«Жамбыл Жабаев» енді ешкімге керек болмай жатыр»
Жыр алыбының ескерткішіне жанашыр таппай жүрген түркістандық Әбдіғани Ташметов осылай дейді.
Бірден айтайық, анау-мынау ақпаратқа оңайлықпен таңқала қоймайтын тілші басымыз Түркістан қаласынан қоңырау шалған әкелі-балалы Әбдіғани, Акмал Ташметовтермен тілдескеннен кейін кәдімгідей ойланып қалдық. «Ілгеріде шаруашылық тараған кезде үлесімізге тиген Жамбыл Жабаевтың ескерткішін әлі сата алмай жүрміз. Ескерткішті сатып алуға құлшыныс танытқандардың қойған талабы мен біздің көздеген әрекетімізде көп қарама-қайшылықтың болуынан тығырыққа тіреліп жүрміз» дейді олар. Мәссаған безгелдек! Бұған дейін тараған шаруашылықтардың кеңсесі, техникасы, басқа да сан алуан дүние-мүліктері пай үлесі ретінде елге берілгенін білуші едік, ескерткіштің де бөлініске түскенін естігеніміз осы. Ал ескерткіш еншісіне тигендердің оны сатамыз дегені қай сасқаны? Мәселенің мән-жайын білу үшін Түркістан қаласы Оранғай ауылына арнайы барып, 10 мың долларға бағаланған ескерткішті өз көзімізбен көруге асықтық.
Бұл неғылған ескерткіш дейтін шығарсыздар. Айтайық. Кәдімгі табиғи қызыл тастан (біреулер оны қызыл гранит, енді біреулер базальт дейді) жасалған мүсін. Оранғайлықтардың әңгімесіне қарағанда, алпысыншы жылдары Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербургте) жасалған. Биіктігі шамамен бір жарым метрге жуық. Ең бастысы, ол гипстен немесе керамикадан, не металдан емес, табиғи тастан қашалған. Оның мың жыл өтсе де дәл осылай мұрты бұзылмаған күйі тұра беретініне ойланбастан бәс тігуге болады. Көркемдік жағына келер болсақ, ескерткішті дүмше мүсіншінің қолынан шыққан омбай-домбай дүние деуге қимайсың. Хас шебердің қолынан шыққаны көрініп тұр. Аты-жөні, кім екені белгісіз мүсіншінің осы туындысы үшін көп тер төккенін, жыр алыбы Жамбылдың бейнесін өте тамаша ұқсатқанын айтпай түсінесіз. Егер биік тұғырға қойылса, дүние облыс, аудан орталығындағы “мен” деген талай ескерткішіңізді жолда қалдырары даусыз... Бірақ, тасмүсін Жәкеңнің қазіргі тұрағы Оранғайдағы Ташметовтердің ауласы. Осылай тұрғанына он шақты жылдың жүзі болған.
Енді оның бұл жерге қалай келгеніне тоқталайық:
-Біздің колхозға 1957 жылы Жамбыл атамыздың есімі берілген. Түркістан өңіріндегі атағы дүркіреген Жамбыл колхозы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін өмір сүріп келді. Жыл алыбы, бүкіл ел білетін Жамбылдың есімі берілген соң колхоз төрағалары оның ескерткішін қоюды да ойластырып жүрсе керек. Мына ескерткішті колхозға әкелген кез менің есімде. Шаруашылыққа жұмысқа жаңа кірген кезім еді. Ленинградта жасалыпты деген әңгімені де сол кезде құлағымыз шалған. Неге екенін қайдам, ескерткіш колхоз қоймасында ұзақ жыл жатып қалды. Ол тек сексенінші жылдары колхоз кеңсесінің алдына биік тұғырымен қойылды,--дейді колхозда ұзақ жыл жұмыс істеп, қарапайым механизатордан шеберхана меңгерушісіне дейінгі аралықтағы әртүрлі қызметтерді атқарған Әбдіғани ақсақал.
Оның айтуынша, тоқсаныншы жылдардың басында колхоздың жұмысынан мән кете бастаған. Сол кездегі қиыншылық, бөліну, өндірістік кооператив болып қайта құрылу үдерісі Жамбыл колхозын да айналып өтпеген. Өндірістік кооперативке алғашқыда «Мұрагер» деген атау берілмек болған екен. Алайда, сол кездегі қалалық әкімдіктегі (Түркістан) басшылардың ұсынысымен жаңа кооператив Жамбылдың есімін қайта иеленеді. Бірақ, бұл өндірістік кооперативтің ғұмыры ұзаққа созылмаған. Айналдырған 3-4 жылдың көлемінде ол ұсақ шаруа қожалықтарға ыдырап кетеді. Тарқатылар кезде кооперативтің бар мүлкі оның мүшелеріне үлестіріліп беріледі. Кеңсе алдында тұрған Жамбылдың ескерткіші әуелі Жамбыл кооперативінің меншігіне өтеді, ал бұл кооператив тараған кезде оны алуға ешкім құлық танытпапты.
–Кооперативтен пай үлесі ретінде біреулерге мәшине, біреулерге трактор, біреулерге сиыр бұйырды. Ал, осы шаруашылыққа ұзақ жыл еңбегім сіңген менің меншігіме тигені электр пеш пен осы Жамбылдың ескерткіші ғана,-дейді Әбдіғани ақсақал.—Бәрі де құжат жүзінде берілген. Пай үлесі туралы хаттама, тауардың берілгенін растайтын құжаттама бар. Ескерткіш менің үлесіме тиген кезде одан пайда көрсем деген ниетім болған жоқ. Ол кезде мәдени мұраны ойлайтын заман емес. Әркім өз басымен әлек. Менің бар ойлағаным—ерте ме, кеш пе шаруашылық қайта құрылады, сол кезде оған Жамбылдың атын береміз, ескерткіштің де осы кезде керегі болар дегенмін. Бірақ, бұл үмітім ақталмады. Жаңа шаруашылықтар құрылып жатты. Олардың бірі төрағаның атасының атымен, бірі баласының атымен аталып кете барды. Жамбылдың есіміне ықылас танытқан ешкім болған жоқ. Ал, ескерткіштің өзі сол баяғы колхоз кеңсесінің алдында тұра берді. Қариялар жағы «мұндай дүниелерді орнынан қозғауға болмайды» деген соң, оны ары-бері жылжыту да ойымызда болған жоқ. Сөйтіп жүргенде... Жаңылыспасам, 2002 жылы ғой деймін, «Жамбылдың ескерткішін Түркістаннан келген сәулетшілер айналшықтап жүр» деген әңгімені құлағым шалды. Бұл кезде колхоздың кеңсесі бұзылып, орнына дүкен салынып кеткен. Ескерткіш те жетімсіреп, жоғалып кетудің алдында тұрған. Жоғарыдағы әңгіме менің күдігімді күшейтіп жіберді. Содан біржолата айрылып қалмау үшін ескерткішті үйге, әдейілеп үй іргесіндегі терезенің түбіне әкеліп қойдырттым. Өзі зіл батпан екен (шамамен 1 тоннаға тартады-ау), арбаға 12 адам әрең көтеріп салдық,--дейді Ә.Ташметов.
Осында тапжылмастан он бір жыл тұрған ескерткішке қызығушылық танытқандар көп болыпты.
-- «Жамбылдың ескерткішін бізге сат» деген адамның қарасы көп. Бірақ, олар ескерткішті материалына бола сұратады. «Мынанша теңге береміз, арғы жағын сұрама, не істеу қажеттігін өзіміз шешеміз» дейді. Мен бұған келіспеймін. Қаншама жылдан бері күзетіп жүрген ескерткіштің ендігі тағдырын неге сұрамауым керек?! Жамбыл менің түсінігімде қасиет дарыған, кие қонған арқалы ақын. Құдай жүз жасты да да тегін адамға бермейді ғой. Егер ескерткішті үлкен алаңға, мәдени нысандардың алдына қою үшін аламын деушілер табылып жатса, сатамын. Құнын шамамен 10 мың доллар деп отырмыз. Ал, бұзып, басқа дүние жасаймын дегендер аулақ жүрсін. Жамбылдың киесімен ойнауға болмайды,-- дейді Әбдіғани ақсақал.
10 мың доллар деген де ақсақалдың ойынан шығарған бағасы емес екен. Ұлы Акмалдың айтуынша, осыдан біраз уақыт бұрын жоғары оқу орнының ғалымдары ескерткішті сатумен айналысып, сатып алушыларды интернет арқылы іздестірген екен. Ақыр аяғында олар Санкт-Петербургтегі Эрмитаждың ескерткішке қызығушылық танытқанын айтып, «егер 10 мың долларға берсеңіз аламыз» дегенді айтыпты. Алайда, олар мұндай тауарды шекарадан алып өтудің машақат екенін білгеннен кейін, айнып қалған. Бір жолы жергілікті жерден Мәжіліске сайланған депутат ескерткішті сатып алып, Түркістандағы көрнекті жерге қоймақ болыпты. Бірақ, бұл бастама да аяқсыз қалған. Мәселеге жергілікті партиялар, қоғамдық ұйымдар, прокуратура да араласқан. Кейбір заңды білетіндер «ескерткішті мемлекетке тегін бер, сонда оны осыншама уақыт сақтап келгенің үшін қомақты қаржы аласың» деген кеңес айтыпты. Бірақ, айтылған сөз, берілген уәде сол күйі жүзеге аспай қалып қойған.
Заманында дәл Жамбыл сияқты әспеттелген тұлғаны қазақ тарихынан кездестіре қоюыңыз екіталай. Жамбыл есімі облысқа берілген бірден-бір тұлға. Оның есімімен аталатын екі аудан бар. Жамбылдың есімін еншілеген ауылдардың санын дәл айту мүмкін емес. Бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде оның атында бірнеше ауыл, біз білетін 2-3 мектеп бар. Кезінде Жамбыл атындағы колхоздар да аз емес еді... Мұны неге айтып отырмыз? Жыр жампозы, жырларымен кезінде бүкіл одаққа танылған ақынның ескерткіші ұмытылып, назардан тыс қалып кете беретін дүние ме еді? Егер оны Әбдіғани ақсақал сақтап қалмағанда қайтер еді?! Айтқандай, дәл осы Түркістан өңірінде, Оранғай ауылына таяқ тастам жердегі Ескі Иқан ауылында орнатылған Сталиннің ескерткіші 50 жылдан астам уақыттан бері әлі қасқайып тұр. Кезінде оны алып тастамақ болған екен. Бұрынғы колхоз белсенділері, ауыл ақсақалдары трактордың алдына тұрып алып, бұздыртпапты. Біз үшін Сталин кім, Жамбыл кім? Жыр алыбы, ұлт мақтанышы Жамбылды жоқтайтын не шенеуніктің, не ұлт жанашырының табылмағаны ма?
...Өмір деген қызық емес пе? Бүгін төбемізден қасқайып қарап тұрған тасмүсіндер ертең біреулердің ауласынан табылып жатса...Мұны тағдыр дейміз бе? Дәлірегі, біздің тарихи тұлғаларға деген құрметіміздің сиқы осы болғаны ғой. Сіз бұған не дейсіз?
Мұрағаттан: 04.04.2013