіхан Нұрмағамбетов, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның директоры:

Филармония - өнердің мешіті

Менің филармонияға директор болып тағайындалғаныма бір жылдан асты. Осы жылғы бірінші жетістігіміз барлық концерттерді  жанды дауыста өткізетінімізді айтуға болады. Одан соң көптеген қалаларға гастрольдік сапарлармен барып қайттық. Мысалы Алматы, Қызылорда, Тараз, Орал, Ақтөбе. Бір өңірлерде төрт концерттен бердік.  Кей қалаларда концертімізге  облыс әкімі қатысып,  олардан «концерт өткізуді Оңтүстіктен үйрену керек» деген пікірлерді естіп жатамыз.  Жыл сайын ұйымдастырылатын «Арыс жағасында» фестивалі биыл Сейдолла Бәйтерековтің шығармашылығына арналды. Мұны жылдың жаңалығы деуге болатын шығар. Сол концерттен кейін халық әртісі Роза Рымбаева «Сейдолла Бәтерековтің әндерін осы уақытқа дейін көптеген жеке әншілердің орындауында естіп жүрміз. Бірақ Сейдолланың әндерін осы филармоняның әншілеріндей шебер орындаушыларды кездестірмедім» деп таңданған болатын. Филармония әншілерінің бір ерекшелігі бір әнді төрт, бес, он, кейде оннан да көп әнші орындап, әр түрлі дауыста жеткізуі.  Жақында Қазақстанның атынан Өзбекстанға барып қайттық. Ол жерде де өте жоғары деңгейде өнер көрсеттік. Халық та, басшылар да риза болды. Көптеген әншілеріміз, бишілеріміз түрлі конкурстарда бас жүлде, бірінші орындарды иеленіп жатыр. Қазір филармонияның ұжымы мен мүмкіндігі кеңейіп келеді.  «Қазына» мен «Тұмар» би топтары, «Сүгір» атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі, «Тұмар» фольклорлық ансамблі,  «Алаш»  вокалды инструменталды ансамбль бар. Жалпы алғанда 45 әнші жұмыс жасайды.  Осы ұжымға мықтап жарнама жасап, сыртқа көп шығару керек. Мен үлкен сеніммен айта аламын  қандай концерт болса да, қандай қалаға барсақ та,   ұялмаймыз. Кезінде филармонияның ұжымы   көп жарыққа шыға алмады. Менің арманым сол таланттарды өсіру.  Филармония халық үшін салынған өнер мекемесі. Былайша айтқанда өнердің мешіті ғой. Ең үздік мекеме атанғаннан кейін оны жоғары деңгейде ұстап тұру қажет. Келер жылы Астанаға барып концерт берсек дейміз, Өзбекстан елімен концерт  қоюға келісім жасап қойдық, Ресей жаққа да жол түсіп тұр және Қытайға сапар шексек деген арманымыз бар.

Жылдың үздік әншісі

Мәдихан Дүйсеев, Ш.Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» байқауының бас жүлдегері:

Өнер бәсекелессіз болмайды

Бала кезімнен әнші болуды армандап едім. Өнер жолына түскеннен бері ең алғашқы жетістігім  атақты Шәмші Қалдаяқовты атындағы «Менің Қазақстаным» байқауында 2012 жылы бас жүлдені жеңім алуым. Облыстық байқаудан кейін осы дүбірлі дода Өскемен қаласында өтті. Ол жерде де бас жүлдені қанжығама байлаған болатымын.  Мені қуантқан жылдың соңғы марапаты «2012 жылдың үздік әншісі»  деген номинация болды. Қазір Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен Облыстық опера және балет театрында қатар қызмет жасаймын. Бір жылдың ішінде осындай биіктерден көрінуіме әрине, осы екі ұжымның ықпалы зор. Жалғыз өзімнің жетістігім деп айта алмаймын.  Және де бәсекелестердің «арқасы» деуге де болады. Себебі кез-келген байқау бәсекелессіз болмайды. Сол бәсекелестеріңе қарап, алға ұмтыласың, өз-өзіңді ширатасың.

Келер жылы тек жағымды жаңалықтарды күтемін. Осымен тоқтап қалмай шығармашылық жұмыспен айналыспақпын. 

Жылдың үздік журналисі

Людмила Ковалева, облыстық «Южный Казахстан» газетінің тілшісі:

Журналистің әрбір күні ізденумен өтеді

Мен үшін бұл жыл жаман болмады. Жазда «Авторлық жоба» номинациясын жеңіп алғанмын. Газетте 30 жылдан аса уақыт қызмет етіп келемін.  Журналисттің әрбір күні ізденумен өтеді. Кейде қалаған  ақпаратыңды табасың, кейде күні бойы сенделгенімен, түк таппайтын кездерің болады.

Менің  жас журналистерге айтар тілегім журналистикаға қадам басқан  кезден бастап жанына жақын, өмір бойы ізденіп өтетін, «майын сорып, жілігін шағатын»  саланы таңдап алу қажет. Егер бір салада көп ізденсе, құнды мақалаларды жарыққа шығара алады. Мысалы мені тарих өте қатты қызықтырады. Студент кезімдегі ой-арманым әлі өшкен жоқ. Сол саланы осы күнге дейін зерттеп келемін. Мұрағатта күні бойы отыратын кездерім болады, ол жерден тарихтың ашылмаған беттерін анықтауға тырысамын. 10-15 жылдан кейін оқиғалар ұмытыла бастайды. Сен оларды зерттеген кезде, тарихты жаңа парақтан бастағандай күй кешесің.

Келер жылдан жас, білімді,  ізденімпаз журналистерді күтемін. Олар журналистикаға жаңа леп, жаңа көрініс берер  деген ойдамын.

Шымкенттің «Үздік» жастары анықталды  

Шымкент қаласы тұрғындарының басым бөлігін жастар құрайды. Олардың арасында қаланың әлуметтік – экономикалық және қоғамдық – саяси өміріне белсенді үлес қосып жүрген патриот, жалынды жастарымыз баршылық. Жақында осы жастарымызды  қолдау мақсатында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 21 жылдығына орай Шымкент қаласының  әкімі жыл қорытындысы бойынша   дәстүрлі  «Үздік» жастар сыйлығымен салтанатты түрде марапаттаған болатын. «Үздік» жастар сыйлығының ережесіне сәйкес түрлі номинациялар бойынша  14-29 жас аралығындағы жастар бағын сынауға қатысты. Үміткерлерді іріктеу жөніндегі  комиссияның ұсынысы  бойынша 20 жас өз салаларында «Үздік» деп танылды. Сонымен Шымкент қаласы әкімінің «Үздік» жастар сыйлығын иеленгендердің тізімін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

    1. «Үздік  оқушы» -- Тастемір  Болатбек.

    2. «Үздік  студент» -- Жақсылық Әлихан.

    3. «Үздік жас ғалым» -- Шажалы Азатжан.

    4. «Үздік жас мұғалім» - - Динара Ешенқұлова.

    5. «Үздік жас ақын» - Әнәпия Нұрғали.

    6. «Үздік әнші тобы» --«Арман» тобы».

    7. «Үздік жас дизайнер» -- Арман Малғайдаров.

    8. «Үздік жас спортшы» --Гаухар Тұрмаханова.

    9. «Үздік  жас тілші» -- Ардақ Жақсылықова.

  10. «Үздік  жастар айдары» - - «Қазақстан – Шымкент» телеарнасының «Жастық жанары» бағдарламасы.

  11. «Үздік жас қаламгер» -- Эльвира Ортаева,.

  12. «Үздік  жас  режиссер» -- Шапағат Орынбаев.  

 13. «Үздік жастар қоғамдық бірлестігі --«Нұр Отан» ХДП Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының «Жас Отан» жастар қанаты.

  14. «Үздік жастар ісі жөніндегі комитет төрайымы» -- Әйгерім Қалдарбекова.

  15. «Үздік жас КТК командасы» -- Мардан Сапарбаев атындағы ОҚГИ «Мардан ұландары КВН командасы».

  16. «Үздік құқық қорғаушы» -- Берік Шойынбаев.

  17. «Үздік жас сарбаз» -- Шыңғыс Назарбеков.

  18. «Үздік жас дәрігер» --  Өнербекова Мәдина.

  19. «Үздік жас кәсіпкер» -- Абзал Зейнетаев.

  20. «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» -- Марат Тәжібаев.

Сапалы маманға сұраныс туады
«Жамбыл Жабаев» енді ешкімге керек болмай жатыр»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу